7 сынып оқушысы Олжас Сәрсенғали теңіз толқынынан энергия алудың тың тәсілін ойлап тапты. Облыстық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» балалар байқауында топ жарған ол енді жобасын республикалық деңгейде қорғамақ.

Теңіздер үзіліссіз үлкен мөлшерде электр энергиясын өндіреді және оның қоры таусылмайды. Ұзындығы шамамен 5 км жағажайда 1 сағатта бөлінетін электр энергиясы 10 миллиард Джоульді құрайды. Бұл 500 үйді энергиямен қамтамасыз етуге жеткілікті екен.

— Олжас 5 сыныпта емтихан нәтижесімен Қызылтөбе лицейіне оқуға түсті. Үздік оқушының жаратылыстану бағытына деген қызығушылығы өте жоғары. Тапсырмаларды ынтамен орындайды, ғылыми жобаларға ұмтылысы жақсы. 5 сыныбында «Оқушының электронды карточкасы» деген жоба бойынша «Зерде» сайысына қатысты. Аудан, облыс көлемінде бірінші орын алып, республикалық кезеңнен үшінші орынды иеленді. Ол кезде оқушының электронды карточкасының турникеттен өтуден өзге тиімділіктерін қарастырды.  Карточкаға бонустар құю арқылы асханадан тамақтану, баланың тамақтанғаны жөнінде ата-анаға смс хабарлама түсіп тұруын қамтамасыз ететін қосымшаларын жобаға негіз еткен еді, — дейді Олжастың жетекшісі Қарлығаш Сүлейменова.

Олжас 6 сыныпқа келгенде макетпен жұмыс істеуге үлкен қызығушылық танытқан. Қарлығаш апайы екеуі қыркүйек айынан бастап осы теңіз толқынынынан энергия алу жобасына кіріседі. Сол бойынша зерттеп, мұндай әдістің қанша мемлекетте бар екенін қарастырған. Толқыннан энергия алудың бірнеше тәсілі бар, соның ішінде Каспий теңізіне тиімді тәсілін таңдап, өз макеттерін ұсынады.

Білімге құштар үйінің тұңғышы өскенде инженер болуды армандайды.

— Дарынды балалармен кездесуде, тамыз конференциясында екі рет облыс әкімімен жүздесті. Ералы Лұқпанұлы Олжастың осы жобасына ризалығын білдіріп, сәттілік тіледі. Жалпы жоба көпшілікке ұнады, оң пікірлерін айтты. Болашақта кәсіпкерлер қолдап жатса, жаңартылған энергия көзі қолданысқа енеді деп ойлаймын. Бұл жобаның әлі де толықтыратын тұстары көп, әлі де зерттеу үстінде. Электр стансасын Каспий теңізінің қай маңайында орналастыруға болады және оның тиімділігі неде? Республикалық кезеңге барғанда осы тұстарына тереңірек тоқталатын боламыз, — дейді Олжастың жетекшісі.

Республикалық кезеңге жолдама алған олар жобаны қараша айында Қарағанды қаласында қорғайды. Сәттілік тілейміз!!!

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН