қыркүйек

Биыл Ақтауда жыл сайын өтетін «Aktau Open Fest» дәстүрлі фестивалі болмайды, оның орнына кең көлемде Каспий маңы елдері жастарының Халықаралық форумы ұйымдастырылады. Форум 21-23 қыркүйек күндері өтеді.  Сондай-ақ, Ақтау қаласының күні де осы күндерге тұспа-тұс келмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен талқыланды.

– Форум Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Әзербайжан Республикасына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы бойынша ұйымдастырылады. Маңғыстау – тарихи орындар мен киелі жерлер көп шоғырланған аймақ. Туризмді дамытуда мұндай форум өткізудің маңызы зор. Үкімет тарапынан, демеуші компаниялардан форумға бөлінетін қаражатты қарастырып жатырмыз. Әзірге 3 күн бойы өтетін жастар форумына кететін қаржы сомасы белгісіз, — деді Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Қ. Берішбаев  22-23 қыркүйек күндері қала күндері атап өтілетінін жеткізді. Мереке күндері белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның  жыр кеші, жергілікті қылқалам шеберлерінің «Саған арнаймын» көрмесі, сондай-ақ спорттық шаралар өтуі жоспарлануда.

«Aktau Open Fest» фестивалінің биыл жалғасын таппауы көпшілік маңғыстаулықтар үшін таңғаларлық жаңалық болған еді. Брифингте фестивалдің басты ұйымдастырушысы Самсон Аракелян биыл да бұрынғы форматтағы спорттық жарыстар мен мәдени шаралар өзгеріссіз өтетінін атап өтті.

– Бұдан астар іздеудің қажеті жоқ. Журналистердің сауатты болуын өтінемін. Қандай да бір шара ұйымдастыру үшін ҚР Мемлекеттік сатып алулар қызметі ашық түрде жұмыс істейді. Кез келген қоғамдық ұйым фестивалді ұйымдастыра алады, — деді ол.

Тағы оқыңыздар: 2GIS Ақтауға жеткенімен, қазақша әлі «сөйлеген жоқ»

Сонымен, Форум шеңберінде төмендегідей іс-шаралар өтеді:

  • «Caspi Leader Camp» — лагері Қазақстанның көшбасшы жастарына оқыту пікір-алмасу алаңы, Қазақстан-Әзірбайжан елдерінің жастар ұйымдарының өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі, форумның пленарлық отырысы мен панельдік сессиялары;
  • TEDx форматында танымал көшбасшылар мен сарапшылардың пікір алмасулары,
  • «Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне тур;
  • АРТ жастар фестивалі;
  • ақындар мүшәйрасы;
  • Маңғыстау облысы әкімінің кубогі үшін «Жайдарман» сайысы, «Брейк данс», «Воркаут», «Баскетбол 3Х3» спорттық-мәдени шаралары;
  • Маңғыстау облысы әкімдігінің «Ұлы дала қаhармандары» атты халықаралық панкратионнан турнир т.б.

Бұдан бөлек, қала күндерінде өңірімізде Қазақстан эстрада жұлдыздарының басын қосатын «GAKKU» дауысы фестивалі өтетін болады.

Айгүл ДӘДЕН