1  қыркүйек — білім  мерекесі  күні барлық мектептерде салтанатты түрде өтіп, алғашқы қоңырау үні сыңғырлады.

Ал, Құрық орта мектеп-гимназиясына ауыл әкімі Қ.Құсайынов бастаған бір топ ел ағалары барып, жиналған қауымды мерекесімен құттықтады. Гимназия ауласы мерекеге  сай әсем безендірілді.  Салтанатты жиынға  Қазақстан Республикасының Туы  келтіріліп, Әнұран ойналды. Мектеп табалдырығын  алғаш аттағалы тұрған 1-сынып бүлдіршіндерін салтанатты жиынға кіргізу рәсімі өткеннен соң, алғашқы сөз кезегі Құрық орта мектеп-гимназиясының  директоры К.Түгелбайұлына берілді. К.Даурбаев өз сөзінде Құрық орта мектеп-гимназиясының өткен оқу жылдық қорытындысы бойынша жеткен жетістіктеріне жеке тоқталып, гимназия ұжымы мен оқушыларына алғыс білдірді. Сонымен қатар ұстаздар мен оқушыларды  мерекелерімен шын жүректен құттықтап, алғашқы қоңырау жиынын салтанатты түрде ашып берді.

Тағы оқыңыздар: 2GIS Ақтауға жеткенімен, қазақша әлі «сөйлеген жоқ»

Мерекеге арнайы келген ауыл әкімі Қ.Шамұлы, мәслихат депутаты Қ. Көшенов, аудандық білім беру бөлімінің маманы А.Жорасовалар  шәкіртттер мен жиналған көпшілікті білім саласындағы соңғы өзгерістермен таныстырып, өздерінің  жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Бұдан соң мектеп оқушылары Мадияр мен Данияр Наурызғалиұлдары «Ассаламағалейкүм» атты әнін  орындап бергеннен соң Құрық орта мектеп-гимназия директоры К.Түгелбайұлы өткен жылы жетістікке жеткен жеңімпаздарды «Алғыс хатпен» марапаттады. 11-сынып оқушысы А.Нұралынов пен 1-сынып оқушысы А. Шегебаева рәсім бойынша алғашқы қоңырауды соқты.

Жиын соңында 1-сынып жетекшілері Б.Бектілеуова, А.Көшерова, А.Шегебаева, Н.Нұрғалиева. Ұ.Қаламбаевалар мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған шәкірттеріне алдағы уақытта білім алатын орны — сынып бөлмелерін таныстырды.

Майра ТӨЛЕУОВА