Жастар бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері. Қай уақытта да елдің болашағы, елдің ертеңі, елдің тірегі — жастарға деген үлкен сенім өз тұғырынан түскен емес.

Жастар — еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда, болашағы зор, қоғамның маңызды бөлшегі. Тәуелсіздік жылдарында қазіргі заман шарттарына жаңа көзқараспен қарайтын жастар пайда болды. Жастар еліміздің даму және демократиялық жаңару үрдістеріне белсене қатысып келеді. Осыған қарап, тынбай талаптанып, үзбей ізденіп, ерінбей еңбектеніп жүрген жалынды жастардың қатары көбейгенін байқаймыз.

Тағы оқыңыздар: Жомарт жандарға алғыс

Дәстүрлі Каспий, Жастар және Спорт күндеріне орай 22-23 тамыз күндері Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығы  мен «Жасыл ел» жасағында еңбек етушілердің  ұйымдастыруымен ауданға қарасты Құланды, Құрық елді мекендерінде көпшілік жастар шаралары өтті. Мәдени-спорттық шараларға жоғарғы сынып оқушылары, орта, жоғарғы оқу орындарының студенттері мен жұмысшы жастар қатысты.

Кешкі сағат жеті жарымда орталық алаңдарда спорттық шаралар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары — қол күресі, гір тасын көтері, арқан тартыс, асық ату, стритбол т.б. жарыстарға қатысып, күштерін сынады.

Бұдан соң жастардың мерекелік шоу-бағдарламасы жалғасты. Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Е.К. Күмісқалиев, сонымен қатар Құланды ауылының әкімі С.Т. Төкенов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Мерекенің  соңы жастардың  би кешіне жалғасып, іс-шара от шашумен аяқталды.

Гүлжан ЖАУЫМБАЙҚЫЗЫ,

Аудандық жастар ресурстары орталығының қызметкері