«Рухани жаңғыру» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы мүшелері Маңғыстау облысына ат басын тіреп, Жаңаөзен тұрғындарымен кездесті. Олардың қатарында ұлттық құндылықтарымыздың бірі — айтыс өнерін насихаттаушы ретінде танымал азамат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иесі, бірнеше кітаптың авторы Жүрсін Ерман, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Болат Шарахымбай бар.

Жазушылар Одағының мүшелерін қалаға кіре беріс қақпадан қала әкімі Е.Әбілов, қалалық мәслихат хатшысы С.Мыңбай, қала әкімінің орынбасары И.Сағынбаев күтіп алды. Іс сапар «Неке сарайында» орналасқан кәсіпкерлікке қолдау орталығының залындағы кездесуге ұласты. Жаңаөзендіктер атынан қонақтарға қош келдіңіздер айтқан Сақи Еңсепұлы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ой-толғауы ұлттық құндылықтарымыз, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы баяндалған мақала екендігін айтып өтті.
Н.Назарбаев: «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс — біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деді.

ҚР Жазушылар Одағының мүшелері Жүрсін Ерман мен Болат Шарахымбай да Елбасы еңбегінде көтерген рухани жаңғырудың қажеттілігі, оның болашаққа бағдар екендігін атап көрсетті. Президент: «Алдағы онжылдықтың ұраны — прагматизм», – деді.
— Ол дегеніміз — уақытты үнемді пайдалану, болашақты жоспарлай білуге бейімделіп, ұстамдылық, қарапайымдылық сияқты қанға сіңген қасиеттерді қайта түлету. Рухани жаңғыру үшін ол ауадай қажет, — деді ақын Б.Шарахымбай. Сөз алған ауыл ақсақалдары Б.Ербақы, А.Айдаров аталық тілектерімен қолдау білдіретіндігімен бөліссе, айтыс ақыны, мұнайшы-жайдарманшы, қалалық мәслихаттың депутаты А.Қалбаев ақын ағаларына жыр арнады. Үкіметтік емес ұйым төрайымы Р.Мұқашева да қонақтарға жылы лебізін білдірді.

Кездесуді қорытындылаған қалалық мәслихат хатшысы С.Мыңбай елдің біртуар ақындарына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Еркеназ Шамина