Мінекей, тағы бір оқу жылы аяқталып, балалар асыға күткен жазғы демалысқа шықты. Жыл бойы зейіні мен зердесін оқып- тоқуға арнаған балалар алаңсыз демалуға кірісті. Жадыраған жаз шығысымен балалардың уақытын тиімді өткізуді, ойын сергітуді, көңілін шаттандыруды, денсаулығын нығайтуды, білімін кеңейтуді ұйымдастыратын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы өз қызметкерлерінің балаларын, немерелерін «Алау» сауықтыру лагеріне жіберуді дәстүрге айналдырған. Осы үрдіс бойынша биыл «Алау» балаларды сауықтыру лагері 30-шы жыл құшағын айқара ашып, балалардың алғашқы легін қабылдады.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

Балаларға арналған жазғы демалыс орнының жаңа маусымының ашылу салтанатына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрайымы Қымбат Иманқұлова, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы кәсіптік одағының төрағасы Тарғын Нұралыұлы және ата-аналар, балалар, демалыс орнының ұжымы және БАҚ өкілдері қатысты.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

Айналасы жасыл желекпен көмкерілген, ауласы мұнтаздай таза, теңіз жағасындағы «Алау» сауықтыру лагерінен балалардың шаттыққа толы күлкісі естіліп, қуаныштың лебі естіп тұр. Әсем безендірілген алаңда қызылды-жасылды киінген мерекелік көңіл-күйдегі балалар қатар-қатармен сап түзеген. Сахнаға ертегі кейіпкерлері шығып, балаларды ертегілер әлеміне елітіп әкетті. Жас шамасына қарай топ-топқа бөлінген балалар топтарының атын айтып, ұрандарымен таныстырып өтті.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

–Құрметті, балалар! Сіздерді өткен балаларды қорғау күнімен және жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын! Демалыс орны осыдан 30 жыл бұрын «Маңғыстаумұнайгаздың» және жұмысшылардың күшімен ашылған болатын. Осы уақыттың ішінде мыңдаған бала демалды. Сол демалған балалар ер жетіп, отбасын құрып, ата-ана болды. Қазіргі таңда олардың балалары тынығып жатыр. Биыл алғашқы лекте 260 бала, осы маусымда 1300 бала демалады. Мұнда балалар күніне 5-6 мезгіл тамақтанады. Бұрын бір маусымда 900 бала демалатын. Осы жаз мезгілінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұйымдастыруымен 1889 бала жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізеді. Компания биыл Шымкенттегі, Қостанай мен Бурабайдағы демалыс орындарында да жұмысшылардың балаларын жібереді. Жазғы демалыстарыңыз қызықты, көңілді өтсін. Мұнда демалып қана қоймай, қызығушылықтарыңызға қарай түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев жиналғандарды демалыс орнының жаңа маусымының ашылуымен құттықтап, балаларды шараларға белсене қатысуға, уақытты тиімді пайдалануға шақырды.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

Салтанатты сәтте балалар ән салып, әсем әннің толқуында би биледі. Тәрбиешілікке жұмысқа келген колледж студенттері флеш-моб билеп, шараның шырайын келтіре түсті. Балалар ата-аналарымен тәрбиешілерімен бірге «Алау» демалыс орнының әнұранын шырқап, естелік суретке түсті. Мерекелік шара соңы би кешіне ұласты.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

–Мен биыл осы лагерьге 2-ші рет келдім. Ақтау қаласында тұрамын. Сабақты жақсы оқып, ата-анамның үмітін ақтадым. Әжем мұнай саласында жұмыс жасайтындықтан, маған осында демалуға мүмкіндік берілді. Өте қуаныштымын. Мұнда өзім сияқты ұл-қыздармен танысып, жаңа достар тауып жатырмын. Бүгін ашылу салтанатында ән салып, көпшіліктің қошеметіне бөлендім. Алдағы уақытта да әртүрлі шараларды ұйымдастыруға, өткізуге атсалысамын, – деді Жансая Орынбасар.

Балалар демалыс кезінде «Ақтау» халықаралық теңіз-сауда портына», «Қазақ Бекіре» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорнына және басқа да өндірістік орындарға барып, қаланың көрікті жерлерін аралайды.

«Алау» лагерінің жаңа маусымы ашылды

–Мен үлкен ұлым Рахманды жыл сайын осы лагерге жазғы демалысқа жібереміз. Тәрбиешілеріне үлкен сенім артамыз. Әжесі мұнай саласында жұмыс жасайды. Сондай-ақ осында ағайын сіңлім мен інім де демалуға келді. Балаларға ұнайды деген сенімдемін. Теңізге, бассейнге шомылып, спорттық шараларға, ойындарға, байқауларға белсенді қатысады деген ойдамын. Балаларымыздың балалық шағы ұмытылмастай әсерлі өтсін!, – деді Әзиза Болатханова.

Осылайша, «Алау» сауықтыру лагерінің 30-шы маусымының ашылуы балаң көңілдерге шаттық сыйлап,қуаныш пен қызыққа толы күндері басталып кетті.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ