Жақында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай №25744 әскери бөлімде республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.

Отанға қорған, халыққа қалқан – әскери жауынгерлердің өмірімен етене танысып, қызметінің қыр-сырына қанығуға мүмкіндік беретін «Айбын» республикалық жастар жиынына облыс бойынша 7 әскери-патриоттық клубы қатысты. Олар аудандық іріктеу сайыстарында үздік нәтижелерге жетіп, жеңіс тұғырынан көрінген мықтылар. Әскери-патриоттық жарыста 100-ден астам оқушы пневматикалық қарудан оқу ату, белтемірде тартылу, 100 метр қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, арқан тарту, газтұтқыш пен жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, АК-74 автоматынан 100 метр қашықтықтан оқ ату, қаруды бөлшектеу мен қайта жинаудан жарысқа түсіп, спорттық қабілеттерін көрсетті.

— Жылдамдық пен ептілік, төзім мен күш сынға түскен республикалық «Айбын» жастар жиынында жоғары ұпайлар жинаған жеңімпаздар Қарағанды қаласында өтетін форумға жіберіледі. Мектептерде АӘД пәнінен бөлек әскери-патриоттық клубтар құрылып, жұмысын бастады. Жергілікті әкімшіліктің қаржы көмегімен оқушылар әскери киіммен қамтамасыз етілген. Жастарды отансүйгіштікке баулып, халқын, жерін сүюге, аялауға шақыру – осы клубтардың басты мақсаты,-деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Сейіткерім Арапбаев.
Жарысқа қатысушылар әскер сарбаздардың қоян-қолтық ұрыста қолданылатын күрес тәсілдерін, мылтық қолдану арқылы жасалған әскери қимылдарын тамашалады. Онымен қоса оқушылар қару-жарақтармен танысып, әскери қызметке қызығушылығын білдірді. Оның ішінде Мұнайлыдан келген Дәулетбай да бар.
-Аудандық әскери сайыста газтұтқыш киюден жеңіске жетіп, жастар жиынына жолдама алдым. Мұнайлыдан 20 адам болып келдік. Егеменді еліміздің туын асқақтатып, халық тыныштығын күзеткен сарбаздардың бір күндік тіршілігімен танысып, жалынды жастар жарысында күшімізді сынадық. Болашақта отан қорғаушылар қатарын толықтыратын біздер үшін жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бір күн болса да, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын көріп, керемет әсерге бөлендік,-дейді Мұнайлы ауданы №9 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Дәулетбай Балғожаев.

уландар3

уландар1

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор