Президент Ақтауда

Бакуге жасаған ресми сапарынан кейін түбекке табан тіреген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңыздағы нысандардың ашылуына қатысып, жұмысымен танысты. Сейсенбі күні облыс орталығында Маңғыстау өңірінің жұртшылығымен кездесіп, аймақтың алдағы даму бағытын талқылады. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, оның орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, мемлекеттік мекеме мен департаменттердің, өндірістік компаниялардың басшылары, мәслихат депутаттары, жастардың өкілдері және әртүрлі саланың мамандары қатысты.

Жиында алғысөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы киелі Маңғыстау өңірінің халқымен қауышқанына қуанышты екенін жеткізді. Дүние жүзінде болып жатқан дүрбелең оқиғалар, жер- жаһандағы қаржылық- экономикалық өзгерістер біздің елге де ықпалын тигізетінін, мұнай бағасының құлдырауы салдарынан бір жылдың ішінде бюджетке түсетін қаржы 3 есеге төмендеп кеткенін айтты.

– Тәуелсіздік жылдарында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдің экономикасы қарқынды дамыды. Тәуелсіздік алғаннан бастап жалпы өңірлік жалпы өнім 32 есе өсті. Жалпы өнім жан басына шаққанда 3,5 млн.теңге болды. Бұл – Қазақстандағы ең жоғарғы көрсеткіш. 2016 жылы өңірге 400 млрд.теңге инвестиция тартылып, 2000 жылмен салыстырғанда 12 есеге артты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған жолдар ұрпағымыздың болашағына қажет. Маңғыстаудағы орташа еңбекақы – 275 мың теңге, яғни еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Демографиялық өсім жағынан көш бастап тұрған Маңғыстауда жылына 20 мың бала өмірге келеді. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің тартуы. Тәуелсіздік жылдарында облыс тұрғындарының саны екі есеге артып, 640 мыңнан асты. Осы уақытта Маңғыстау өңіріне 125 мыңнан аса қандасымыз оралды. Өткен 25 жылдың ішінде денсаулық сақтау саласының нысандары 2,5 есеге, мектептер 2 есеге өссе, 230 балабақша салынды. Маңғыстаудан теміржол, автокөлік жолы, әуе жолдары ашылып, өңірдің тынысы кеңейді. 2020 жылы біз жүк тасымалдаудан 5 млрд. доллар қаржы түсіреміз. Сөйтіп, жолға, портқа салған қаржымызды қайтарамыз. Ақтаудан қазір Парсы шығанағына, Ресейге, Әзірбайжанға, Иранға жол ашылды. Әзірбайжанмен тауар айналымы 5 есеге өсті. Көршілермен қарым- қатынасымыз жақсы болуы керек. Маңызды транзит торабы ретінде Маңғыстау өңірі өркендейді. Мұнай мен газ саласы дами береді, дегенмен өңдеу жағына қарай көшуіміз қажет, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

ed6ec6cd7995b75fd8af1f6e14d5a474

Басқосуда облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақтың әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінен хабардар етті.

– 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі индикаторлары тұрақты деңгейде сақталды. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, өңірге инвестиция тартуға, өңдеу салаларын дамытуға ден қоюды жоспарлап отырмыз. Барлық бағытта 100 млрд. теңге инвестицияға 20- дан аса жобаны іске асыруға жұмыстанамыз. Аймақты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Өңірде 2020 жылға қарай тіршілік нәріне қажеттілік тәулігіне 70 мың текше метрге жетеді. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Каспий су тұщыту» зауыты жаңғыртудан өтуде. Кендірлі мен Құрық ауылында жаңа су тұщыту зауыттарын салуға байланысты инвесторлармен келіссөздер жүргізудеміз. Осы жобалар жүзеге асса, су өндіру көлемін тәулігіне 125 мың текше метрге жеткізу жоспарланып отыр, – деді аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы.
Осы сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құм мен тасты, өзен сулары тартылып қалса да ғылым мен білімнің арқасында шаруашылығын дамытып, біздің елімізге көкөніс өнімдерін импорттап отырған Израиль мемлекетін мысалға келтірді. Маңғыстауға жылыжай салуды, суды үнемдейтін тамшылата суару әдісін қолданып, егін шаруашылығын дамытуды тапсырды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жуырда Ұлыбританияның «Global Project Capital Ltd» компаниясымен меморандумға қол қойылғанын, алғашқы кезеңге 500 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлінетінін хабарлады. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржы құятын инвесторларға қолдау көрсетілу қажеттігін айтып, оларға сынмен қарауды, ниет- пиғылына баса мән беруді, ішкі жағдайға ден қоюды тапсырды.

Баяндама тыңдалған соң, кездесуге келген әртүрлі саланың өкілдері сөз сөйледі. Өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқали әлем мемлекеттерін, еліміздің барлық өңірлерін аралап, Қазақстанның әлеуметтік- экономикалық жағдайын жақсартуға, халқымыздың әл-ауқатын әлдендіруге жұмсаған Елбасының зор еңбегіне облыс тұрғындары атынан алғыс айтты.

– Маңғыстау өңірі сіздің назарыңыздан ешқашан да тыс қалып көрген жоқ. Өзіңіз айтқандай, бұрын бұл түбекке жету қиямет- қайым еді. Сіздің тапсырмаңызбен мыңдаған шақырым теміржол, тақтайдай тас жол салынып, әуе қатынасы ұлғайды. Ең бастысы елімізде бірлік, халқымызда татулық салтанат құрды. Қазақстан тыныштықтың, бірліктің, сізге деген зор сенімнің, сарабдал саясатыңыздың арқасында дамып, бүгінгідей күнге жетті. Елдердің қақтығысын шешудегі сіздің бітімгершілік рөліңізді дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары мойындады. Бұл – еліміздің, сіздің беделіңіз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Маңғыстау халқы сіздің Жолдауыңызды, жақында қабылдаған Конституциялық реформаңызды бірауыздан қолдап, нақты істеріңізге, өлкеміздің дамуына сіңірген зор еңбегіңізге алғысын білдіреді , – деді ол.

Теміржол саласында 40 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Табылды Әміров 25 жылдың ішінде мемлекетімізде 2 мың шақырым теміржол салынғанын, мұндай іс ТМД елдерінде болмаған жағдай екенін атап өтті. Республиканың көлік кешеніндегі маңызды қатынас құралы, инфрақұрылымындағы басты буын теміржолдың салынуы ел мен жерге жан бітіргенін, осы арқылы өлкеміз төрт жолдың торабына, батыс өңірдегі логистикалық орталыққа айналғанын жеткізді. Оның айтуынша, Өзен мен Болашақтың, Бейнеу мен Шалқардың арасында 449 шақырым теміржол, 20 бекет, 4 елдімекен салынған. Жол бойын мекендеген халықтың, теміржолшылардың алғысын жеткізген Табылды Әміров олар алдағы уақытта ел экономикасының өркендеуі үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.

Елбасы Н.Назарбаев Жезқазғаннан Бейнеуге дейінгі бетпақ далада теміржол салу Кеңес Одағы кезінде ешкімнің ойына келмегенін, ол уақытта жолдардың бәрі бір бағытта болғанын жеткізді.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілінде сабақ беремін, жатақхана меңгерушісімін. Мектебімізде еліміздің 12 қаласынан келген 55 жас мұғалім жұмыс жасайды. Сіз Жолдауыңызда адам капиталының сапасын жақсарту басымдығында білім саласына тоқталдыңыз. Биыл біздің мектебіміз алғаш рет түлектерін ұшырады» деген Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Нана Келехсаева Елбасының бірқатар сұрақтарына жауап беру кезінде аудан- ауылдардан келген 132 оқушы жатақханада тұратынын, олардың білімді, талантты, жан- жақты екенін жеткізді. Биыл 87 оқушы мектеп бітіретінін, оның 3- і Гонконг университетіне грант жеңіп алғанын, 37-і Назарбаев университетіне түсуге емтихан тапсырғанын хабарлады. Үш тілді меңгерген жас мұғалім жуырда қазақ отбасына келін болып түскенін айтып, Елбасын тамыз айында өтетін тойларына шақырды.

Елбасы Н.Назарбаев жас отбасын қуанышымен құттықтап, зияткерлік мектептерге тамыр- таныссыз таңдап алынған дарынды оқушылар ең үздік жоғары оқу орындарында оқитынын айтып, болашақта олар ел тұтқасын ұстайтын мамандар болатынын жеткізді.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, халықаралық «Жемчужина» жобасының жетекші инженері Ержан Әбілханов жаңа ғылыми жобалардың жүзеге асуына қалай жұмыстанғаны туралы әңгімеледі. Осындай игі істерімен қоса ет-сүт өндірумен айналысатын маман 5 баланың әкесі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ержанның жастарға үлгі екенін айтып, оның қызметіне сәттілік тіледі.
Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша төрайымы Сәуле Жақаева қауымдастықтың жұмысынан, атқарған қызметінен, өңірде нәзік жандылардың бизнестегі рөлінен хабардар етті. Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандина өңірдің жастары белсенді екенін айтты. Елбасы Н.Назарбаев жастар тартынбай, қол қусырып отырмай, кәсіпкерлікпен шұғылдануы қажеттігін қаперге салды.
«Құрметті, Жоғарғы бас қолбасшы мырза! Мен ТМД елдерінің ішінде әскери- теңіз күштерінде қызмет атқаратын тұңғыш қыз баламын. Өткен жылы Ресей Федерациясында өзіңіз атын берген «Атамекен» құрғақ жүк кемесін суға түсіру салтанатына қатысып, кіндік анасы атандым. Сондай-ақ Ресейде өткен жаттығулар барысында әскери қызметшілер әскери- теңіз күштерінде қызмет етіп жүрген қазақ қызын көріп, таңғалды, менімен танысты. Қазіргі таңда менімен бірге 30 қазақ қызы қызмет етеді. Бұл – бізге деген сенім мен құрмет» деген Жанар Ибраева Қазақстанның қорғаныс саласындағы тұңғыш адмирал қыз болуды армандайтынын жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Жанар Ибраеваға бұл арманына жететінін айтып, қызметіне табыс тіледі.

Түрікменстан елінен атамекенге 2004 жылы қоныс аударған Құлжан Егізқараев өзі тұратын Мұнайлы ауданында халықтың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалғандығын айтып өтті. Бүгінде 8 ұл- қызынан 27 немере-жиен сүйіп отырған Құлжан Егізқараев тағдыр тәлкегімен өзге елге қоныс аударған қандастарды Отанына оралтуға мүмкіндік берген Елбасыға алғыс айтты.

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дың ректоры Әділбек Ботабековтен жоғары оқу орнының қазіргі жағдайы, кадр дайындау мәселесі, ғылыми жұмыспен шұғылдану, университеттің рейтингі, бітірген жастардың қанша пайызы жұмысқа орналасқандығы туралы сұрады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталған жоғары оқу орнының деңгейі көңіл көншітерліктей емес екенін, ғылыми мақалалардың маңыздылығы төмен екенін, ұстаздарға жайлы жағдай жасалуы қажеттігін назарға берді.

Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов ауданның қазіргі ахуалы туралы, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов облыс орталығының дамуы жөнінде баяндады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласының сыртқы көрінісінің көріктілігіне, сәулетіне көңіл бөлу керектігін ескертті.

– Қаладағы жаңа шағынаудандарды араладым, үйлердің бәрі бір- біріне ұқсайды. Жасыл желек, ағаштар жиі өспейтіндіктен, үйлер сән- салтанатымен ерекшеленіп тұруы тиіс. Қаланың сәулеттік дамуының бас жоспары болуы керек. Көшені көгалдандырып, шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Қалаға демалуға келген халыққа жағалаудан арнайы демалыс орны салыну қажет. Маған айтқан ақжарма лебіздеріңізге алғыс айтамын. Бейбітшілік, тұрақтылық, татулықта өмір сүріп жатқан елімізді әлем елдері мойындады. Сондықтан да маңызды шаралар өтетін мекенге айналды. Білім мен ғылымды, қаржыны, инвестицияны сала отырып, индустрияны дамытып, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыруымыз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы үшін бірігіп еңбек етейік, – деді жиынды түйіндеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттер akorda.kz