турнир дзюдо

Екі күн бойы облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залы жанкүйерлерге лық толып, дзюдо күресімен тыныстады. Екінші күні турнирдің шымылдығын ашып, түндігін түрген 2002-2004 жылы туған балуандарымыз 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы, 50 келі салмақта Төрекен Қобыланов, 36 келі салмақта Ботагөз Мінажаддин, 52 келі салмақта Маржан Каналиева, 40 келі салмақта Айгерім Еламанова, 48 келі салмақта Айкүн Рахметова, 63 келі салмақта Мадина Теңелбаева алтын медальдің иесі атанып, жерлестеріне жеңіс сыйлады.

— Республикалық жарысқа алғаш рет қатыстым. Өз салмағымда жеңімпаз атанып, алтын медальдің иеленгеніме өте қуаныштымын. Жарысқа дайындаған бапкерім Ерлан Байысбай ағайыма, маған қолдау көрсеткен жерлестеріме ризашылығымды білдіремін,-дейді Ботагөз Мінажаддин.

Жүректілер мен білектілердің айқасында облыс балуандары 4 күміс және 17 қола медальдарға ие болды. Осылайша командалық есепте 13 алтын, 9 күміс және 31 қола медальдармен бірінші орынды Маңғыстау облысы еншіледі. 4 алтынмен Грузия мемлекеті екінші орыннан көрінсе, 3 алтынмен Орал қаласы үшінші орынға тұрақтады.

— Биылғы жыл Маңғыстау дзюдо күресінің тарихында жетістіктерге, толағай табыстарға толы болды. Мамыр айында Ақтау қаласында дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирді өткіздік. Бетпе-бет кездесуде облыстық «Жастар» спорт мектебінен жасақталған құрама команда бірінші орынды иеленді, жеке салмақта да облыс балуандары жоғары көрсеткіш көрсетті. Одан бөлек, республикалық, халықаралық жарыстарда да балуандарымыз топ жарып, өңір намысын абыроймен қорғады. Маңғыстау спорт тарихында алғаш рет дзюдодан 23 жасқа дейінгі ерлер арасында балуанымыз Әмірбек Жеңісов Ел чемпионы атанды. Міне, енді облыс орталығында өткен республикалық жарыстың қорытындысында аймақ балуандары 13 алтын медальдің иесі атанып отыр. Мұның өз үлкен жетістік. Жоғары көрсеткіш көрсеткен Жыңғылды спорт интернатының балуандарын да ерекше атап өткім келеді. Бірінші, екінші орын алған балуандарымыз ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атағын да сәтті қорғады,-дейді облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер бапкері Сергей Волобуев.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы