Ақтауда жұмыссыз жүрген жастарға арналып «Арман» жастар орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 32 жұмыс беруші мекеме қатысып, 401 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс ұсынған мекемелердің арасында «Хазрет МЦ «Көңілімқос» ЖШС, «Аврора сауда үйі» ЖШС, «Түпқараған менеджемент-сервисез» ЖШС, «Ерсай Каспиан Контракт» ЖШС, Маңғыстау облыстық психоневрологиялық балалар интернат-үйі, жаңадан ашылған балабақшалар, оралмандарды бейімдеу орталықтары, қаладағы сауда орталықтары, қонақ үйлер бар.        

02

-Бүгін Ақтау қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық әкімдіктері,«ЭКО Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жұмыс берушілер жәрмеңкеге қатысушыларға өз кәсіпорындарын таныстырып, жұмысқа қабылдау жағдайлары туралы айтып берді. Жұмыссыздар қосымша сұхбатқа шақырылып, кейбір бөлігі жұмысқа орналасатын болады. Ал, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы олардың әрі қарай жұмысқа орналасуын қадағалайтын болады. Сонымен қатар қазан айынан бастап қаламызда 55 жастан бастап зейнетке шығатын әйел азаматтарды әлеуметтік жұмысшы мамандығы бойынша қайта даярлау жүргізілуде. Толық ақпаратпен Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығына барып немесе 30-50-65, 46-86-01 хабарласуына болады,-дейді Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Қытай Құсайынова.

      03

Бос орындар тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, хореограф, сатушы-кеңесші, тас қалаушы, кассирші, медбике, экскаватордың машинисті, асфальт төсеуші, аспазшы, сылақшы мамандар бойынша ұсынылды. Жәрмеңкенің нәтижесінде мекемелер қатысушылардан 342 түйіндеме жинады, 70 адамға кеңес берді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, өз ісін ашу жолдары туралы, кәсіби даярлау мен қайта даярлау, жастар тәжірибесін және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары тегін кеңес берді.

-Бүгін бос орындар жәрмеңкесінің өткізілетінін естіп арнайы келдім. Мамандығым-аудармашы. Қаладағы бір мекемеде 3 жыл жұмыс жасадым, жалақысы көңілімнен шықпағаннан кейін, жұмысымды тастауыма тура келді. Түйіндемемді тапсырдым, жақсы жұмыс табамын деп сенемін,-дейді Ақтау қаласының тұрғыны Н. Сүндетова.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

05

06

07