Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының әлеуметтік тапсырысы негізінде «Түпқараған жастары» Қоғамдық Бірлестігінің «Қызылөзен ауылының теңіз жағалауындағы аумақты аббаттандыру» жобасы мақұлданған болатын.

Жоба бойынша Қызылөзен ауылының теңіз жағалауындағы арнайы 0,28 га жер телімінің құжаттары рәсімделуде. Құрылыс жұмыстары жүргізілмес бұрын жобаны жүзеге асырушы ұйым ауыл тұрғындарының ұсыныстарын ескеру үшін жоба таныстырылымын өткізді.

22 млн 580 400 теңге қаражатты құрайтын жобаның жұмыстарына – аумаққа жарақат алуға жол бермейтін брусчатка төсеу және демалыс алаңын қоршау, демалыс орындықтары мен жағажайда күннен көлеңкелейтін зонттар мен қоқыс жәшіктері орналастыру, киінетін орын мен әжетханаға дейін қарастырылған. Аумақ жұмысы спорттық алаң, сахна, балалар ойын алаңы ретінде үш бөліктен тұратындығын ұйым төрағасы Наурызбек Мағдатов таныстырып өтті. Сонымен қатар, жоба осы жылдың 16 желтоқсаннында аяқталып, табыс етілуі керектігін де айтқан болатын. 

Сонымен қатар, село әкімі Өскімбай Ермекбаев көгалдандыру жұмыстары жүргізілуін, мердігер шаруашылық мекеме анықталып, жұмыс басталған жағдайда аз уақытқа болса да ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыруды сұрады.

Халық тарапынан ұсыныс түспесе де ауылда бұрын болмаған жақсы жобаны қуана қабылдады. 

Милана ЕЛЕУСІНОВА