Өскеменде дзюдодан өтіп жатқан халықаралық жарыстан маңғыстаулық балуан Ақниет Тұрдан жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты.

Жарыстың екінші күнінде 70 келі салмақта кілем шаңын қаққан балуандардан жерлесіміз Ақниеттің мерейі үстем болды. Бес қарсыласын ойсырата ұтып, боз кілемнің көркін қыздырған аруымыздың асығы алшысынан түсіп, алтын медальдің иесі атанды. Қуанышты жаңалықты Өскеменнен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов хабарлады.

whatsapp-image-2016-10-05-at-15-42-36
-Бүгін жарыстың екінші күнінде балуанымыз Ақниет үмітімізді ақтап, облыс қоржынын алтын медальмен толықтырды. Боз кілемдегі белдесулерін өте сәтті аяқтады, қарымы өзгелерден басым болды. Жарыстың алғашқы күнінде Балнұр Аппазова 48 келі салмақта күміс медальды, 60 келі салмақта белдескен Рамазан Мамаев қоланы иеленген болатын. Байрақты бәсекеден қоржынымыз үш медальмен толықты.  Әлем чемпионы Талғат Ақтаевты еске алуға арналған халықаралық жарысқа жалпы Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен 320 дзюдошы қатысты,-дейді Жомарт Қобыланов.

Қалмахан мен Ұлбосынның отбасында дүниеге келіп, бес баланың ортасында тәрбиеленген Ақниеттің спортты жанына серік еткеніне 6 жыл. Қызының спортқа деген ынтасын байқаған әкесі 12 жасында өзі жетелеп әкелген. Спорттағы алты жылында бірнеше облыстық, республикалық жарыстарға қатысқан аруымыз екі мәрте ҚР-ның чемпионы атанған. Оның бірі биылғы жылдың 1-2 қазаны аралығында Семейде ересектер арасында өткен жарыста ҚР чемпионы атанып, алтыннан алқа таққаны.

whatsapp-image-2016-10-05-at-18-54-31

— Әр қатысқан жарысымнан елге жеңіспен оралып, бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтау менің мақсатым. Бұл жолы бірінші кездесуім алматылық балуанмен өтті. Белдесуімді сәтті аяқтап, павлодарлық, қырғызстандық, шымкенттік балуандарды ойсырата ұттым. Финалда қостанайлық балуанның жауырынын жер иіскетіп, алтын медальдың иесі атандым. Жеңісімді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнаймын! Мені жарысқа дайындаған бапкерлерім Манарбек, Сергей, Жомарт, Ерлан ағайларыма ризашылығымды білдіремін,-дейді Ақниет Тұрдан.

Венера МИРЛАН