Өскеменде дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Талғат Ақтаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен халықаралық турнир өтуде. Жарыстың алғашқы күнінде облысымыздың қоржынын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің қос шәкірті бір күміс және бір қола медальдармен толықтырды. Маңғыстаулық жерлестеріміз Балнұр Аппазова 48 келі салмақта күміс медальдың иесі атанса, 60 келі салмақта белдескен Рамазан Мамаев қоланы еншілеп, бапкерлердің үмітін ақтады. Жарысқа балуандарды облыстың белгілі бапкерлері Жомарт Қобыланов пен Ерлан Байысбай дайындады.

— Жарыстың алғашқы күнінде боз кілемде белдескен шәкіртіміз Балнұр Аппазова павлодарлық, шымкенттік, қызылордалық, алматылық балуандардың жауырының жер иіскетіп, шешуші сәтте қызылордалық балуанға есесін жіберіп, күміс медальді иеленді. Рамазан болса, ШҚО, алматылық, шымкенттік, қарағандылық, өзекстандық балуандармен белдесіп, қола медальді қанағат тұтты. Жарыстың екінші күнінде бес балуанымыз белдеседі. Дзюдошыларға сәттілік тілеймін,-деп хабарлады Өскеменнен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.

Ересектер арасында өтіп жатқан халықаралық жарысқа қазақ балуандарынан басқа, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен 320 дзюдошы қатысып, бақтарын сынауда. Балуандарды кезекті жеңісімен құттықтап, алар асуларың биік болсын дейміз.

Венера МИРЛАН

02