бейнеу

Бейнеу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-нің басшылығы газет оқырмандарымен кездесті. Нақтырақ айтқанда «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Дутбаева Айсұлу Қабышқызы, директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Шамшадинова Анар және директордың кеңесшісі Серік Еңсегенов болды.

Аудан әкімі Бейнеубек Әбілов ашып, жүргізген кездесуге аталған мекеме басшылары сондай-ақ аудан активі мен газет оқырмандары, аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдері және баспасөз жанашырлары қатысты. Жиында әуелгі сөз кезегін алған Айсұлу Қабышқызы, бүгінгі таңдағы баспасөз ақпарат құралдарының жалпы жағдайына, газет таралымының төмендеп кетуіне байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, бұл тығырықтан шығу үшін әр елдімекенді өз газетінің жанашыры болуға шақырды.

Осы орайда халық пен биліктің ортасына алтын көпір болып, газетте, әлеуметтік желіде тіпті сайттар мен блоктарда белсенділік танытып жүрген аудан газетінің редакторына, жылт еткен жаңалықты жедел жеткізіп, аудан тынысын танытып отырған «Рауан» газетінің ұжымына сондай-ақ аудан баспасөзін мүмкіндігінше қолдап жүрген аудан басшылығына, әлі де болса аудандық, облыстық газеттерге жазылып жүрген, жаңалыққа жаны құмар оқырман қауымға алғысын білдірді.

Өңірлік газеттердің тұрақты оқырмандары мен жанашырларын тұрмыстық техникалар мен бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бір топ оқырман және баспасөз жанашыры болған ұжымға облыстық «Маңғыстау», «Огни Мангистау» аудандық «Рауан» газеттеріне бір жылға тегін жазылу сертификатын табыс етті. Оқырмандарды ынталандыра отырып, алдағы уақытта да аудан және облыстық газеттерге тұрақты оқырман болып, ой бөлісіп, ел жаңалығын бірге оқуға шақырды. Жиын соңында ұжымның кеңесшісі Серік Еңсегенов күмбірлі күй ойнаса, ақын Анар Шамшадинова «Бейнеу» өлеңін оқып, оқырмандар көңілін көтерді.

Өз кезегінде аудандық мәслихаттың хатшысы Ұлұқбанов Аманқұл Орынбайұлы және Сам орта мектебінің директоры Жұбанов Сағатбек Орынғалиұлы қонақтарға өз ризашылығын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

Тұралы ЖОЛЫШОВ