Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы әкімдігінің бастамасымен және жергілікті меценат азаматтардың қолдауымен «Бизнес 3 күнде» жобасы жүзеге асуда. Маңызды іс-шара аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүгедек жандар жеке кәсібін дөңгелету, оны күнкөріс көзіне айналдыру мүмкіндігіне ие болды. Еңбек етуге ынталы, табыс табуға талапты жандар өз кәсібіне қажет материалдық базамен, яғни құрал-саймандармен қамтылады. «Бизнес 3 күнде» жобасының Ақтау қаласы бойынша үйлестірушісі Арайлым Шамшадинованың сөзіне сүйенсек, наурыз айында бастау алған жоба бүгінде өз нәтижесін беруде. Осы күнге дейін Ақтау қаласының 32 тұрғыны жобаға қатысып, игілігіне жаратып, өз кәсібінің нәсібін көріп отырған жайы бар.

«Бұл жандардың барлығы үйінде отырып­-ақ сүйікті ісін тұрақты табыс көзіне айналдыруда. Олардың қатарында тырнақ, бет, шаш әрлеушілер, кондитер-­аспаздар, үй құстарын өсі­румен айналысатындар, әскери және арнаулы киімдерді, автокөлік чехолдарын тігетіндер, канцелярлық тауарлар мен кәдесыйларды қолдан жасайтындар бар. Жоба ая­сында арнайы келісім шарт жасақталып, іс-­шара барысы толықтай түсіндіріледі. Қол жеткізген құрал­-жабдықтарды қолданып, кәсібіңді үздіксіз дамыту – негізгі талаптың бірі. Жобаға қатысушы арнайы топқа тіркеліп, кәсібі мемле­кет бақылауында болады. Егер ісің ілгері баспай, арнайы жабдықтар жарамсыз күйге енсе оны қайтарып алуға толық құқылымыз. Алдағы уақытта жоба қатысушыларына арнап кәсіпкерлік біліктілікті арттыру, дағдыларын ашу мақсатында бизнес тренингтер ұйымдастырылады», – дей­ді А.Шамшадинова.

Бизнес 3 күнде: кәсібін нәсібіне айналдырғандар

Жоба тұрмысы төмен отбасылардың мұң­-мұқтажына құлақ түріп, кем­-кетікке қамқор, жоқ-­жітікке медеу бо­лып жүрген кең пейіл азаматтар арқасында жүзеге асуда. Олардың қатарында «K7 GROUP», «BS STROY», « OSK» компанияларының өкілдері бар.

«Бизнес 3 күнде» жобасы аясында Ақтау қаласында жылдың аяғына дейін 100 адамды қажетті құрал­-сайман­дармен қамтамасыз ету көзделген.

Адина АҚБЕРДІҚЫЗЫ