Тамыз айының 3-жұлдызында аудан орталығында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының «Денсаулық сақтау» бағытының сараптамалық комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Оған аудан әкімі Темірбек Асауов қатысып, төрағалық етті. Отырысқа сондай-ақ осы комиссия жетекшісі Светлана Жолдасова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Клара Оралбаева, облыстық мәслихат депутаты Атқощы Кетебаев, аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Демеген Садықов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев, Мұнайлы аудандық ауруханасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Айдарбек Шыршықбаев қатысты. «Түпқараған аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Гүлшат Шалабаева аудандағы денсаулық сақтау саласының жай-күйі туралы баяндама жасады.

Баяндамашының сөзіне қарағанда, ауданда халық денсаулығын сақтау жұмысы бірқалыпты жақсы жүріп келеді. Табыстар бар. Соның кейбіріне тоқтала кетсек, былтырдан бері аудандағы барлық денсаулық сақтау мекемелерін біріктіретін орталық емханада аудит маманы жұмыс істейді. Бөлек кабинеті, компьютерлік техникасы сай. Міндеті – денсаулық сақтау және медициналық көмек сапасын, бұйрықтардың орындалысын тексеру және сапасын арттыру, тұрғындардың медициналық қызметке деген арыз-шағымдары бойынша жұмыс жүргізу, орын алған кемшіліктерді зерттеу және болдырмау. Мекеменің сайты және сенім телефондары арқылы да халықпен тығыз байланыс бар. Тоқсан сайын емделушілерден анкета толтыруын сұрап, сол арқылы да жұмыс сапасы сарапталады екен.

Өткен 6 айда 481 бала өмірге келіпті, бұл өткен жылдың осы мерзіміндегісінен 43 бала артық. Жалпы өлім 6 адамға азайып, халықтың орташа өмір жасы 71,2 жасқа жетіпті. Жоспарлы мониторингтер өтіп жатыр, анықталған ауруларға қарсы ем қолдану шаралары жасалуда.

Онкологиялық аурулардың көбеюі байқалады, сондықтан аудандық емханаға маммография аппараты алынды. Келісім-шарт арқылы ФГДЭС аппараты арқылы асқазан жүйесі ауруларын анықтайтын дәрігер жұмыс істейді. Жаңадан ота жасайтын видеоэндоскопиялық аппарат алынды. Оның маманы қазір осы аппаратты меңгерудің оқуында.

Сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша да істеліп жатқан шаралар баршылық.

Гүлшат Шалабаеваның баяндамасына қатысты пікір білдіргендер істеліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Сұрақтар да баршылық екен. Халық өте көп шоғырланған Ақшұқыр және Сайын ауылдары бойынша жедел жәрдем станциясын салу туралы ойын сұрағанда, Г.Шалабаева: «Стандарт бойынша әрбір 10 мың тұрғында 1 жедел жәрдем машинасы қызмет көрсету керек. Қазір 1 көлік бар. Алдағы уақытта осы екі ауылды қамтитын Жедел жәрдем станциясы салынады, сонда көлік саны да, дәрігерлер де көбейеді» деп жауап берді. Орталық емханада күндізгі емдеу бөліміне кіретін есікті бөлек қылу, жедел жәрдем дәрігерлерін емханада емес, ауруханада орналастыру, балалар дәрігерлерін жалпы ауруларды қарайтын дәрігерлерден бөлек орналастыру жайлы ұсыныстар айтылды. Бұл мәселелер мүмкіндіктерді сараптау, талқылау барысында ойластырылатын болады деген жауап берілді. Мүгедектікке байланысты санаториялық емдеуге бару, мүмкіндігі шектеулі адамдардың басқа жаққа емделуге баруы сияқты сұрақтар қойылды, оларға әлеуметтік қолдау бөліміне хабарласу ұсынылды. Өйткені, дәрігерлер тек емдеумен айналысады, әдеуметтік көмек, қолдау тиісті мамандардың еншісінде.

Осы жерде сөзге облыстық мәслихаттың Түпқараған ауданынан сайланған депутаты Атқощы Кетебаев қосылып, осы отырыстан соң азаматтарды қабылдау жүргізетінін, сонда бірқатар мәселелердің шешімін табу үшін жұмыстанатынын жеткізді.

Отырыста Светлана Жолдасов мен Клара Оралбаева да сөз алып, облыстағы денсаулық сақтау саласының жай-күйі, ондағы проблемалардың шешілуіне «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және осы жүрмелі топтың ықпалы жайлы айтып берді.

Отырысты аудан әкімі Т.Асауов қорытындылап, халық денсаулығын сақтау – Елбасы алға қойып отырған басты міндеттердің бірі екендігін айта келіп, бұл салаға аудан әкімдігі тарапынан тұрақты назар аударылып келе жатқанын жеткізді. Маман дәрігерлермен қамту, жаңа аппараттар алу, дәрігерлердің әлеуметтік мәселелерін шешу сияқты жұмыстарға аудан басшылығы үнемі ықпал жасап, нақты көмек көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да осы бірлескен жұмыс жалғаса беретін болады.

***

Осы отырыстан кейін облыстық мәслихат депутаты А.Кетебаев сайлаушыларымен кездесіп, жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізді. Қабылдауға адам біраз жиналды.

-Негізгі мәселелер — әлеуметтік салаға жатады. Мен олардың біразының арыз-шағымдарын аудан әкімшілігімен, әлеуметтік қолдау саласының басшыларымен бірге қарау үшін алып қалдым. Ақыл-кеңес бердім. Ешқайсысын назардан тыс қалдырмадық, -деді қабылдаудан соң А. Кетебаев.

Анар РАХИМБЕКОВА

803-2