Маңғыстау магистралдық желі бөлімшесінде қайта құрылымдау жұмыстарына сәйкес машинист-нұсқаушы штаты ашылды. Жұмысқа жаңадан кірісіп жатқан Жамбыл Түйебаев  бұрын-соңды Маңғыстау өңірінде мұндай маманның болмағандығын айтты. Демек, бөлімшенің алғашқы машинист-нұсқаушысы ретінде бұл кісінің өзін атауға болады.

Бөлімшедегі әр мекеменің өзіндік өндірістік оқыту шеберлері, бас механиктері, бас инженерлері бар. Бірақ солардың жұмысын үйлестіру, бағыт-бағдар сілтеу, теориялық-практикалық көмек көрсету Жамбыл Түйебаевтің қазіргі міндетіне кіреді. Ал, бұған дейінгі қызметтік жолы, білім-білігі турасына тоқталсақ, ол  2001 жылы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының «Вагон жасау және вагон шаруашылығы» мамандығына оқуға түсіп, оны 2006 жылы бітіріп шығады. Жолдамамен Атырау қаласындағы «Ақжайық-7» ЖШС-не автотіркегіш құрылғыларының бригадирі болып жұмысқа орналасады. Алғашқы еңбек баспалдағынан бүгінге дейін табандылығы мен азаматтық ұстанымы арқасында көптеген қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Бұның бір дәлелі, «Ақжайықта» жұмыс жасай жүріп үшінші санатты слесарлықтан  төртінші санатқа ауысады. Одан кейін бригадир,  доңғалақты-роликті цехының бригадирі, вагон цехының бастығы атанады. Дәл бүгін болса, жол техникаларын қадағалап жүр.

Жамбыл Түйебаев алғашқы жұмыс күнін УПЧ-13 мекемесі өкілдерімен кездесуге арнады. Сол жерде  бірқатар тапсырмалар берді. Механиктермен де тілдесті. Олар «өз жұмысымызды бөлімшенің ішінде шешіп отыратын адам келді» деп қуанып жатыр. Мүмкіндікті пайдаланып Жамбыл Түйебаев та басшыларға алғысын білдірді.

─ Мекемеміздің басшысы Мұхтар Бақытұлы Бақтыгеревтің бастамасымен алынған штат бұл. Бұған әсіресе, мекеме қызметкерлері дән риза. Себебі, ендігі ұсыныс-тілектерін, өтініш-пікірлерін маған жеткізулеріне болады, — дейді кейіпкеріміз.  Ол қазір кіші бекеттерге су таситын, сызат түскен вагондардың жөндеуге жіберілуін бақылауда ұстап отыр. Ал, мұндай шаруаларды бұдан алдын ешкім жөнді қарамаған. Қажетті істердің бәрін жалғыз ғана инженердің мойнына жүктеп қойғанмен, көптеген қиыншылықтар кездескен. Енді пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, жұмыстарын жандандырып отыруға еш кедергі жоқ. Себебі, қызметке құлшына кіріскен Жамбыл теміржолшы «Біреуден бірдеңе үйренуің үшін, өзіңнің де бір үйретерің болуы керек» деп санайды.