Үйлену тойы жас жұбайлар

Бұл туралы Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау облысы ІІД жергілікті полиция қызметі интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында 3 қыркүйек күні «Лада.кз» сайтына жарияланған бейнежазбадағы автокөлік жүргізушілерін анықтап, жол жүрісі қағидасын бұзғандары үшін шара қолданатын болды.

Аталған бейнежазбада үйлену тойы кезінде қос «Toyota Camry», «Lexus LX 570» және «Toyota Land Cruiser Prado» автокөлігінен құралған кортеждің жолаушылары терезеден жартылай шығып келе жатқаны көрсетілген. Бейнежазба 2017 жылғы 9 шілде күні Ақтау қаласында түсірілген екен.

«Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысы ІІД жергілікті полиция қызметі автокөлік жүргізушілерін анықтады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 802 бабы 1 бөлігі 4 тармағына (Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғауға жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлiмдемелерi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар себеп болып табылады) сәйкес, жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚК 614 бабы 1 бөлігі, 593 бабы 1 бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 5 АЕК (11 345 теңге) және 3 АЕК (6 807 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылды», – деп хабарлады Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметі.

К. ОҢҒАЛТАЙ