XIX ғасырдың екінші жартысынан бері облыстың көптеген елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етіп келе жатырған «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС-ның бөлімшесі «Сауысқан» кен орнында жаңа тұрмыстық-шаруашылық кешен бой көтерді. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «ӨзенМұнайГаз» АҚ демеушілігімен салынған әлеуметтік нысан мұнайшылар игілігіне пайдалануға берілді.

1
Жаңа кешеннің ашылу салтанатына қатысқан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директорының орынбасары, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қайырбек Елеусінов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ысқақов және сала ардагерлері құттықтау лебізін білдірді. «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС директоры Дүйсен Медеуов тұрмыстық-шаруашылық кешенге тоңазытқыш пен қысқа толқынды пешті сыйға тартты. Әлеуметтік нысан заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған. Мұнда жұмыс және киім ауыстыру,тынығу,жуыну бөлмелері, ас үй бар.

Қазіргі таңда «Сауысқан» кен орнында өндірілетін тұщы суды Ұштаған, Сазды, Қызылсай, Бостан ауылдары мен Жаңаөзен қаласы және «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Медикер Плюс» ЖШС тұтынып отыр. Мамандардың айтуынша, аталмыш кен орны ашылғалы бері 78,475 млн.текше метр тұщы су өндіріліп, тасымалданды. Кен орындағы 46 ұңғыманың тереңдігі 20-дан 52 метрді құрайды. Тәулігіне 3700 текше метр су өндіріледі.
Тұрмыстық-шаруашылық кешеннің ашылуына орай серіктестікте қызмет ететін ерлер арасында футбол ойыны ұйымдастырылды. Жеңімпаздар Алғыс хатпен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ