Елімізде қазақ күресінен шын мықтыны анықтау мақсатында өткізіліп келе жатырған «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» атты ұлттық жоба көрермен көзайымына айналғалы қашан. Теледидардан көріп отырып, ондағы жүйріктердің көпшілігі ауылдың нағыз қара домалақтары екенін байқаймыз. Ауданымыздың қазақ күресінен бапкері Қуантқан Төлегенов болашақта ондай барыстардың біздің ауылымыздан да шығатынына шын сенімде.

Баутин ауылдық әкімдігі мен Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясы біріккен түрде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ауылдағы 7-10 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында мектепішілік «БАСТАУЫШ БАРЫСЫ» атты спорттық жарыс өткізді. Спортқа оның ішінде қазақ күресіне қызығушылығы бар 40 шақты оқушылар қатынасқан жарыстың басты мақсаты ауылдағы балаларды спортсүйер етіп тәрбиелеу. Бұлар бастауыш сынып оқушылары болғандықтан, дене тәрбиесі сабағын өздерінің сынып жетекшілері береді. Қосымша спорттық үйірме жоқ, оған арнайы спорт зал тағы қарастырылмаған. Сондықтан екінші мақсат – оқушылар бос уақыттарын интернет немесе басқа да желілік ойындарға бөлмей, мектептегі залдарда шынығумен өткізсін деген ниетіміз дейді мектеп ұжымы. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі, аудандық қазақ күресі бойынша бапкер Қ.Төлегенов қазақ күресінің тәрбиелік мағынасы мол екенін айтып, онымен балалардың барлығын шұғылдануға шақырып: — Қазақ деген ұлттық атағымызға лайықты болуы үшін мықты болуымыз керек. Ұлттық спорт, оның ішінде білектің күшін нығайтатын қазақ күресі мен мидың жұмыс жасауы үшін тоғызқұмалақ ойынының орны ерекше. Осы ойындардың дамуына үлес қосу парызым деп білемін, — деді өз сөзінде.

5 салмақ дәрежесі бойынша өткен  сайыс қорытындысында спортсүйер жасөспірімдерге Баутин ауылы әкімі атынан дипломдар  табысталды.

Клара ҚАНСҰЛТАНОВА