жұлынқұрт театр

Өткен аптада Түпқараған аудандық мәдениет үйінде өмірдің өзекті мәселесіне арналған спектакль аншлагпен өтті. Ол – Маңғыстау облыстық «Ақ жол-жастар» жастар қанатының әуесқой әртістері сомдаған «Жұлынқұрт» драмалық қойылымы болатын.

«Жұлынқұрт» деп қазақ адамды есіртіп, естен тандырып, басын айналдырып, жынды қылып жіберетін өсімдікті атаған. Яғни, жұлынқұрт – есірткі. Бүкіл әлемде адамзаттың басты қасіреті болып табылатын есірткіге тәуелділікті өзек етіп алған спектакльде бұл дерт шынайы, нанымды көрсетілген екен. Сахнада спектакль емес, нағыз өмір ағыны өтіп жатқандай әсер алдық. Есірткіге бойын алдырып, есінен айырылған бозбаланы, оған қарап көз жасын көл қылған ананы, бала күннен бірге өскен достардың аңғалдығы мен кейбір достардың зұлымдығын, сатқындық пен махаббатты, қуаныш пен қайғы-қасіретті өте жақсы көрсеткен қойылымға керемет тәнті болдық. Ал, ең ғажабы – осынау керемет спектакльді ойнаған кәсіби артистер емес, әуесқой жастар болатын.

Бұл қойылымның авторы – драматург, ұстаз Өтен Ахмет, қоюшы режиссері Әлия Исаева екен. 

T-2 (2)

Қойылым соңында Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Алтынғалиев Талғат сөз алып, жас, әуесқой артистерге ризашылығын білдіріп, қойылым өте әсерлі болғанын айтты. Сөзінің соңында ол «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаевқа аудан әкімі Т.Асауовтың алғыс хатын табыстады. Біз спектакль соңынан режиссер Әлия Исаевамен жолығып, қысқаша сұхбат алдық.

— «Ақ жол» сынды саяси партияның бір қанаты болғасын, жастар қанатының да негізгі ұстанымы – саяси жұмыстар. Алдымен, Жастар қанаты осы шығармашылық бағыттағы жұмыстарды қолға алуына не себеп болды, сол жөнінде қысқаша айтып беріңізші.

— «Ақ жол-жастар» жастар қанаты 2015-жылы құрылған еді. Мен соның жетекшісімін әрі осы театрдың қоюшы режиссерімін. «Театр» деп ауыз толтырып айтқанымен, бұл, әрине, әуесқой жастардың ынта, ықыласының нәтижесі. Солардың қолға алып, жүзеге асырып жатқан көп жобаларының бірі. Жастар қанаты қазір 22 бағыт бойынша жұмыс жасап келе жатса, театр – солардың бірі ғана. Шығармашылық бағыттағы жұмысымыздың сыры – көркем әдебиет, шынайы театральдық қойылым, өнер мен әсемдік арқылы жастардың жүрегіне жол табу, оларды өзімізбен әріптес болуға шақыру.

— Репертуарыңыз толығып келе жатқан болар?

— Бұл сахнаға шығарған екінші көлемді туындымыз. Біріншісі – Алаш қозғалысы туралы «Азаппен өткен өмір-ай» спектаклін алғаш рет осы Түпқараған ауданында, осы мәдениет үйінде 2015-жылдың 8-желтоқсанында қойған едік. Сонан кейін спектакль облыстың барлық аудандарында қойылды, ал 2016-жылдың 8-желтоқсанында Астана қаласындағы Қуанышбаев театрында ойнадық. Мына «Жұлынқұрт» –  екінші туындымыз. Алғашқы спектакльде ойнаған жастардан тек бір-екеуі ғана бар, қалғандарының бәрі жаңадан келіп жатқан қыз-жігіттер. Айта кетейін, біздің жастар қанатымызға облыста 200 ден астам қыз-жігіт мүше. «Азаппен өткен өмір-ай» мен «Жұлынқұрт» – көлемді туындылар болса, арасында шағын-шағын қойылымдармен де шығып жүрміз. 15-17 жастағы жас оқушы балаларымыз сотталғандар жазасын өтеп жатқан колонияға барып та өнер көрсетті.  Жалпы, облыстық Ішкі саясат басқармасымен келісе отырып, 10 спектакль дайындамақпыз. Солардың бірі – «Ананың ақ сүті» атты спектакль дайын тұр. Ол басқа діни ағымдарға еріп кетіп, өз анасы мен әкесін кәпір санап, тастап кеткен жастар туралы. Жалау Мыңбаевтың 125 жылдығына арналған спектакльді осы Түпқараған ауданымен бірлесе дайындағымыз келеді. Бұйырса оның тұсаукесерін осы Ақкетікте өткізіп, артынан Астанаға апармақпыз. Төлеген Айбергенов-Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклін шығаруға дайындық жүріп жатыр. Алаш қозғалысы туралы тағы бір спектакль кезек күтіп тұр.

— Жастарыңыздың бұл жұмысы олардың өмірлік жол таңдауына себепкер болып жатыр ма?

— Көбі 15 – 18 арасындағы балаң қыз жігіттер ғой. Араларында электрик, эколог сияқты мамандық тізгінін ұстап үлгіргендері де бар. Жасаңдауларының мамандық таңдауына әлі ертерек шығар. Дегенмен, осы театральдық бағытпен қатты әуестеніп, ден қоя жұмыстанып жүрген екі баламыз биыл Астанадағы Жүргенов академиясына оқуға түсуге бекем бел байлап отыр.

— Осынау көлемді жұмыстардың ортақ мақсаты қандай?

— Жастарға адамгершілік, елжандылық және рухани тәрбие беру.

— Өзіңіз де естідіңіз, қойылым жайлы көрерменнің пікірі өте жақсы. Сіздерге  оқырмандар атынан табыс және жеңіс тілейміз!

— Рахмет. Ақкетік – біз үшін театральдық жұмысымыздың тұсаукесері өткен ерекше қала. Сондықтан, біз Ақкетікпен байланысымызды үзбейміз және жыл сайын жаңа спектакльмен келуге тырысатын боламыз.

Анар РАХИМБЕКОВА
Суреттерді түсірген автор