ұлттық спорт

Облыс орталығында алғаш рет дене тәрбиесі пәні мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтері, жаттықтырушылардың тоғызқұмалақтан біліктілігін арттыру мақсатында «Тоғызқұмалақ ойындарын үйретудің әдістемелік ерекшеліктері» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Семинарды «Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы» және «Маңғыстау облыстық тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестіктері,  Мангала (Түркия) федерациясы, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бірлесіп ұйымдастырды.

2

Семинарда «Маңғыстау облыстық тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Гаухар Жакиева «Маңғыстау облысында тоғызқұмалақ спортын дамытудың алдағы міндеттері» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық спорттың бүгінгі жай-күйі, дамуы, насихатталуы жайында әңгімеледі. Мұнан кейін облысымызда тоғызқұмалақ спортының дамуына өзінің қомақты үлесін қосып, дене тәрбиесі пәні мұғалімдеріне арнайы біліктілік арттыру курстарын ұйымдастырып жүрген ұстаз Ағуза Рамазанова «Тоғызқұмалақ ойынын дамытудың жолдарын қарастыру» тақырыбында өз ой-пікірімен бөлісті.

Одан бөлек, семинарда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, филология ғылымының кандидаты, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев «Тоғызқұмалақ ойынының халықаралық деңгейдегі даму ерекшеліктері» тақырыбында,  Мангала (Түркия) федерациясының президенті Рауф Өзген «Мангала ойынын дамытудың жетістіктері мен алдағы міндеттері» тақырыбында, жоғары дәрежелі ұлттық төреші, теология ғылымының докторанты Қасымхан Дәуренқұлов «Бестемше ойынының бала тәрбиесіндегі орны» тақырыбында баяндама жасап, тоғызқұмалақ, мангала, бестемше ойындарының ережелерімен таныстырып, шеберлік сабақтарын өткізді.

         3

Семинар аясында тоғызқұмалақ, бестемше, мангала ойындарынан облыстық чемпионат та ұйымдастырылды. Чемпионатқа семинарға қатысушы мұғалімдер, қосымша білім педагогтері, жаттықтырушылар бір кісідей белсене атсалысып, бақтарын сынады.

Мангала ойынынан облысымызда өткен тұңғыш чемпионатта ерлер арасында І-орынды мұнайлылық Абылай Қарабалаев пен әйелдер арасында қарақиялық Гүлнар Жаңбырбаева иеленсе, ІІ-орын қарақиялық Серік Жақсылық пен жаңаөзендік Құралай Пиржановаға бұйырды. ІІІ-орыннан ақтаулық Марат Шайкиев пен мұнайлылық Серікбай Құламанов және мұнайлылық Ақмаржан Төлегенова мен жаңаөзендік Ажар Жолдасова көрінді. Осы ойынның 18 бен 40 жас аралығындағы әйелдер арасындағы жарысында түпқарағандық Назгүл Қайырғалиева топ жарып, осы ауданның тағы бір сайыскері Айнұр Қонарева ІІ-орынды, мұнайлылық Лола Жұмағұлова мен жаңаөзендік Әсем Бағитова ІІІ-орынды еншіледі.

5

Бестемше ойыны бойынша да чемпионат облысымызда тұңғыш рет өткізілді. Ерлер арасында өткен сайыста мұнайлылық Абылай Қарабалаев тағы да жүзден жүйрік шығып, облыс чемпионы атанды. ІІ-орынды мұнайлылық Бахыт Ермеков иемденсе, ІІІ-орынды ақтаулық Марат Шайкиев пен Құрмет Мейірманов өзара бөлісті. Әйелдер арасында өткен жарыс қорытындысы бойынша Ақмаржан Төлегенова қарсыластарынан басып озып, І-орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, ІІ-орынға Гүлнар Жаңбырбаева, ІІІ-орынға жаңаөзендік арулар Ажар Жолдасова мен Дамет Надирбаева лайық деп танылды. 18 бен 40 жас аралығындағы әйелдер арасында болған бестемше ойынында түпқарағандық Назгүл Қайырғалиева жеңімпаз атанып, ақтаулық Ақмарал Ізтұрғанова ІІ-орынды, Лола Жұмағұлова мен жаңаөзендік Миуагүл Қазтұрғанова ІІІ-орынды иеленді.

4

— Осыдан 10 жыл бұрын қазіргі «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы болып отырған ол кездегі Маңғыстау облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты тоғызқұмалақтан курс өткізген болатын. Ағуза Рамазанова ұйымдастырған курста Тоғызқұмалақтан Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Гаухар Жакиева дәріс оқып, бізді осы ұлттық спорт түрінің алғашқы әліппесімен таныстырған еді. Содан бері тоғызқұмалақты оқушылар арасында насихаттап, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Бүгінгі халықаралық семинар да жоғары деңгейде өтті. Тоғызқұмалақпен бірге бестемше, мангала ойындарын үйрендім. Алдағы уақытта жас ұрпаққа осы ойын түрлерін үйретіп, әлемдік додаларда топ жаратын шәкірттер тәрбиелеуге бар білімімді, күш-жігерімді саламын,-дейді Мұнайлы ауданы №7 орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі, Бестемше ойыны бойынша тұңғыш өткен облыстық чемпионаттың әйелдер арасындағы чемпионы Ақмаржан Төлегенова.

         6

Тоғызқұмалақ ұлттық спорты бойынша өткен чемпионатта ерлер арасында Бахыт Ермеков жеңіске жетіп, чемпион атанды. ІІ-орынды Марат Шайкиев, ІІІ-орынды Маңғыстау ауданынан келген Ғабит Мырзабаев пен ақтаулық Серік Шүренбаев еншіледі. Чемпионаттың 40 жастан жоғары әйелдер арасындағы бәсекесінде жеңіс тұғырына Жаңаөзен қаласынан келіп қатысқан Дамет Надирбаева көтерілді. ІІ-орынды мұнайлылық Гүлбану Ташенова иемденсе, ІІІ-орын бейнеулік Жанар Тілепова мен ақтаулық Нұрлыгүл Шамшаеваға бұйырды. Ал осы спорт түрінен 18-40 жас аралығындағы әйелдер арасындағы сайыстың қорытындысында бейнеулік Ұлболсын Рзағалиева қатарластарының арасынан зеректігімен көзге түсіп, І-орынды иемденді. ІІ-орыннан ақтаулық Гүлжамал Ибраш, ІІІ-орыннан жаңаөзендік Миуагул Қазтұрғанова мен мұнайлылық Лола Жұмағұлова көрінді.

Ақтау қаласының №22 орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Серік Шүренбай семинар барысында үйренген ойын түрлерінен мектебінде үйірме ашып, оқушыларға үйреткісі келетінін айтса, мұнайлылық жас маман Лола Жұмағұлова өзінің семинардан тың серпін алғандығын, дене тәрбиесі пәні мұғалімі ретінде болашақ чемпиондарды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ететіндігін жеткізді.

7

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев тоғызқұмалақтан әлемдік бәйгелерде осы уақытқа дейін үнемі қазақ жігіттері мен қазақ қыздары жүлделі орындарды бермей келе жатқандығын мақтанышпен айтты.

— Тоғызқұмалақ-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес сыйы, рухани құндылығы, аманаты. Жасөспірімдердің дене шынықтыру тәрбиесінде, ақыл-ойын шыңдауға ерекше қызмет атқаратын бұл ойын бүгінгі күні жақсы дамып келеді. Қазіргі таңда республика бойынша қазақтың төл ойыны-тоғызқұмалақпен айналысатындардың саны 100 мың адамға жетті. Бұл-үлкен көрсеткіш. Ұлттық ойынымыз халықаралық зияткерлік Олимпиадалар мен фестивальдердің бағдарламасына еніп, Әлем және құрлық чемпионаттарында өткізіліп, бүкіл әлемдік деңгейде таралуда. Соңғы кездері ұлттық ойынымызды дамытуда мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отырғаны бізді қуантады. Сондықтан да бүгінгі «Тоғызқұмалақ ойындарын үйретудің әдістемелік ерекшеліктері» тақырыбында өткен халықаралық семинарға қатысып, біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдірген дене тәрбиесі пәні мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтері, жаттықтырушылар және олардың шәкірттерінің арасынан алдағы уақытта талай чемпиондардың шығатынына сенім білдіреміз,-дейді«Маңғыстау облыстық тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Гаухар Жакиева.

Венера МИРЛАН

8