esirtki есірткі

Облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық ғылыми-әдістемелік және қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен аймағымыздағы көркемөнерпаздар драма ұжымдары арасында «Есірткісіз есті әлем» атты үздік театрландырылған байқау болып өтті. Биыл осымен 4-ші рет өткізіліп отырған облыстық өнер сайысына 11 драма ұжымы қатысты.

Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында өткізілген байқаудың биылғы ерекшелігі – сайысқа облысымыздың аудан-қалаларына халықтық атағы бар ұжымдардан басқа, драмалық үйірмелер қатысқан.

Бұл байқау биыл 4-ші рет өткізіліп отыр. Мақсаты – заманның тажалына айналған есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастарды салауатты өмір салтын насихаттау, бойларын жаман әдеттен аулақ ұстауға шақыру. Сондай-ақ, жастарды сахна мәдениетіне үйрете отырып, нашақорлыққа жол бермеу, — дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары П.Сармурзина.

Заманның жан жарасына айналған нашақорлықтың алдын алуға, есірткіге тәуелділікті болдырмау үшін жастар арасында үгіт-насихат жүргізуге шақырған өнер байқауының қазылар алқасы драмалық қойылымдарды тақырыпты аша білу, сахна мәдениеті, техникалық жабдықталуы мен музыкалық үндестігіне қарай бағалады. Сайыс қорытындысында бас жүлдені Жаңаөзен қаласындағы Мұнайшы мәдениет үйінің «Алтын шаңырақ» ұжымы жеңіп алса, І орынға Ақтау қаласындағы Абай мәдени-демалыс кешенінің «Гвоздь» драма ұжымы лайық деп танылды. Жүлделі ІІ орынды «Адасқандар» қойылымымен Маңғыстау ауданының Жыңғылды драма ұжымы, ІІІ орынды Қарақия ауданы селолық мәдениет үйінің әртістері және Түпқараған ауданының З.Баймырзаев атындағы орта мектебінің драма үйірмесінің шәкірттері бөлісті. Бейнеу ауданының Ақжігіт селолық мәдениет үйінің халықтық драма ұжымы үздік өнері үшін Алғыс хатпен марапатталды. «Ең үздік әйел бейнесі» аталымына түпқарағандық Зәмзәгүл Тайлақова, «Ең үздік ер адам бейнесіне» жаңаөзендік Айдос Жұмабаев ие болды.

Анар Шамшадинова