Қыз баланың жаны нәзік, табиғаты тылсым, өмір жолы жіңішке жаралған. Олар бүгін біреудің перзенті болғанымен, ертең ер жетіп, жат жұртқа барып ана атанатын аманат. Қыз өсірген әр ата-ана болашақтың аманатын өсіріп отырғанын түсінуі керек. Жалпы қыз бала табиғатынан ерте есейеді. Оларға алғаш рет 10-12 жасында етеккірі келеді. Бойжеткендіктің белгісі болып табылатын осы кезеңнен бастап анасы оған жеке бастың тазалығын сақтаудың алғышарттары жөнінде түсінік жұмыстарын бергені жөн. Ал, 13-14 жасқа келген жасөспірім қыз гинеколог-дәрігерге тіркеліп, алдын-ала тексеруден өтуі міндетті.

Жақында Құрық орта мектеп-гимназиясында аудандық  білім бөлімінің үйлестіру орталығының әдіскері  Б. Тургенованың ұйымдастыруымен қазақы салт- дәстүрімізді ел арасында кеңінен насихаттап, өсіп келе жатқан жас аруларымыздың санасына сіңіру мақсатында  «Қызға қырық үйден тиым» атты келелі кеңес өткізілді.

Кездесуге  аудандық білім бөлімі жанынан   құрылған «аналар кеңесінің» мүшелері: зейнеткер-ұстаз   А.Төлесбаева ,  № 6 орта мектептің психологы Р. Абишева, аудандық орталық аурухананың гинекологы Г.Басыкараева, Маңғыстау облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудандық филиалының меңгерушісі С. Үмбеталина  және  №1 , № 6 орта мектеп, Құрық орта мектеп-гимназиясының 7-11 сыныпта білім алатын оқушы қыздары мен  бір топ аналар қатысты.

Басқосу №1 орта мектептің оқушылары осы тақырыпқа арнайы дайындап әкелген  сахналық қойылыммен ашылды. Алғашқы сөз кезегін алған Г. Басыкараева ана мен қызының арасындағы  қарым-қатынастың қандай деңгейде қалыптасуы керек екендігін, ерте жүктіліктің ақыры қандай қатерлерге апарып соқтыратындығын жалпыға ортақ түсінікті тілмен баяндап берді. Статистикалық есепке жүгінген гинеколог-дәрігер ауданымыз бойынша ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен  кәмелетке толмаған 18 жасөспірім қыздың жүктілікпен  есепке алынғандығын жеткізе отырып, аяғын жаңсақ басқан қыздарымыздың қатары кемімей отырғандығын, сол үшін түсінік жұмыстарын жүргізу қажет екендігін тілге тиек етті.

«Қыз жаны нәзік әрі сезімтал келеді. Сондықтан байқамай айтылған бір ауыз сөзден оның шытынай жарылып кетуі әбден мүмкін. Осы себепті бойын түзеп өсіп келе жатқан жасөспірім қызыңды бауырыңа тартып, сырласа білу де үлкен шеберлікті қажет етеді. Бұл жайға дайын болуымыз керек!» — деген Г. Басыкараеваның пікірі жиналған қауымға көп ой салғандай болды.

А.Төлесбаева өзімізбен сан жылдар бойы бірге жасасып келе жатқан қазақы салт-дәстүрлеріміз туралы өмірлік ұстанымдарымен бөлісе отырып жас өркендей  желеңдеп өсіп келе жатқан қыз тәрбиесіне көп көңіл бөлуге, оларға өнеге боларлықтай тәрбие беруге атсалысуға шақырды. Кездесу барысында қатысушылар назарына  «Ана монологы», «Қыздың ары – ұлттың ары», « Қазақ қызы қандай болуы керек» деген  мағыналы бейнебаяндар ұсынылды. Араға күн салып осындай кездесулер Жетібай және Мұнайшы ауылдарында заңды жалғасын тапты. Аталған елді мекендердегі № 5 ,7 және №3, №4, №8 орта мектептердің басын қосып өткізілген жиналысқа Б. Тургенова, аудандық жастар ресурстары орталығының маманы Ш. Айнабаева, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы А. Отарбаева, аудан әкімі аппаратының инспекторы А. Ержанова, ішкі істер бөлімі жанындағы жасөспірімдер жөніндегі инспектор Н. Есенаманова, №7 орта мектеп психологы Н. Бағдабаева сынды комиссия мүшелері мен жоғары сыныптарда оқитын қыздар, ата-аналар қатысты. Жиналыста кәмелетке толмаған қыздарға қатысты жыныстық қатынастардың алдын алу мәселелері талқыға түсті. Қозғалып отырған тақырыптың мәнін ашып көрсету мақсатында анасы мен қызының арасындағы жылулықты сезіндіруге арналған танымдық ойындар ойналды. Екеуара болып өткен сөз қағысын шынайы сезімдермен жеткізе білген көріністер жиынға қатысушылардың бойын балқытып, әдемі әсерге бөледі. Жасөспірім қыздардың жастық желікпен қателіктерге бой алдырмауы бағытында көрсетілген түрлі бейнебаяндар өздерінің мазмұндылығымен ерекшеленді. Жиынға келген аналар бүгінгі берері мол салиқалы кешті ұйымдастырған комиссия мүшелеріне алғыс сезімдерін жеткізіп, игі тілектерін арнады.

«Қыз өссе елдің көркі», «Қыз тәрбиелесеңіз-тұтас ұрпақты тәрбиелегеніңіз» деген аталы сөздер тегін айтылмаса керекті. Өйткені, қыз бала-өміріміздің арқауы болатын болашақ ұрпағымыздың анасы. Сондықтан қыздарымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді молынан сіңіре білсек қазағымыздың әдет-ғұрпын жақсы білетін, ата-анасының  абырой-атағына көлеңке түсірмейтін ибалы да инабатты бойжеткендерді тәрбиелей білген болар едік!

Жалғас АЙТҚҰЛОВ

?

%d0%b6%d0%b0%d1%81%d3%a9%d1%81%d0%bf%d1%96%d1%80%d1%96%d0%bc01