Қоршаған ортаға келтірген зардаптары үшін жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер мемлекет қазынасына эмиссия (арнайы төлемақы) төлейді. Эмиссия төлеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті орган берген экологиялық рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Өкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімдері орналасқан жері бойынша тоқсан сайын салық органдарына нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салынатын нысандар туралы мәлімет беріп отырады.

Жуырда аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі аудан прокуратурасының тапсырмасына сәйкес аудан аумағында «Эмиссия төле де бюджетті толтыр» атты жобасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытында іргелі жиналыс өткізді.

Аудан әкімдігінде өткен жиынға аудандық прокуратура өкілдері, түрлі салада еңбектеніп жүрген кәсіпкерлер, аталған саламен тығыз байланыста жұмыс жүргізетін аудандық бөлім  басшылары мен қызметкерлері, ауыл әкімдері қатысты.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А. Атадосовтың төрағалығымен өткен басқосуда алғашқы сөз кезегі берілген аудандық прокуратураның  аға прокуроры Т.Бабақұлов аталған жобаның мақсаты туралы айта отырып, экологиялық рұқсатты қалай алуға болатындығы жөнінде кең түрде түсінік жұмыстарын берді.

Рұқсат алмай қызметін жалғастырып жүрген кәсіпкерлердің жазасыз қалмайтындығын ескертіп өткен лауазымды тұлға міндетті төлемдерді (эмиссия) төлеуден жалтармау қажеттілігін тілге тиек етті.

Басқосу барысында қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарылып, түсінік жұмыстары жазылған көрнекі кітапшалар таратылды.

Жалғас  БЕРДІМҰРАТҰЛЫ