«Бизнес журналистика мектебі» аясында жергілікті БАҚ өкілдері «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік  филиалы директоры Олжас Қаржауовпен сұхбат құрды. Кездесуде биылғы жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалы атқарған ілкімді істерғ жаңа жобалар  мен оң бастамалар жай-күйі баяндалды.

«Жаңаөзен қаласында 142 мың халық тұрады. 6700-ден аса тұрғын  жеке кәсіппен айналысса, 1310 ЖШС жұмыс жасайды «Жаңаөзенге «Жаңа серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңаөзендіктерге кәсіпкерлік бағытта  кең түсінік беретіни мобильді жұмыс тобы құрылды. 10 күн ішінде 445 адам орталық көмегіне жүгінген. Оның ішінде 145 жеке кәсіпкерлік, 41 шаруа қожалықтары мен 32 ЖШС иелері және 196 жергілікті тұрғындар мамандар кеңесіне құлақ түрді. Ең алдымен жер телімдеріне қатысты мәселе бой көтерді. Орталыққа келіп түскен 100-ден аса арыз қала әкімдігі өкілдерімен бірлесе отырып, талқыға түсті. Жерге қол жеткізе алмай жүрген кәсіпкерлер жайын ескере келе, Жаңаөзенде жер аукциондарын өткізу қолға алынды. Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан жер телімдерін аукциондар арқылы сауда-саттыққа салуды тұрақты түрде ұйымдастыру туралы ұсыныс берді. «Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында индустриалды-инновациялық аймақ құру жобасы қолға алынған болатын. Ендігі ретте арнайы экономикалық аймақта бизнес бастамаларға жол ашу көзделген. Қазіргі таңда 50-ден аса кәсіпкерден ұсыныс-өтініштер  келіп түсті. Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту жолында кездесетін үлкен кедергі – су тапшылығы. Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен өзара келісім нәтижесінде  кәріз суын арнайы техникалармен тазарту тәжірибесін іске асыруды көздеп отырмыз. Егер осы жоба оң нәтижесін берсе, тазартылған кәріз суы егін және мал шаруашылығына пайдаланылады., Биыл Қашаған кен орны қайта іске қосылып, жұмысы жандана түсті. Баршаға мәлім, мұнай кен орындарын игеру, мұнай өндіру  барысында мұнай қабаттарын сумен толтыру технологиясы қолданылады. «ҚазТрансОйл» АҚ-нан  Жаңаөзен қаласына жылына 6 млн. текше метр  ауыз су бөлінеді. Егер су көлемінің бір бөлігі Қашаған кен орнына бағытталатын  болса, Жаңаөзендегі  су мәселесі қайта қылаң бермек. Сондықтан бұл орайда кәріз суын сүзгіден өткізіп, оны техникалық қажеттілікке пайдалану  уақыт талабы екенін ескерген жөн»,-дейді Олжас Қаржауов.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жастарға сапалы білім беру, сұранысқа ие мамандықты игеру арқылы өз кәсібін ашу бағытында нақты іс-шаралар атқарылуда.

«Маңғыстау өңірінде мұнай саласынан өзге көліктік-логистикалық жүйе қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Қазіргі таңда жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттерімен кәсіптік бағдарлау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткен аптада жаңаөзендік шәкірттер Ақтау қаласындағы «Қазморттрансфлот» АҚ және «Жамал-Ай» өндірістік кәсіпорнына бас сұғып, қызу еңбек алаңын аралады.  Сонымен қоса, мектеп түлектері  «Маңғыстау туризм колледжіне» барып, туризм, мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі сынды мамандықтар қыр-сырына қанық болды. «Ақтау Теңіз Порты» арнайы экономикалық аймағына экскурсия ұйымдастырылып, даму бағдарламасы, экономикалық маңызы мен мүмкіндіктері, өндіріс орындары  жайлы  мәліметтер баяндалды. Басты мақсат – мұнай-газ саласында ғана емес, экономиканың өзге тармақтарында қызмет ету әрі табыс табу мүмкіндігін халыққа түсіндіру әрі халықтың кәсіпкерлік сауатын ашу және жетілдіру.. Бүгінде «Бастау» кәсіпкерлік мектебінде оқуға 142 адам өтініш білдірсе, 350 жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары талқыланды. Кәсіпкерлердің саны емес, қызмет сапасы әрі нәтижелілігі маңызды. Өңір халқының 60 пайыздан астамы ауыл-аймақта орналасқан. Сондықтан өз  кәсібін дөңгелетіп отырған, және жеке бизнеске бет бұрушы халықтың басым бөлігі ауыл халқы. Келер жылы облыс әкімімен келіссөз нәтижесінде Мұнайлы ауданына қарасты 300 гектар жерді аграрлы аймаққа айналдыру көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым жүйесі тартылды. Ал Жаңаөзен қаласында аграрлы аймаққа арнап 135 гектар жер телімі белгіленген тәртіппен  резервке  қойылды»,-деп атап өтті филиал директоры.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ