Екінші экспедиция мүшелері Ақпан ата бейітінің басында (құлпытастан солға қарай екінші тұрған – Светқали Нұржанов; оның оң жағында тұрған телпекті – Алдаберген Мусаев; тұрғандардың сол жақтан біріншісі Таңатар Бисекешев; оң жақтан екіншісі Жұма Асабаев; отырғандардың оң жағынан біріншісі – Келдіғұл Биманов; үшіншісі – Ысмайыл Қалиев; бесіншісі – Жүсіп аға) 2018 жылғы қыркүйектің 23-і.

Ежелден еліміз Отанын, қасиетті атамекенін қорғаған ерлерін құрметтеп келеді ғой, олардың ерлігі мен азаматтығын жырға қосып, жерленген жерлерін киелі орын ретінде қастерлейді. Қазіргі келісті істердің бір парасы өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды түгендеудің кеңінен өрістеп отырғандығымен көркемделуде.

Бұған Елбасының соңғы кезеңде жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары үлкен қозғау салып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан­ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» – деп атап көрсетті. Осындай құрметке лайық тұлғалардың бірі ту­ралы айтпақпыз.

Кіші жүзді қара орынға, атамекенге бастап келгендердің бірі

Қазақ тарихында қилы­қилы кезеңдер көптеп кездеседі. Со­лардың бірі – қазақ жерінің батысын ежелден мекендеген Кіші жүз жұртының «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан 300 жылдай бұрын оңтүстікке қоныс аудару жайы, мұның себебін, қазіргі ғылым әлі түсіндіре алмай отыр. Қалай болғанда да біздің бұрынғы ата­бабаларымыз 18­-ғасырда «Қайың сауып», «Сауран айналып», баяғы қара орман жұртына оралады. Жоң­ғар шапқыншылығынан қорғанған аталарымыз әлгі айтылғандай азапты жолдардан өтіп, Атырау–Жайық–Маңғыстау өңіріне 1751 жылы қайта көшіп келеді, мұны ұлы ғұлама Ә.Кекілбаев ағамыз тұжырымдаған еді. Осылайша, «елімайлаған» қалың халықты ірі тарихи тұлғалар бастап келеді. Олар Адайдың Есек және Атағозы батырлары, Таздың Ақпаны, Әлімнің Әжібайы мен Аралы, Беріштің Есболайы сынды бірегей жандар болатын.

Маңғыстаулық арынды ақын Түмен Балтабасов (1884–1957) осы бір тарихи оқиғаның дұрыстығына куә болатын жайтты өзінің «Маңғыстау» атты өлеңінде былай деп жырлапты:

«…Әуелі 60 үйдей аз болыпты,
Ішінде Ақпан деген Таз болыпты…».

Ұранға шыққан екінші батыр еді

Бұлардың ішінен оқырманға белгісізі Ақпан болып табылады. Ол кім болатын? Біздің жинаған деректеріміз төмендегіні баяндайды:

Ақпан – Таз руының батыры әрі Кіші жүзге белгілі қолбас­шы, ұлттың азаттығы жолында тұңғыш рет ХVІІІ ғасырда ұйым­дастырылған көтерілістің басты тұлғаларының бірі. Атақты ке­ңестік академик-­тарихшы М.Вяткин өзінің Мәскеуден 1947 жылы басылып шыққан, кейін Сталиндік сыйлық алған «Батыр Срым» кітабында орыс отаршылдығына қарсы Сырым Датұлы бастаған қазақ көтерілісшілерінің 1783–1797 жылдарғы аталмыш тұңғыш күресін кеңінен баяндай келе былай деп көрсетіпті:

«…Среди сочувствующих Срыму старшин Д.Донсков называет еще старшин рода Шекты–Осека и Тотека, рода Таз–Акмана, рода Серкеш–Аллабергена, Бинилева отделения–Матая, брата султана Карабая–Даукара и его же сына Есенгазы (2 там же, л.55 об. (ЧОА, Эксп.погр.дел, 1791, д. №168 – А.Ә.) (М.Вяткин. Батыр Срым. Алматы: «Санат», 1998, стр. 274) (ерек­шелеген – біз). Мұндағы Акманның біздің батыр бабамыз, сол кезде ағаман (старшын) болған Ақпанның орыс құжаттары мен әдебиеттерінде осылайша жазылып келгендігін аңғару қиын емес.

Атаны мен 2009 – 2013 жылдары Ақтөбедегі «М.Стиль» баспасынан шыққан «Ақиық­арман (Кіші жүздегі Таз руының шежіресі)» атты төрт томдық еңбегімде алғаш рет атап көрсеттім (бірінші томның 40-­беті) және аталмыш еңбегімнің екінші томында оның Таздарға екінші ұран болғандығын жаздым (көрсетілген томның 236, 237­-беттері).

Аталғандай тұжырымға келуіме менің қолыма 2006 жылы келіп түскен, Петербордан 1848 жылы шыққан «Военно­статистическое обозрение Российской империи» атты бірегей еңбектің «Земля киргиз-­кайсаков Оренбургского ведомства» тақырыпты ХІV томындағы 3-­бөлімінің қызықты дерегі болды, мұнда Орынбор өңіріндегі және қазіргі Қазақстанның батыс өңіріндегі қазақтардың рулары, олардың бөлімдері мен аталары туралы мәліметтер келтіріліпті. Біздің руымыз туралы былайша жазыпты: «…Племя Тазларское. Уран старинный Бакай. Уран нынешний Акман…» (стр.80).

Міне, осындай аз ғана деректің өзі­-ақ бабамыздың үлкен тарихи тұлға болғандығын көрсетеді емес пе?! Талас тудырма­сы анық.

Бір өкініштісі сол – «Ақпан атамыздан ұрпақ қалмапты» дейді шежіре ақсақалдар.

Таздарға ұран болған Ақпан атам,
Маңғыстауда алау-от жаққан атам!
Азаттық күресіне ғұмыр арнап
Ұрпаққа аманат-тұмар таққан атам.

Ақпан атаны да қасиет тұтамыз

Бабамыз парасаттылығымен де, кө­ріпкелдігімен де ерекшеленген екен. Бір дерек оның топ жарған шешен болғандығын да бүгінгі ұрпақтың на­зарына жеткізді. Аталғандай қасиеттері бол­маса қалың жұрт оны өздеріне басшылыққа­ ағамандыққа сайламайды емес пе?!

Ал маңғыстаулық белгілі ақын, көрнекті өлкетанушы, халық ауыз әдебиетінің бү­гінгі білгірлерінің бірі, ҚР «Құрмет» ор­денінің иегері – Светқали Нұржанов оның Атағозылармен бірге Маңғыстауға келген­нен кейін түрікпендерге қарсы екінші және шешуші шайқаста Кіші жүздің туын ұста­ғандығын 2018 жылдың 23 қыркүйегінде Маңғыстау топырағында болғанымызда ай­тып берді.

Біз де атамызды басқа тұлғалармен қатар шынайы қастерлеп келеміз.

Атаны іздеу қалай басталып еді?

Осыдан 5 жылдай бұрын маған Құлсарыдан туған інім Серікқали Әміржанұлы  Ырысжанов (1962–2017) ұялы телефонмен хабарласып, әуелгіде біздің үйімізде болған, Қарақалпақстаннан 90­-шы жылдардың аяғында көшіп келген, маған шежірелік деректер берген (оларды жоғарыда көрсетілген төрт томдық шежірем­де жарияладым), қазір Жылыой ауданының орталығында тұратын Алдаберген Мусаев ағамыздың менімен сөйлескісі келетінін айтты. Әлекең маған жақсы жаңалықты жеткізді, оған маңғыстаулық Қуаныш деген азамат (С.Нұржановтың немере ағасы) өзінің Таздың Ақпанының мекен еткен жері мен жерленген жерін білетіндігін құлаққағыс етіпті. «Бұл хабарды саған ғана айтуды жөн көрдім, себебі сенің мұны іздеуге бара алатыныңды білемін ғой», – деді қадірлі Ал­даберген ағамыз.

Мен де бұған қуанып кеттім, осының алдында, бірер жыл бұрын Жаңаөзен қа­ласында тұратын ардақты бауырым, атал­мыш қаладағы «Таз ата» қоғамдық қорының құрылтайшысы Келдіғұл Биманов менен Ақпан атаның мәңгілік тыным тапқан орнын іздестіруді, Кетік қаласындағы мұрағатты ақтаруды өтінген болатын. Мына хабар менің жұмысымды жеңілдетті ғой. Со­дан Алдаберген ағаға рақмет айтып, оның Маңғыстауға бірге баруын өтіндім, ол ризашылықпен келісті.

Сол бойда телефонмен Келдіғұлға хабар­ласып, сәтті бір күні Маңғыстауға бараты­нымызды айттым. Ол да көтеріліп қалды және ата орнын табатынымызға нық сенім білдірді, себебі 2005 жылы жылойлық бауырларымыз – облыстық деңгейде бас­шы, облыс әкімінің орынбасары болған Есенкелді Нұршаев, қажылар Қапан мен Ырысты бастаған Балжігітовтер әулеті бей­неулік бірнеше абзал азаматтармен бірлесіп Таздың ұранға үшінші болып шыққан ба­тыры Төремұрат Тайлыбекұлының жерленген жерін тапқан­ды, оған сол жылы Балжі­гітовтер зәулім кесене тұрғызып, ағайындар үлкен ас берген еді. Осы кесененің біз­дің 2018 жылғы 24 қыркүйекте Ақтауда­ғы облыстық мұражай қызметкерлеріне әдейі барып жасаған өтінішіміз бойынша «Қасиетті Қазақстан» атты көптомдық эн­циклопедияның аталмыш жылы Алматыда шыққан «Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары» деген та­қырыпты екінші томына енгенін естіп, маңғыстаулықтарға риза болып отырмыз, рақмет сіздерге азаматтар!

Ақиқат айтыстан айқындалады

Сонымен Атыраудан барған Алда­берген аға екеуімізді маңғыстаулық бауырлар жылы қарсы алды да, біз кідірместен Жетібайдағы Қуаныш ағаның үйіне жеттік. Алайда Қуекең (айтпақшы, ол маған жезде болып шықты) науқастанып қалған екен, төсек тартып жатыр. Деген­мен Ақпан ата орнын бұрын қорықшы (жер қараушы) болған кезінде талай рет көргенін әңгімелеп берді, оның жобасын айтты. Бірақ өзінің тап қазір барып көрсе­те алмайтындығына қынжылыс білдірді. Ол: «Мұны менің немере інім Светқали Нұржанов біледі, сол ғана дәл тауып бере алады, соған хабарласыңдаршы», – деді.

Біз дереу оған хабарластық, алай­да байланысқа шыға алмадық. Әлекең екеуіміз ініміздің қала сыртындағы үйін іздедік. Сәті түспеді. Содан соң оның за­йыбының филолог-­ғалым екендігін біліп, «Қазақтелекомда» менің Маңғыстау бойын­ша жұмыстас болған қыздарым арқылы із­дестірдік. Ақтолқын қарындасым бұлардың қазір елде болмай отырғандығын, басқа облысқа сапарлап кеткендігін біліп бер­ді. Сөйтіп, алғашқы ойымыз орындалмай қалды.

Осы кезеңде бізге «сендердің іздеп жүр­гендерің қате, ол, шынында, Адайдың Ақ­паны» дегенді айтқандар да пайда болды. Екіншілері «әй, ол Ысықтың Ақпаны ғой» – десті. Бұндай керітартар сөздердің кейбір адамдардың адами емес пиғылдарынан туындайтынын бұрыннан білетінбіз, мо­йыған жоқпыз. Бізге Қуаныш жездеміз де Ақпан атты батырдың Адайда да, Тазда да, Ысықта да болғандығын және өзінің айтып отырғаны Таздың Ақпаны екендігін қайта­-қайта ескерткен-­ді. Біз де өз бабамыздың қасиетті орны барлығына қапысыз сендік. Ізденісімізді жалғастыра беруге бекем бел будық.

Жұрт жадында жатталған

Маңғыстаулық бауырларым әл­денеше рет ескерткенімен соң­ғы төрт жыл бойына менің қолым тимей қойды. Бірақ бір жақсысы мен Ақтаудағы курстас құрдасым Рза Оңғарбаевтан ұялы телефонын алу жо­лымен Светқалимен хабарласа алдым, ол Ақпан атаның орнын шынында білетіндігін, көрсетуге келісетінін айтты. Біз екеуіміз Астанада 2012 жылғы қарашада өткен, ұлы Сырым батырдың 270 жылдығына арналған республикалық ғылыми-­теориялық конфе­ренцияда кездескен екенбіз (онда мен «Сы­рым сардардың серіктері» деген тақырыпта Атағозы, Мыңбай батырлар, Құлжабай, Тұрманбет билер жөнінде баяндама жаса­ғам), бірден түсінісіп кеттік. Соңғы ретте біз Әбілқайыр ханның зайыбы, Адай қызы Бо­пай ханымға арналған Құлсарыдағы ғылы­ми конференцияда 2017 жылы кездестік, Светқали хабарласқанымызға төрт жыл болғанын ескерткен­ді. Мен келесі жылы Маңғыстауға баруға уәде бердім.

Ал Ақпан атаның ізделінуінің хабарын көпке айтып та жүрдім, жұртшылық та бабаның қасиетті орнын тез табуымызға тілектерін арнады.

Ақпан атаның бейіті табылды

Ақыры асыға күткен күн де келіп жетті­-ау. Ал одан 3­-4 ай бұрын Келдіғұл мұндағы тағы бір бауы­рымыз Таңатармен жұмыстас, Еламан деген азаматтың да баба жатқан жерді білетіндігін айтқанын, соның бастауымен «Таз ата» қоғамының белсенділері сонда барып келіп­ті. Бірақ дәлірек анықтау үшін тағы да экспе­диция жасалуын, енді Светқалидың келуін, оның ғылыми тұрғыда дәлелдеуін күтіпті. Бұл біздің Ақпан атаны іздеген бірінші экс­педициямыз болып табылады.

Алдаберген ағамыз екеуіміз 2018 жылғы қыркүйектің 22­-сі күні пойызбен Ақтау­ға жеттік. Біздің абзал сапарымызға, екінші экспедицияға қатысуға көптеген ағайын­дарымыз ниет етті, әсіресе «Таз ата» қоғамдық қорының белсенділері Жүсіп аға, Келдіғұл, Таңатар, Саламат, Ысмайыл, Жұма, Абдолла, Орынбай, Тілек, Тіркеш, Серіктер ерекше құлшыныс танытты. Бұларға Светқалидың жиендері Ордабек пен Қанат үйлеріндегі жеке шаруаларын тастап, ықыластана ерді. Ертеңіне таңертең Светқали бастаған 15 адам Жабайұшқан тауының қасындағы Ақпан атаның жамбасы тиген жерге келіп жеттік.

Төбе басында көп бейіттер, құлпытастар бар екен, өте ертеде орнатылғандықтан (біз­дің есебімізше, «Ақтабан шұбырындыдан» мұндағы атамекенге ата-­бабаларымыздың қайтадан оралғандарына шамамен 260–267 жылдай уақыт өткен сияқты) кейбір құлпытастардағы жазулар да, рулық белгілер де сақталмапты. Ал құбылаға қараты­ла орнатылғандардың бір тобында біздің Таз руының таңбасы бар болып шықты. Солардың бірін Светқали: «Мынау Таз Ақпан батырдың басына қойылған белгі» деп есептеймін, себебі көріп тұрғандарыңыз­дай, оның қасында ерекше шырақ жағыла­тын ақ шырағдан қойылған, ал оның кез келген кісіге қойылмасы анық, бұл – батыр, ел абызы, жұрт басшысы, көсемі болған бірегей тұлғаларға орнатылатын белгі» деп көрсетті. Бізбен бірге барғандардың көбісі бұл орынның көптен «Ақпан жалы», «Ақпан төбесі» деп аталатынын айтысты. Адай Ақпан мен Ысық Ақпанның мекен еткен жерлері мен жерленген орындары басқа жақта екен. Мына төбенің қасында Ақпан атаның құдығы бар болып шықты, лақтырған тасымыз тереңнен шолп етіп, судың дыбысын қайырды.

Сонымен көңілімізді бірледік, ұранға шық­қан абыз және батыр бабамыз Таз Ақпан­ның мәңгілік тыныс алған орны табылды, ол – Маңғыстаудағы Жабайұшқан тауының жанындағы қасиетті төбе. Мұны мен Жылы­ойда 2018 жылғы 6 қазанда әулие Дүйсеке атаның 185 жылдығына арналып өткізілген аста жасаған баяндамамда көпшілікке жария еттім және осы дүбірлі жиын үшін Атырау қаласындағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығынан арнайы шығарып әкелген, асқа келушілерге таратылған «Дарабоз Дүйсеке Дәндіғұлұлы» деген кітабымда жазып көрсеттім (41-­б).

Біз Светқалиға, Қуаныш жездемізге, Еламанға және басқа да бабамызға бай­ла­нысты киелі орынды көрсеткен, жөн сілтеген, сондай-ақ ақ ниетпен тілек­тес болған және қонақ ретінде бізді тік тұрып күткен барша адамдарға шынайы ризашылығымызды айтамыз. Қасиетті ата­ның аруағы барлығымызды қолдасын әр­ қашан! Ардақтыларымызды қастерлей бе­рейік!

Маңғыстау газеті №63/9656/ — №82/9675/

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері, үздік өлкетанушы.
Атырау қаласы