мұнай

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыстарға тапсырыс беруші ретінде «Қаламқас» кен орнындағы апат бойынша қандай шаралар қабылдағаны туралы ақпарат таратты. Айта кетелік, 13 наурыз күні кен орнындағы №8237 ұңғымасында грифондар пайда болып, 25 наурызда олардың бірінен өрт шығып, қызыл жалын үш күннен кейін сөндірілген еді. Апатты тергеп-тексерген комиссия Си Бу компаниясының кінәсін анықтаған еді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

ММГ жұртшылықпен байланыс бөлімінің хабарлауынша, Си Бу компаниясының басшылығы тергеу аяқталғанға дейін кінәлі адамдарды жазалау және алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау бойынша бірқатар шаралар қабылдаған. Оның ішінде:

  • 14 адам жұмыстан босатылды;
  • 4 қызметкерге сөгіс жарияланды;
  • жұмыс істеп тұрған зиянды қалдықтарды шығармайтын жабдықтар (ЗҚШЖ) тексерістен өтті;
  • ЗҚШЖ-ға қызмет көрсету жұмыстары және ЗҚШЖ-ны тығыздау бойынша екі сатылы бақылау күшейтілді;
  • ЗҚШЖ-ны тексеру бойынша қызметкерлердің жеке штаты бөлінді;
  • сыйымдылықтардағы сұйықтық деңгейінің сигнал беру датчиктері орнатылды:
  • барлық қызметкерлер үшін қосымша нұсқама өткізілді;
  • газ, мұнай және су қосындысының жер бетіне шығуы және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша қызметкерлер қайта даярлаудан өтті.

«Бұдан басқа Энергетика министрлігі мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының өңіраралық басқармасының 2019 жылғы 19 сәуірде шығарған көмірсутек саласындағы қызмет түрлеріне берілген мемлекеттік лицензияның күшін тоқтата тұру туралы әкімшілік іске Си Бу компаниясы қарсы шағым түсіруде», — делінген Маңғыстаумұнайгаз хабарламасында.

Маңғыстаумұнайгаздың хабарлауынша, комиссия тексеру жұмыстарының материалдарын құқық қорғау органдарына тапсырған. Си Бу компаниясын лицензиясынан айыру туралы шешім енді осы органдар қабылдайды.

Си Бу компаниясы Маңғыстау облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып табылады, қазіргі таңда онда 909 адам еңбек етеді.

«Маңғыстаумұнайгаз лицензиядан айыру туралы шешім заңда бекітілген тәртіппен қабылданатынына және барлық мүдделі тараптардың пікірі ескерілетініне сенімді. Си Бу компаниясы лицензиясынан айырылған жағдайда Маңғыстаумұнайгазда мұнай өндіру жөніндегі өндірістік жоспарды орындамау қауіпі туындауы мүмкін екендігін атап айтқан жөн. Бұл өңір экономикасына кері әсерін тигізеді», — делінген хабарламада.

Айта кетелік, Маңғыстаумұнайгаз — Қазақстандағы ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі. Ол облыстағы мұнайдың 31%-нан астамын және республика бойынша 8%-ын өндіреді.