Өткен бейсенбі күні «Мұнайшы» мәдениет сарайында Жаңаөзен қаласының қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы болды. Жер мәселесін талқылауға арналған алқалы жиынға облыс әкімі А.Айдарбаев, оның орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшелері, облыстық басқарма басшылары, жергілікті жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі А.Айдарбаев жердің жайы Ақтауда өткен облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланғанын, халықтың елдік мәселеге үн қосқанын айтып өтті. Кеңес отырысында 20-дан аса ұсыныс-пікір тыңдалып, хаттамаға түсірілген. Аймақ басшысы Алик Серікұлының айтуынша, республикалық комиссияның қарауына 17 ұсыныс жолданса, қалған ұсыныстарды іске асыру өңірімізде кезең-кезеңімен шешіледі. Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Д.Сейбағытов жиынға қатысушыларды аталмыш комиссия отырысында айтылған ой-пікірлерден, ұсыныстардан хабардар етті.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағанбетов Жер Кодексіне енгізілген толықтыруларды түсіндіріп, өңіріміздегі жер қоры жөнінде ақпарат берді.

– Жаңаөзен қаласында 51 мың 600 гектар жер бар. 2009 жыл мен 2016 жылды салыстырғанда ауылшаруашылығы жерлерінің көлемі 3 млн. 222 мың гектарға азайса, бос жатқан жерлер көлемі 3 млн. 123 мың гектарға ұлғайды. Маңғыстау облысының жер кадастрлық картасындағы бос жатқан жерлер болашақта аукцион мен конкурс арқылы халыққа беріледі. Өткен жылы Қарақия ауданында 11 мың 300 гектарды құрайтын 20 жер конкурсқа шығарылып, оның ішінде көлемі 900 гектар болатын 2 жер телімі ғана табысталды. Шетелдіктерге жер уақытша да, жекеменшікке де берілген жоқ. Маңғыстау облысы бойынша жайылымдық жерлердің құны бір гектары 1600-1800 теңге, егіндік жерлердің гектары 32-34 теңге, елді мекендердің шаршы метрі орналасқан жерлеріне қарай 100-1830 теңгеге бағаланады. Облысымызда жеке меншікке жер беру көлемі шектелген. Ауылшаруашылығы мақсатында жер пайдаланушы жеке тұлғаларға 4 мың гектарға, заңды тұлғаларға 100 мың гектарға дейін жер беріледі. Шетелдік азаматтарға уақытша жер пайдалану құқығы 3 мың,заңды тұлғаларға 5 мың гектармен шектеледі. Заңның талаптарын түсіндіру бағытында жер туралы ресми сайт, республикада (1434) және облысымызда (60-51-09) call- орталық жұмыс істейді, –деді Есемұрат Дәулетиярұлы.

Кеңес отырысына қатысушыларға ойларымен ортақтасуға, пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізуге кезек берілді. «Өзенмұнайгаз» АҚ №2 скважиналарға қызмет көрсету басқармасы кәсіподағы комитетінің төрағасы С.Төкенов «Кендірлі-Қаясан» қорығындағы құстардың қорғалуы қатаң бақылауға алыну қажеттігін назарға берді. Аталмыш акционерлік қоғамның №1 мұнай және газ өндіру басқармасының кәсіподақ төрағасы И. Сатыбаев қазіргі таңда өңірімізде тұрғын үйге жер беру мәселесін шешу жөнінде сауал қойды. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Г.Тәңірбергенова «Кендірлі» демалыс аймағына инвесторлар келгенде қандай жұмыстар атқаратынын және осы аймақтың айналасынан халыққа тұрғын үй салуға жер телімін беру туралы сауал жолдады.

– Жақында өңірімізе келген неміс инвесторлары «Кендірліде» шипажай салуға ұсыныс білдіріп, өз шарттарын айтты. Бұл мәселе нақты шешілген жоқ. Соңғы 3-4 жылда барлық елдімекендердің бас жоспарын бекіттік. Жаңаөзен қаласы 40 мың тұрғынға арналған. Қазіргі таңда мұнда 130 мыңнан аса халық тұрады. Халыққа жұмыс орындарын тауып беруіміз керек. Жаңаөзеннің бас жоспары бекітілген. Жеке тұрғын үй мен көп қабатты үйлер де салынбайды. Жаңаөзен қаласының өзінде 16 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл мәселелерді шешуіміз керек. Инфрақұрылым болмаса, жер берілмейді. Соңғы 5 жылда облысымызда 6 мың жер телімі берілген. Соның 1 мыңын қаржы болмағандықтан инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алмай отырмыз, – деді облыс әкімі А.Айдарбаев.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Қ.Реймбайұлы Жер Кодексінде халықтың талап-тілегі ескерілу қажеттігін назарға берді. – Мен 7-8 жылдан бері жылқы шаруашылығымен айналысып келемін. Бостан ауылынан тұрғын үйге және мал жайылымына жер сұрадым. Жергілікті атқарушы билік жер берілмейтінін айтты. Жерді жекешелендірген азаматтар Қарақұдықтан алған аумақтарын қоршап алған. Шаруалар малын қайда жаямыз деп алаңдайды. Кейін шаруашылығымызда тоқтатуға тура келмей ме?,–деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны А.Бисенов. Бұл сауалға жауап берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағанбетов жер тар болса, аукционға қатысуға болатынын немесе жергілікті әкімдікке ұсыныс беруге болатынын хабарлады. «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшысы Н.Нұрғалиев жерді сатуға да, жалға беруге де қарсылық білдіріп, Бостандық шағынауданындағы үйлер судан қиындық көріп отырғанын айтты. Жаңаөзен қаласының әкімі Е.Әбілов Бостандық, Рахат ауылдарындағы бұл мәселені шешу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Кен–Құрылыс–Сервис» ЖШС кәсіподақ төрағасы М.Созақбаев жерді елдің игілігіне жаратылуы қажеттігін, сондықтан сатуға да, жалға беруге де болмайтынын айтты. Жаңаөзен мұнайшыларының атынан сөз алған «Өзенмұнайгаз» АҚ бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшысы Ш. Өткілов жерді сатуға, жалға беруге қарсы екенін білдірді. «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы О.Құлбеков «ата-бабадан мұраға қалған жеріміз сатылмауы да, жалға да берілмеуі керек» деген пікірде. «КРУЗ» ЖШС кәсіподақ төрағасы С.Серіков оралмандарға жер телімін бере алмай отырғанда, жердің шетел азаматтарына сатылуы, жалға берілуі деген мәселе көтерілуі негізсіз екенін айтып өтті. Жаңаөзен қаласының тұрғыны О.Әділов елдің бірлігі, халықтың тыныштығы бұзылмас үшін жер тағдырын шешуде халықтың ой-пікірі ескерілетініне сенімділік білдірді. Шетелдердегі жағдайды мысалған келтірген зейнеткер Т.Базарбаев жерді сатуға, жалға беруге болмайтынын жеткізді. «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның кәсіподақ төрағасы Н.Сақтағанов аймағымызда ауылшаруашылығын дамыту үшін жер ұзақ жылға жалға берілмеу керектігін қаперге берді. Республикалық комиссия мүшесі Жәнібек Қожық біріншіден, шетел азаматтарына тұрмысқа шыққан қыздарды ҚР азаматтығынан шығаруды, елде жүрген шетел азаматтарын есепке алып, заңсыз жүргендерін елімізден шығаруды ұсыныс етті. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Х.Дүйсекенов жайылымдық жер ел азаматтарына ғана жалға берілуі керектігін, шетел азаматтарына жалға де сатуға да болмайтынын айтты.

Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Д.Сейбағытов Жаңаөзен қаласының қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысының хаттамасы республикалық комиссияға берілетінін, ұсыныс-пікірлер сараптамадан өткізілетінін хабарлады. Екі сағатқа созылған кеңейтілген кеңес отырысында сөйлеушілерге шектеусіз уақыт беріліп, ұсыныс-пікірлер ашық айтылды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А.Айдарбаев облыста, қала мен аудан-ауылдарда құрылған қоғамдық кеңес жердің жайы ғана емес, өзге де өзекті мәселелерді талқыла йтынын жеткізді. Аймақ басшысы Алик Серікұлының айтуынша, жиында көтерілген барлық мәселелер құзырлы мекемелерде қаралады. Сондай-ақ алдағы уақытта қоғамдық пікір туғызған жер мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстары жалғасын табады.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ