бокс

Ертең Ақтауда қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан Х халықаралық турнир басталады.

4-7 қазан аралығында өтетін турнирге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Польша, Әзірбайжан, Финляндия, Моңғолия, Түрікменстан, Белорусия, Армения мен Грузиядан 200-ге жуық спортшы қатысады.

Жекпе-жектер 4-5 қазанда, жартылай финал 6 қазанда, ал финал 7 қазанда «Маңғыстау-арена» спорт кешенінде өтеді.

Шоқыр Бөлтекұлы – 1916 жылы Маңғыстау облысында Жармыш поселкесінде дүниеге келген. Студент кезінде бокпен айналыса бастаған. Шоқыр Бөлтекұлы – 1936 жылы әуесқой боксты қазақ жерінде дамыта бастаған бірінші қазақ, СССР спорт шебері. 1947 жылы Мәскеуде өткен бокстан СССР чемпионатына алғаш реті Қазақ СССР құрама командасы қатысты. Команданы  Шоқыр Бөлтекұлы бастап барды.

Шоқыр Бөлтекұлы Асқар Құлыбаев, Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдіналиев, Виктор және Владимир Каримов, Иосиф Гильдин сияқты Қазақстанның атақты боксшыларын тәрбиеледі.

Серік Сапиев, Бахтияр Артаев, Ердос Жаңабергенов, Әділбек Ниязымбетов, Рустам Саидов, Альберт Селимов, Қайрат Ералиев, Василий Левит сынды танымал боксышылар осы турнирдің әр жылдардағы жеңімпазы болды.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Сурет Талант ҚҰСАЙЫННЫҢ архивінен