Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Маңғыстауға жұмыс сапары аясында Ақтау қаласындағы облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатына барды. Депутаттардың сапары мұғалімдер күніне орай жоспарланды.

Мектепке Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, комитет хатшысы Кәлетаев Дархан, комитет мүшелері Серік Джақсыбеков пен Төлеубек Мұқашев және қоғам қайраткері Ляззат Қиынов барады. Сонымен қатар, кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының бас директоры Ерлан Дәрімов және ЖШС «ӘБЕО орталығы» директоры Роза Сүлейменова қатысты.

Кездесу барысында Парламент Сенатының депутаттарына мектепке 2017 жылдың маусым айында «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының аясында табысталған жаңа түзелту құрал-жабдықтары көрсетілді. Бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобымен жүзеге асырылды. Бағдарлама үйлестірушісі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры.

Аталмыш бағдарлама аясында 2017 жылдың маусым айында облыстың барлық арнайы мектептерінің түзелту кабинеттері құрал-жабдықтармен қамтылды. Атап айтсақ, «Жаңаөзен арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемесі» КММ, «№3 арнайы жалпы білім беру мектебі» КММ, «№2 арнайы жалпы білім беру мектебі» КММ және «Облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаты» КММ.
Түзелту кабинеттеріне арналған құрал-жабдықтардың ішіне сенсорлы бөлме, жұмсақ бөлме, логопедтік оқыту аппараттары, дамыту құралдары, массаж зондтары және т.б кіреді.

Естеріңізге сала кетейік, «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2016 жылдың соңында өз жұмысын бастады. Бағдарламаның мақсаты – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы орналасқан өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Маңғыстау облысында «Менің елім» бағдарламасы 2017 жылы іске қосылды. Осыған дейін, 2017 жылдың мамыр айында бағдарлама бойынша Маңғыстау облысының 50 мектебі спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Мектептер «Биіктерге бірге!» байқауының үздік спорт жобасы бойынша таңдалып алынды. Барлығы байқауға облыс бойынша 84 өтініш қабылданды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі