Бүгін теңіз жағалауында  жаңа лагердің ашылу рәсімі өтті.

Жобаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді ояту, әскери өмірдің тыныс тіршілігімен таныстыру.

Лагерге спорттық, әскери, патриоттық бағыттағы сайыстарға қатысқан облыстағы жалпы білім беретін орта мектептердің 8-9 сыныпқа өткен ер балалары қатыса алады.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, жаңа жобаға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылар мен қатысушыларды құттықтады.

Ақтауда алғаш рет «Жас сарбаз» әскери лагері ашылды

Бейнеуден келген Нәсібеков Нұрхан лагердің алғашқы қатысушыларының бірі болғанына қуанышты.

-Мен Бейнеу лицейінің 9-сынып оқушысымын. Спортпен айналысқаныма 5 жыл болды. Көптеген спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орын алдым. Мен бұған дейін де көптеген лагерлерге бардым. Бірақ «Жас сарбаз» лагері олардан ерекше. Мұнда тек ер балалар қабылданады және әскери бағытта тәрбиелейді. Сонымен қатар, жаңа достар тауып, уақытымды қызықты өткіземін. Болашақта әскери сала маманы болғым келеді, — дейді Нұрхан.

Ақтауда алғаш рет «Жас сарбаз» әскери лагері ашылды

«Жас сарбаз» лагері 1-23 тамыз аралығында үш ауысыммен өткізіледі. Әр ауысымның ұзақтығы 7 күннен тұрады.

-Өскелең ұрпақтың бойына рух беретін, елін қорғайтын патриоттарды дайындауда бұл лагердің үлесі мол болмақ.  Облысымыздағы әскери-патриоттық мектептердегі, клубтардағы белсенді балалар іріктеліп алынады. Балалар оқу-жаттығу, дала-жаттығулары барысында қару-жарақтармен танысады, оларды құрастырады, әскери көліктерге міну, түсу, секіру деген секілді дүниелерді тәжірибе жүзінде көреді. Биыл облысымызда бірінші рет ұйымдастырылып жатыр, алдағы уақытта да жалғасын табады, — дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Жылқыбайқызы.

Лагерь бағдарламасына жалпы дене шынықтыру, атыс дайындығы, биіктіктегі дайындық, қоян-қолтық ұрыс, саптық дайындық, әскери-медициналық дайындық және шекара қызметін ұйымдастыру негіздері кіреді.

Оқу-жаттығу сабақтарын АӘД мұғалімдері, тәжірибелі инструктарлар, запастағы офицерлер жүргізеді.

Қатысушылар керек-жарақ жабдықтармен, киімдермен және экипировкамен қамтамасыз етіледі.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА