Ақтау қаласы «Достық үйінде» «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кавказ халқы билері фестивалі» өтті. Фестиваль әйгілі өнерпаз, әлем халықтарының би қимыл-қозғалысын жетік меңгерген Махмуд Эсамбаев құрметіне арналды. Дәстүрлі додада армян, әзірбайжан, дағыстан би ұжымдары бақ сынасып, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, өнерпаз бишілерге лезгин, неміс, украин, қазақ, беларусь сынды өзге ұлт өкілдері қолдау көрсетіп,  қошемет танытты.

Кавказ халқы билері фестивалінде «Настроение», «Шадвал», «Альтаир», «Нұр» және «Жорға» би ансамблдері  ерекше  өнер көрсетті. Ырғақты би қимылдары, өршіл сазбен үйлесім тапқан шалт әрі ширақ қозғалыстар таңданыс тудырғаны рас. Шешен және ингуш «Вайнах» этномәдени бірлестігінің мүшесі – Ислам Музаев, армян «Ехпайрутюн» этномәдени бірлестігінің өкілі – Армен Саакян, лезгин «Самур» этномәдени бірлестігінің мүшесі – Марина Байрамова көрермендерге әр түрлі тілде ән орындап, ерекше көңіл күй сыйлады.

Аталмыш шара тарихи Отанға деген құрметті, ұлттық дәстүр мен өнерді дәріптейді. Бір шаңырақ астындағы ұлттар татуластығы бұл фестивальде айқын көрініс тапты. Шара соңында қатысушылар арнайы алғыс хаттармен және құнды сыйлықтармен марапатталды.

 Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ