Небәрі 16 жасында «Ең жас гроссмейстер» атанған Қазақстанның сегіз дүркін абсолютті чемпионы, Қазақстан мен Орталық Азияның әйелдер арасындағы шахмат көшбасшысы, «ТОП-30»-дағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Ақтау қаласына келді. Қазақты шахмат додаларында дүниежүзіне танытып жүрген ару «Лекториум» жобасы аясында Маңғыстау облысының жастарымен кездесті. Басты мақсат-жастар арасында шахмат ойынын кеңінен насихаттау, жастардың логикалық ойлау қабілеттері мен ой өрісін өрбіту.

— Алғашқыда шахматтың сырына үңілмей, хобби ретінде айналысқан болатынмын. Маған дәріс берген ұстазым Ольга Черепанова анама «қызыңыздың қабілетін ұштау керек, шахматтан өтетін жарыстарға көп қатыстыру керек» деп айтқан болатын. 2007 жылы әлемнің вице-чемпионы болғаннан кейін кәсіби шахматшы болуға шешім қабылдадым. ХХІ ғасырдағы ең бірінші әлем чемпионы атандым. Осылайша шахмат өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды… Шетелде жарысқа қатысудың жауапкершілігі көп. Себебі, ел намысын қолдан бермеуің керек. Әлемдік жарыстарда алтын медаль иеленген кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Былтыр Үндістанда өткен жарыста 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионы атанып, алтын медальға қол жеткіздім. Шахматтың отанында Қазақстанның әнұраны шырқалды. Жалпы шахмат-ақыл-ойды дамытатын спорт түрі. Сондықтан да баршаңызды шахмат ойнауға, спортпен айналысуға шақырамын,-деді жастармен кездесуінде Динара Сәдуақасова.

Еркін форматта өткен басқосуда маңғыстаулық жастар шахмат шеберіне сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кездесу соңында Динара Сәдуақасова «Арман» жастар орталығына өзінің кітабын тарту етті.

-Мен шахмат үйірмесіне 7 жылдан бері қатысамын. Әр түрлі деңгейде қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегер атандым. Ендігі үлкен арманым-әлемге танымал гроссмейстер атану… Бүгін белгілі шахматшы арумен өткен кездесу өте әсерлі болды. Бұл кездесу мені ерекше шабыттандырды,-дейді Данияр Сәрсенбекұлы.

Венера МИРЛАН