Тұрғындарды жұмыспен қамту — біздің аймағымызда күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі. Бұл түйткілдің түйінін шешу үшін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында тындырылған істер аз емес. Ал Маңғыстау облысының демографиялық жағдайына ыңғайластырылған аймақтық бағдарламалардан жемісті нәтижелер күтілуде. Мәселен, 2014 жылы іске қосылған «Жаңа Серпін» өңірлік бағдарламасының жүзеге асырылуымен облыста жұмыссыздық мәселесі біршама жеңілдегендей болды.

Енді осы бағдарламаға қосымша «Өркен» бағдарламасы іске қосылмақ. Облыс әкімдігінде әзірленген жаңа бағдарлама жобасында еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру және азаматтардың Қазақстан Республикасының Үкіметі еңбек күші жеткіліксіз деп белгілеген аймақтарға ерікті түрде қоныс аударуына ықпал ету жөніндегі шаралар қамтылған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратовамен сұхбаттас болғанымызда, ол Ақтау қаласы мен Қарақия ауданының Құрық ауылында барлығы үш жатақхана құрылысы жүріп жатқанын айтты. Құрылысы біткен соң бұл жатақханалар «Жаңа-Серпін» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансына берілмек. Жатақханаларда Жаңаөзен қаласы мен шалғай ауылдардан облыс орталығындағы және Құрық ауылындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылатын жұмыссыз жастар тұратын болады.

Жаңа бағдарламада еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру шаралары аясында Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының Жетібай ауылындағы жұмыссыз тұрғындарға пилоттық жоба ретінде ұсыну үшін Ақтау қаласында, Қарақия ауданының Құрық ауылында және Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында көп пәтерлі үш тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын даярлау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ бағдарлама аясында еңбек күші жеткіліксіз аймақтарға орналасу үшін ынталандыру шаралары қарастырылатын болады. Мұнымен қатар біздің өңірімізде де кейбір мамандардың тапшылығы сезілуде. Сондықтан Маңғыстаудың денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ветеренария салаларына жоғары білікті мамандарды тарту шаралары жоспарлануда. Шақырылған мамандарға жатақханалардан орын қарастырылады.

Биылғы сәуір айында облыс тұрғындарының еңбек күші жеткіліксіз аймақтарға өз еркімен барып, орналасуына ықпал ету және олар орналасатын аймақтардың жұмыспен қамту орталықтарының, жұмыс берушілерінің бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізуі мәселелері бойынша аймақтар әкімдіктерімен меморандумға қол қою жоспарланған.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА