арт декор

«Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет-сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек.
Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан

Өңірімізде мемлекеттік бағдарламалар экономиканың өзекті буыны саналатын өнеркәсіп саласына да жаңа леп әкеліп, отандық өнімнің өрісін кеңейтті. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бизнестің буынын бекітіп, кәсіпкерліктің көсегесін көгертіп, халықты жұмыспен қамтып отыр. Өткен бейсенбіде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен облыстық баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен турда мемлекет қолдауына ие болған бірқатар өндіріс орындарында болдық.

2

Алдымен Ақтау пластмасса зауытының аумағындағы қасбеттік тақта шығаратын зауытқа бардық. Мұнда «West Decor» ЖШС құрылысқа қажетті өнім өндіріп, сауда нарығына шығарады.

– Біз осы кәсіпті бастамас бұрын жан-жақты ізденіп, зерттеп алдық. Түркия мемлекетіне барып, осы өндірістің технологиясымен таныстық. Облысымызда соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан осы кәсіп көзін ыңғайлы әрі тиімді деп таптық. «Даму» арқылы 5 жылға 19 пайызбен 19,5 млн. теңге несие алдық. Осының 10 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Бұл қаржыға Түркиядан соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды сатып алдық. Жергілікті әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы ғимаратта кәсібімізді бастауға мүмкіндік берді. Зауытта және кеңседе 11 адам жұмыс жасайды. Ұсақ саңылаулы кеуек қуыстары бар пластты жергілікті өнім өндірушілерден сатып аламыз. Компьтер арқылы арнайы пішінді белгілейміз. Арнайы құрылғы қажетті көлемдегі өнімді кесіп шығарады. Кейін арнайы қоспалар жағылып, квартцты құммен әрленеді,– деді «West Decor» ЖШС- ның коммерциялық директоры Азамат Тасмағанбетов.

03

Зауыт ашылмас бұрын еңбек ететін жұмысшыларды Түркиядан келген мамандар осы іске баулып, өндірістің қыр-сырын үйреткен. Ғимараттың сәнін келтіріп, жылулық беретін жеңіл өнімнің түр- түрі бар. Мәселен, терезе алдына тақтай, жақтау, тіреуіш және тағы да басқа тапсырыс берушінің қалауына қарай әртүрлі өнімдер дайындалады. Күніне 1200-1300 текше метр тақтай түрлері шығарылады. «West Decor» ЖШС- ның коммерциялық директоры Азамат Тасмағанбетовтың айтуынша, Ақтау қаласының тұрғындары 29 шағынаудандағы серіктестіктің дүкеніне барып, тапсырыс бере алады. Алдағы уақытта сәндеуге арналған тақтай түрлері өзге өңірлерге тасымалданбақ.

04

«Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасының берекесін көрген жеке кәсіпкер Баян Абдуллаева Басқұдықта 2016 жылы тігін фабрикасын ашты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 7 жылға 15 млн.теңге несие алған кәсіпкер көрпе, жастық тігумен айналысады.

09

– Осы кәсіпті 2011 жылы бастаған болатынмын. Ақтау қаласында жалдамалы орында тігін тігуге қажетті жағдай болмады. Жаңа ғимарат салу үшін мемлекеттің қолдауына иек артып, 2015 жылы несие алдым. Бүгінде несиенің 10 пайызы субсидиямен төленсе, мен 6 пайызын ғана өтеп отырмын. Осыдан 7-8 ай бұрын осы жайлы орынға көшіп келдік. «Жұмыспен қамту– 2020» бағдарламасы бойынша 16 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыдым,– деді ісмер Баян Абдуллаева.

12-1

Фабрикадағы құра-жабдықтардың дені Жапония мен Қытайдан әкелінген. Түрлі үлгідегі көрпелер тігуге мата, мақта мен қой, түйе жүні Корей елінен, Түркия мемлекетінен, Мәскеуден жеткізіледі. Көрпенің бағасы 20 мың, жастықтардың бағасы 6 мың теңгеден басталады. Жеке кәсіпкердің айтуынша, сапасы мен сәні келіскен ұлттық нақыштағы төсек- орындар, перделер, көрпелер мен жастықтар еліміздің өзге өңірлерінде де сұранысқа ие. Фабрикада бір тігінші 3 күнде бір құрақ көрпе, арнайы құрылғы 60-70 көрпені сырып тігеді екен. Жеке кәсіпкер облыс орталығындағы 17 шағынауданда «Жиһаз» әлемі дүкенінде сауда нүктесі арқылы тапсырыстар қабылдайды. Кәсібінің нәсібін көріп отырған Баян Абдуллаева болашақта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы тағы да несие алып, тігілетін өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.

13-1

– Мен жұмыссыздар кезегінде тіркелген болатынмын. Жарты жыл бұрын осы фабрикаға тігінші керек екенін біліп, осында жұмысқа келдім. Менің мамандығым – тігінші. Фабрикаға жарты жыл бұрын келгенде, тігіншіліктің қыр-сырын меңгерген мамандар барлығын үйретті. Арнайы тігін машинасының көмегімен күніне 3 көрпеге ою саламын. Жұмыс тәртібі бойынша екі күн жасап, екі күн демаламын, – дейді тігінші Гүлжайна Әбілова.

1-4

БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз туры барысында Мұнайлы ауданы, Приозерный елді мекеніндегі наубайханаға бет алдық. 2000 жылдары отбасылық кәсіпті қолға алған Эльбрус Мамедов мемлекеттің қолдауының арқасында шаруасының шырайын келтіріп, ісін өрге домалатып отыр.

– Ақтау қаласында азық-түлік дүкенімнің қасында шағын наубайханамыз болды. Бертін келе, мемлекеттің бағдарлама аясында «Дамудан» 3 жылға 19 пайызбен 20 млн.теңге несие алдық. Осы қаржыға Түркиядан құрал- жабдықтар әкеліп, құлшыныспен басты тағамды пісіруді бастап кеттік. Наубайханада екі ауысыммен 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Нанды нарықта ең төменгі бағада сатып отырмыз, – деді жеке кәсіпкер Эльбрус Мамедов.

5

Наубайханада тәулігіне 9 мыңдай әртүрлі нан мен 2 мыңнан аса тәтті бөлкелер мен кондитерлік өнімдер пісіріледі. Сұранысқа ие нан өнімдері қаладағы 200-ге жуық сауда нүктелеріне жеткізіледі екен.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант Құсайын, Надежда Шульга