самбошы

Ақтөбе қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан Ел чемпионаты мәресіне жетті. Төрт күнге созылған жарысқа еліміздің әр аймағынан жиналған 400-ден астам самбошы қатысып, бақтарын сынады.

6

— Аталмыш жарыс Ташкентте өтетін Азия чемпионатына, Ашхабатта өтетін Азия ойындарына іріктеу бәсекесі болғандықтан, барлық мықтылар жиналды. Біздің спортшылар да есесін жібермей, жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салып, күресті. Жалпы жарысқа аймақтан 16 спортшыны алып барған болатынбыз, оның 2-уі қыз,-дейді ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиев.

Боз кілемдегі белдесулердің нәтижесіне тоқталар болсақ, маңғыстаулық балуандар, «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 52 келі салмақта Нұркен Домбаев алтыннан алқа тағып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Сондай-ақ, 90 келі салмақта Асхат Хапанов екінші орынға тұрақтаса, 62 келі салмақта Бауыржан Ботабаев пен 48 келі салмақта Балнұр Аппазова үшінші орыннан көрінді. Жарыста жеңімпаз атанғандар маусым айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатына және қараша айында Сочида өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Одан бөлек, жеңімпаздар шілдеде Астанада өтетін Елбасының жүлдесіне арналған халықаралық турнирге, Ашхабатта өтетін Азия ойындарына да жолдама алды.

       image-03-04-17-08-48-4
— Алғашқы кездесуім шығысқазақстандық самбошы Мейрамбек Мұхтармен өтті, қарсыласымды 11:3 жеңіп, келесі кезеңге жолдама алдым. Екінші кездесуімде қызылордалық балуанды 5:1 есебімен ұтсам, үшінші кездесуде атыраулық спортшының жауырынын жер иіскетіп, финалға жолдама алдым. Финалдық бәсеке де тартысты өтті, оңтүстік қазақстандық самбошыны айқын басымдылықпен жеңіп, тұғырдың ең биік сатысынан көріндім. Жарыс жеңімпазы атанып, Азия, Әлем чемпионаттарына жолдама алғаным үшін аса қуаныштымын. Ендігі мақсат-осы жарыстарда елімнің әнұранын асқақтатып, көк туын желбірету,-дейді Нұркен Домбаев.

Венера МИРЛАН

4