енпф пенсия зейнетақы

Өткен жұма күні Ақтау қаласындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ)  филиалында ашық есік күні өтті. Есепшотында жиналып жатқан қаржысы, зейнет демалысына шыққан кездегі жағдайы туралы мәлімет білгісі келген тұрғындар жиналған залда кіріспе сөз сөйлеген БЖЗҚ АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Қибасова Жанар зейнетақы қорының есігі әрдайым ашық екендігін айтты.  

— Біз еліміздегі азаматтарымыздың мектеп қабырғасынан-ақ зейнетақының не екенін жақсы біліп, қартайған шағында қамсыз өмір сүру мәселесін де жетік меңгергенін қалаймыз,-деді ол.-Бүгінгі таңдағы біздің басты міндетіміз–халыққа сапалы қызмет көрсету, Қор қызметінің айқындылығы мен ашықтығын арттыру. Мұның барлығы Сіздерге ыңғайлы болу үшін жасалуда.

Филиал директорының орынбасары Зәуреш Аленова «Зейнетақы жүйесі қалай құрылды» деген тақырыпта таныстырылым жасады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. Зейнетақы қорының құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. Қордың зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес Қор міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін жүргізуді, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді.

Биылғы 1 ақпанда шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,04 миллион бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,58 миллион бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 423,35 мың бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 39,11 мың бірлік болды. Екі ай ішінде түсімдердің жалпы сомасы 121,68 миллиард теңге болды. Әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50 пайызын республикалық бюджетке қайтару есепке алына отырып, қайтарылған жарналар үстіміздегі жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 0,53 миллиард теңге болды. 

Салымшы (алушы) өзінің ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы (оның ішінде есептелген инвестициялық табыс туралы) ақпаратты БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталығының бірінен, пошта байланысы арқылы, электрондық пошта арқылы, БЖЗҚ сайты немесе ұялы қосымша арқылы ала алады. Бүгінде 3,1 миллионға жуық адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде электрондық хабарлау тәсілін таңдаған. Мәселен, 198 мыңға жуық адам электрондық мекенжайға үзінді көшірмелер алады, ал 2,9 миллион адам сайт немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы ақпарат ала алады. 1-наурыздағы жағдай бойынша ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 636,6 мың болды. Осылайша, жыл басынан бері жүктеп алу саны 126,9 мыңға дерлік көбейді. Ал 1-қаңтарда бұл көрсеткіш 509,7 мың жүктеуге тең болған-ды.  

Ағымдағы жылдың 1-наурызында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесі салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметі 2015 жылғы ақпанда қолданысқа енгізілген сәттен бастап электрондық үкімет порталы арқылы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан 378 мыңнан астам  үзінді көшірме берілген.

Әрбір салымшы (алушы) БЖЗҚ-ға өзі келіп, немесе 1418 тегін нөміріне қоңырау шала отырып, телефон арқылы, әлеуметтік желілер, «кері байланыс» нысаны және Қордың корпоративтік сайтындағы онлайн-чат арқылы қашықтан да құпия ақпараттан басқа барлық өзін қызықтырған мәселелер бойынша кеңес ала алады.

Зәуреш Қожыққызы келушілерге зейнетақы жүйесін құрайтын үш құраушы, олардың қалай дамып, өзгеретіндігін түсіндірді. Бүгінде зейнетке шыққан адам үш жерден қаражат алады. Бұл ең алдымен, базалық және ортақ зейнетақы төленетін мемлекеттік бюджет. Қазір базалық зейнетақы барлығына бірдей мөлшерде төленеді, ортақ (немесе еңбек) зейнетақы 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілін есепке алады. Зейнетақының екінші деңгейі–міндетті және міндетті кәсіптік жарналар есебінен құрылған БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер. Ал үшіншісі–ерікті жинақтар, бұл кейбір адамдарда ғана бар.

Зейнетақы қорының ерекшелігі туралы бейнероликті тамашалай отырып, зейнетақы активтері бір жерге топтастырылғаннан кейін комиссиялық жарна деңгейінің бұрынғы жеке қорлар өндіріп алған жарналармен салыстырғанда екі есе азайғанын, әкімшілік шығыстардың қысқарғанын, инвестициялық саясат басқаруында үлестес тұлғалармен қасақана зиянды мәмілелер жасау тәуекелінің жойылғанын білген ашық есік күніне келгендер www.enpf.kz сайтындағы «зейнетақы калькуляторы» арқылы болашақта алатын зейнетақы мөлшерін анықтау үшін интерактивтік «шеберлік сағатынан» өтті.  Сондай-ақ олар өздерін толғандырған сауалдарға тұшымды жауап алды. Ал филиал мамандары азаматтардың барлық жұмыс күндері осында келіп, зейнетақы мәселесіне орай барлық сұрақтарын қоя алатынын айтты.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА