Ізбасар Қоғабаев ағамызды көзіміз көрді. Аташ кентінде тұрды. Жымиып қана жүріп, жәй сөйлейтін, салмақты да сабырлы, жылы жүзді адам еді. Көп сөйлемейтін, сөйлеген адамды жымиып тұрып тыңдайтын-ды. Соғысқа қатысқанын білсек те, оның «соғыста болдым, мынадай ерлік жасадым» деген сияқты әңгіме айтқанын естімеппіз. Былайғы біз тұрмақ, ұлы Орысбай да қанша сұраса да, «Еее, қатыстық қой. Алдымен Моңғолияда болдық, сосын батысқа жөнелтті. Днепрден өтіп, Берлинге жеткенше небір соғысты көрдік қой» дегеннен өзге тереңдеп ештеме айтпапты.

          Азды-көпті ізденіп, Ізбасар ағаның жауынгерлік жолын нобайлап, шамалап, нұсқасын жасағандай болдық. Өкінішке қарай, Ресей архивтеріне салған сұрауларымыздың бір де біріне жауап болмады. Мүмкін, олардың да тау-тау құжатты ақтарып, іздеп табуына бірталай уақыт керек шығар. Біз Ұлы Отан соғысының барысын жазған тарихшылардың интернетке шыққан жазбалары арқылы, оларды да басқа тарихшылардың, жылнамашылардың жазғандарымен салыстыра отырып, бір ізге түскендей болдық.

         Қоғабаев Ізбасар аға осы Ақкетік айналасында туып-өскен кісі. 1939-жылдың қазан айында Гурьев облысы (ол кезде Маңғыстау жері осы облыстың аумағында болатын), Шевченко аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынып, Моңғолия жеріне аттанады.

         1941 жылдың 14 маусым айында Ізбасар Қоғабаев қызмет ететін Забайкалск әскери округіне қарасты №544 атқыштар полкі эшелонға тиеліп, 22 маусым күні Семей қаласына әкелінеді. Бұл дәл соғыс басталған күн болатын. Полк Семейде небары 20 күндей болады да, бір түнде дүр көтеріліп, Мәскеу түбіндегі Сергиев Посад қалашығына әкелінеді.

         №544 атқыштар полкі фашистермен алғашқы ұрысын 1941 жылдың қазан айында бастапты. Осы жерде неміс авиациясының төпелеген бомбалауына ұшырап, артынша, артиллерияның төмпіштеуінің астында қалып, одан есін жия бергенде шұбырған танкілердің шабуылына ұшырайды. Полк қатты шығынға ұшыраса да, күні бойы шабуылға тойтарыс беріп келіп, кешкісін бұйрық бойынша шегінеді. Осы ұрыстан соң полктің тек үштен бірі ғана қалыпты. Осыдан соң полк Свердловск облысының Красноуфимск қаласына әкелініп, жауынгерлер түгелдей дерлік госпитальдарға жатқызылады.

          1941 жылдың қазан айының ортасында осы жерде №152-атқыштар дивизиясы жасақталып, №544 атқыштар полкі осы дивизия құрамына енгізіледі. Бұл туралы әскери тарихшы Лев Журин былай деп жазады: «1941 жылдың 22 желтоқсанында дивизия командирі полковник Вехин мен комиссар Иванов дивизияның жасақталып болғаны туралы рапорт берді. Дивизия құрамына №480, 544, 646-атқыштар полктері, №333 артиллерия полкі, танкіге қарсы дивизион, саперлік батальон, зенит батареясы, барлаушылар роталары, химроталар кіріп, барлығы 11371 адамнан тұрды. Дивизия құрамында 17 ұлт өкілдері болды, олардың 75 пайызы бұрын оқ дәрі иісін иіскеп көрмеген. Рапорт берілісімен-ақ ертесіне дивизия 14-армия құрамында Карелия майданына жөнелтілді».

         1942 жылдың сәуір айына дейін Карелия жерінде Кемь қаласында резервте тұрады. 1 мамыр күні дивизия Мурманск төңірегінде жауға соққы беру үшін эшелонға тиеліп, Кола жарты аралына түсіріледі. Осы жерден 90 километр жердегі алғы шепке адам жүрмеген Тундра даласымен жаяу-жалпы тартады. Бұдан бұрын 2 айдай күн жылы болып тұрып, дивизия жазғы киіммен шығады. Бірақ жолда ауа-райы бұзылып, алдымен жылы жаңбыр жауады. Толассыз жауған жаңбыр киімге сіңгені сонша, шылқыған су денеге жетіп,  ауырлап, жол мидай езіліп, бір адым басу мұң болады. Сол күні кешкісін күн кенет суытып, қар жауып боран соғады. Түтеген боран астында жазғы киіммен, азық-түліксіз, көліксіз қалған дивизия кейін қайтуға рұқсат сұрайды, бірақ жоғарғылардан «Тек қана алға!» деген команда болады. 5 мамыр күні дауыл тұрады, ауа температурасы 15-20 градус аязға дейін төмендейді.  6-7 мамыр күндері дивизия тұралап қалады, адамдар өле бастайды. Жол бойы сүрініп жығылған адамдар тұра алмай, қатып қалып жатады. 7-мамыр күні дивизия кейін бұрылады. Өздері жүріп өткен жолмен, қатып қалған жауынгерлердің үстімен жүріп келіп, аман қалғандары Порт-Лубол көлінің жағасына келіп, паналайды. Міне, тарихта «Мұзға қатқан дивизия» деген аты қалған осы №152-дивизияның азапты және ақырғы сапарының Құдай қолдап, пір Бекет ата жар болып, тірі қалған бір жауынгері – Ізбасар Қоғабаев болатын.

          5 күн толастамастан ұрған алай да түлей ақ бораннан аман қалғандары неміс артиллериясының бораған оғының астына түседі. Сөйтіп, 11 мыңнан астам адамнан небары 3 мыңға жетер-жетпес қару ұстауға жарайтын солдат қалады. Қалғандары үсіп өледі, аяқ-қолдарын үсітіп, мүгедек болып қалады, госпитальдерде өледі, соғыста қаза табады. Қару ұстауға жарайтындары бір айдай демалғаннан кейін Мурманск түбіндегі шабуылға қатысады да, күзге салым Мәскеу түбіне алдырылып, Жоғарғы Бас қолбасшының резервтегі армиясының құрамына кіреді.

          Ізбасар Қоғабаев 1942 жылдың қазан айында Жоғарғы Бас қолбасшының резервтік №3-гвардиялық артиллерия дивизиясының 43-миномет бригадасының құрамындағы №13-гвардиялық миномет полкіне ауыстырылады. Осы полктің құрамында пулеметші болады. Починок, Ельня қалалары үшін қиян-кескі шайқастарда осы полктің атағы шығады. Полк командирі майор Степан Васильев, комиссар, саяси жетекші Наливкин Сталиннің қолынан марапатталады.

         1943 жылдың жазында №13-гвардиялық миномет миномет полкі резервте тұрады да, үздіксіз жаттығуларда болады. Сол жылы Смоленск қаласын азат ету шайқастарында жетекші рольдердің бірін атқарады. Сол Смоленск шайқастарынан басталған шабуыл толастамастан Днепр жағалауында жалғасады, полк Киевті азат етуге қатысады. Витебск үшін болған шайқастарда Гитлер №3 гвардиялық миномет дивизиясына қарсы ең таңдаулы артиллериялары мен танкілерінен құралған СС дивизиясын салады. Тілерсектен қан кешіп жүріп, дивизия минометшілері ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. Жалпы, Ұлы Отан соғысының тарихында Жоғарғы Бас қолбасшы резервінің №3 Витебск-Хинганск Кутузов және Суворов орденді Қызылтулы гвардиялық «бұзып өтуші» миномет дивизиясы (3-я гвардейская артиллерийская Витебско-Хинганская Краснознамённая орденов Суворова и Кутузова дивизия прорыва РВГК) және оның құрамындағы №13 миномет полкі ерекше аталады. Өйткені, Жоғарғы Бас қолбасшының резервінде бола тұрып, ең бір қиын, жауапты, аса маңызды стратегиялық орны бар шайқастарға салынған осы құрамалар қашан да сенімді ақтап шығып жүрді.

         1944 жылдың желтоқсанында Ізбасар Қоғабаев №184-Суворов және Кутузов орденді гаубицалық артиллерия бригадасының құрамындағы №550 артиллерия полкіне 65 мм зеңбірек командирі болып ауыстырылады. Бұл бригада Жоғарғы Бас қолбасшының резервіндегі №29 Қызыл тулы артиллериялық дивизиясының құрамында болды. Осы полк қатарында соғыса жүріп, Ізбасар аға Пруссиядағы Днестр өзені үшін болған қиян-кескі шайқастарға, Варшава, Познань қалаларын азат ету ұрыстарына қатысады. 1945-жылдың 2 мамырында Берлин үшін шайқасқа қатысып, Ізбасар аға Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алады!

          Майданда Ізбасар Қоғабаевтың ерлігі жоғары бағаланып, «2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Г.К.Жуков атындағы» медальдармен марапатталды.

         1946 жылы, 7 жылдық жауынгерлік жолын аяқтап, Ізбасар аға елге оралды. Содан зейнетке шыққанша балық кәсіпшілігінде жұмыс істеді. Абыройлы, ақ жүзді, елге сыйлы болды. Бүгінде Ізбасар ағаның шаңырағына ұлы Орысбай ие болып отыр. Ағаның өзі арамыздан кетсе де, ұрпағы бар, артында жақсы аты қалды.

 

Айсағали ҚЫДЫР