Жергілікті  өнімді  жеткізетін  жер  жоқ….

         ҚР  Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  өз Жолдауларында   халықты   жергілікті   өнімдермен  қамтудың  маңыздылығы  туралы  үнемі айтып келеді. Сол тапсырманы орындау мақсатында  мемлекеттік  бағдарламалар  мен  жобалардың  аясында өз кәсібін   ашып,  жемісін   теріп  отырған   жерлестеріміз   жетерлік.  Солардың  бірі  — «Тұман Шах»  жауапкершілігі  шектеулі   серіктестігі.  Құс  фермасы   күніне  9  мыңнан  астам  таза  әрі  дәмді  жұмыртқа  өндіріп,  облыс  тұрғындарға  ұсынып отыр.

Өңірімізде  алғаш  құс  өндірісінің  негізі    «Тұман  Шах» жауапкершілігі  шектеулі  серіктестігінің  бастамасымен  қолға  алынып, 2011  жылы    қаланған   болатын.  Жоба   бойынша,  4  құсхана  жұмыс жасап,  аймақ    тұрғындарының   95  пайызын  отандық  өніммен  қамтамасыз   етілуі  тиіс.  «Бизнестің   жол  картасы — 2020» бағдарламасының  аясында  қолдау   көріп,  қаржылай   көмекке  қол  жеткізген   серіктестік    бүгінде   таза  отандық   өнім   шығарып   отыр.  Қазір  10 мың  тауық  қоныстанған    құсханада  8  қызметкер   жұмыс  жасайды.  Күн сайын  9  мың  дана   жұмыртқа  тұрғындарға  жеткізіледі.

  • Әрине, жергілікті  өнім  шығарып,  еткен  еңбектің  зейнетін  көру оңай  емес. Түсімі  аз  өндіріс болғандықтан, қолдау болмаса, кәсіптің ілгері жүріп  кетуі  қиындау. Дегенмен, құс  өндірісін  дамытып,   маңғыстаулықтарды   таза  әрі   дәмді  өніммен  қамтамасыз  етуге  өз   үлесімді   қосқым  келеді. Алдағы   жоспар бойынша,  тағы  3  құсхана  тұрғызып, өнім санын арттыру  қажет. Бір құсхананың құрылысы   аяқталуға    жақын.  Жаңа   блокқа  мамыр  айының  соңында  Ресейден  20  мың  балапан  келіп  қоныстанады,-дейді «Тұман Шах» ЖШС-нің директоры Р.Бөрібасов.

2014 жылы  алғашқы  құсханаға  Германия мемлекетінен 16 мың  бас балапан   әкелінген   болатын.  Қазір 10  мың  құс өсіп-өніп,  өнім  беріп  отыр. Неміс  тауықтары  —  күтім  мен  мейірімділікті  жақсы  көреді.  10  түрлі  қоспадан  жасалған  жемді таңдап, сүйсініп  жейді.

 — Цехта  тауықтарға  техникалық  жағынан  күтім  жасаймын. Олар  жарықты,  тыныштықты   жақсы   көреді.  Бөтен  адамдарды, айқай- шуды  жақтырмайды.  10 мың  тауық  күніне 1 тоннадан  аса  жем, 2 тоннадай  су  ішеді,- дейді  «Тұман Шах»  ЖШС-нің  қызметкері  Ж. Мәуленбаев.  

«Тұман  Шах»  —  өңіріміздегі  құс  шаруашылығымен  айналысатын   жалғыз  серіктестік.  Екі  жыл  бұрын  ашылған  ферма  қазір облыс  тұрғындарының   35   пайызын   жергілікті   өніммен  қамтып  отыр.  Серіктестік   басшысы  Райымқұл   Бөрібасовтың  айтуынша,  алдағы  уақытта халықтың  экологиялық таза жұмыртқаға деген сұранысын 90 пайызға  қамтамасыз  етуді  жоспарлайды.  Отандық  өнімнің  сапасы жоғары,  тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Халыққа қолжетімді бағамен  сатылып   жатыр.

Осы  орайда,  серіктестік  басшысы  кәсіпкерлікті дамытып, қызмет аясын  кеңейту  барысында   кездесіп   отырған   қиындықтарды   алға  тартты. Соның   бірі – жер мәселесі болып отыр. 2011 жылы шығарған  өнімді  халыққа   жеткізу   үшін   «Тұман Шах» Ақтау   қаласынан  нүкте  ашуға   шағын  жер  телімін   жалға  алған.  Бірақ,  кәсіп   бірден  алға  баспай,  өнім   қолға  тие   қоймайды.  Соның    салдарынан,  Ақтау   қалалық  әкімдігі  жалға   берген   жерін   қайтып  алып,   жалға   беру  мерзімін  ұзартпай қояды.

 — Қазір  бизнесім  жанданып  келеді.  Күніне  9  мың  жұмыртқаны   Мұнайлы   ауданына   қарасты   Баянды  ауылынан   Ақтауға  жеткізу  қиын  болып  отыр.  Жұмыртқаны  тек    жәрмеңкелерде   сатып,  шағын   дүкендерге   тасуға  мәжбүрмін.  Тұрғындар   облыс   орталығында  бір  нүкте  ашылса  деп  сұрайды. Өнім  бар, оны   халыққа  жеткізу  қиын  болып   отыр.  Осыған  байланысты, жерді   жалға  берудің  ережелері  өзгеріп,  отандық  өнім  шығаратындарға      жеңілдіктер   қарастырылып, қолдау  болса  деп  тілеймін. Ақтау   қалалық  әкімдігі  26  шағынаудандағы жалға  берген  жер  телімін    қайтаруды  қайта   қарастырса   деп  сұраймын,-дейді Р.Бөрібасов.    

Сондай-ақ,  серіктестік   басшысының   айтуынша, облыс орталығындағы  ірі   супермаркеттер  жергілікті  өнімді  алуға  құлықсыз. Олар халыққа аймағымыздың  төл   өнімі, экологиялық   жағынан  таза  жұмыртқаны  сатқаннан  гөрі,  өңірімізге  ат  арытып  алыстан  келетін  тауарға  құмар.

1 зауыт

2 зауыт

4 зауыт

5 зауыт

Анар ШАМШАДИНОВА 

Суреттерді түсірген автор