Өмір өрнегі ерек, абырой-беделі, мерей-мәртебесі бөлек Мейрамбай Қибасовтың мәрт тұлғасы маңғаз Маңғыстау өңіріне танымал. Тағылымға толы тағдыры, еселі әрі елеулі еңбегі,  қайтпас қажыр-қайраты мен отты жалын-жігері өрімтал ұрпаққа өнеге. Қиялы жүйрік, жан дүниесі кең, рухани әлемі таза журналист,  қарымы қуатты қаламгердің адами болмыс-бітімі мен азаматтық кескін-келбетін тану үшін өзімен жолығуға асықтық.

Ардақты ағамыз 41 жылдың үстінде қол ұстасып, бірге ғұмыр кешкен, ұл-қыздарының анасы болған адал жары, ұстаз Аманқосқызы Күріштен кездейсоқ айырылып қалған жүрегі жаралы, көңілі пәс жағдайда екен. Қайғысына ортақтасып, қазаның артының қайырын сұрадық. Мерейтойына орай сұхбаттасу ниетін білдіргенімізде «Айналайын, мына кітаптар менің адами және журналистік өмірім жайлы сыр шертеді. Оқып, танысып, қажет тұстарын алып, мақалаңа арқау қыларсың»,-деді салмақты үнмен. Айтқанын істедік. Ұсынған дүниесінің саны алтау болды. Барлығын парақтай бастадық. Талант иесі тағдырының тарам-тарам жолдары мен бұралаң-бұлтарысы бүкпесіз баяндалған, әсіресе «Маңғыстау сенің жеріңде» атты өмірбаяндық кітабына тереңірек үңілдік. «Өзге емес өзім айтам өз жайымда» деп өлең өрген  Қасым Аманжолов сынды  кестелі тіл, бейнелі сөзбен бедерленген бұл еңбегі кәнігі публицистің тұлғалық келбеті мен шығармашылық әлемінен сыр шертеді.

Байқасақ, бойдағы қаламгерлік дарын, әдебиетке деген зор сүйіспеншілік бала кез, балғын шақтан бастау алыпты. Бұл туралы ол «әдебиетке әуестік әуелден Дәдихан ініммен бірге маған да берік орныққан. Ауыл кітапханасындағы кітаптарды жата-жастанып жарыса оқыдық. Проза ма, поэзия ма, таңдамадық, оқи бердік, оқи бердік. Бір қолымызда нан-шекер, былайғысында қалың-қалың роман, повесть, өлеңдер» деп еске алады автор. Алғыр әрі зерек, зерделі де байқампаз бала еңбекқор, шаруакеш халық күнелтіс кәсібін, тұрмысын көріп, түйсініп өседі. Ерен еңбек пен кісілік, тереңдік пен кемелдік, азаматтық пен адамгершілік, шындыққа сүйіспеншілік, іңкәрлік келе-келе өмірлік ұстанымына айналады. Орта мектепті бітіреді. Журналист емес, геолог болуды армандаған жас өскін астаналық жоғары оқу орнының (политехникалық институт) мұнай факультетіне оқуға түседі. Екіден артық курсын бітірген соң жоспарын күрт өзгертіп, оны тастайды да, 1966-67 жж. енді-енді түлеп жатқан Маңғыстаудың Өзен кенорнына келіп, мұнай кәсіпшілігі басқармасына мұнайшы-оператор ретінде ілкі еңбек қадамын жасайды.Сосын еңбектің қара қазанында қайнап, шар болаттай шыңдалады. «Өзенді түлетуге жұмылған жайраң қаққан жастың» бірі боп, өңірдің жаңару әрі жаңғыруына алдағы шепте жүріп үлес қосты.  Қызу еңбектен қол үзбей жүріп-ақ, осы кездері қаламынан жалынды жыр, тұщымды туындылар тудырады. Әсіресе, адал еңбек, маңдай термен нәсібін тапқан нағыз еңбекші қауым  өмірін алғашқы шығармаларына арқау етеді. Құрдасының 60 жылдығы аталып өтілген 2006 жылы әріптесі  Аталық Әбдешұлының жазғанындай, «Жер мен Ел, адам тағдыры астасқан ақыл-ой алаңында ержүрек геологтардың, мұнайшылардың, бұрғышылардың, балықшылардың, автотранспортшылардың, құрылысшылардың, теміржолшылардың, мәдениет-өнер қайраткерлерінің қолымен жасалған бар игіліктер мен жақсылықтарды бесаспаптылығымен жарқырата жазып, Азаматтар бейнесін айшықты сөздермен сомдай алды». Журналистік жолы әуелі  бастау алған Өзен аудандық «Жаңарған Маңғыстау» 1973 жылы жаңадан ашылған Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» баслымында жалғасты. Сонда табан аудармастан 40 жыл  еңбек етті. газетінде жүріп, өлке өмірін өрнектеп, киелі түбектің кемел келбеті мен жасампаз бейнесін сомдауға сүбелі үлесін қосады. Мейрамбай Қибасовтың қалтқысыз  еңбегі, жан-жақты мол білімі, адамгершілік асыл қасиеті жайлы ұзақ жылдар бойы дәмдес-тұздас, пікірлес болған жора-жолдастарының, замандастарының, құрбы-құрдастарының біреуі мысалы, мынадай ой түйеді. «Қаламы қарымды журналист, ақын, бастаған ісін жеріне жеткізбей тынбайтын еңбекқор, жан-жақты білімді, әділетсіздікке төзбейтін турашыл, сыр сақтай білетін, уәдеге берік жан екенін білдім, адамның әрбір іс-қимылы мен сөйлеген сөзінің екі мағынасына да үңіле мән беріп отыратын кірпияздығын да байқадым» (ақын, журналист Рза Оңғарбай). Дара қолтаңбасымен  өңір тынысын көркем тілмен нақыштай, кестелеген, шындықты шабыттана, жазған бұл журналист турашыл қасиетімен талай кедергіге тап болғандығын, соған қарамастан ақты ақ деп айтып, ақиқатты жақтай білгендігін сөз етеді өзге де әріптестері.

Ізбасар інілері мен үзеңгілес достары азаматтың асқақ болмысын айқындап, ашып көрсетуде аянып қалмаған. Мысалы, белгілі журналист Ғалым Әріп өткенге ой көзімен қарап, «Азамат «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымға өмір бойы жүгініп келеді. Газет жабылып қалғаннан (1988 ж.) кейін оны қайтадан қалпына келтіреміз деп республика басшылары Колбин, Жәнібековке халықтан мыңдаған қол жинап, хат жолдаған, «Қазақ әдебиеті» газетіне «Газетім қайда, газетім!» деп ойын дәйектеп, биліктегілерге үн қататын да осы М.Қибасов. Ол өлкеміздегі қайта ояну кезеңдері, «Парасат» қоғамының құрылуы, қоғамдық өрлеулердің басы-қасында болды» деп жазады азат ойлы, батыл, өр рухты өжет қаламгердің адами болмысына сүйсіне. Бұл сөздер екінші жағынан, киелі түбек тарихы төрінен орын алған елеулі оқиғаларды,  өлке өмірінің әр сәтін қалт жібермей, сана сүзгісі, ой елегінен өткізіп, өз заманының әлеуметтік, қоғамдық-саяси келелі мәселелеріне үн қоса қаламгердің азаматтық тұлғасын да айқындатады. Ол ел қамын, ұлт мүддесін көздеген «Парасат» қозғалысының құрылуына да атсалысқан азамат.

Мейрамбай ағаның ғұмыры ғибратқа толы. Мейрамбай аға 1990 жылы қайтадан қалпына келген облыстық «Коммунистік жол» газеті атауының «Маңғыстау» болып өзгертілуіне тұңғыш қоғамдық пікір туғызған қайраткер. Сол тұста Маңғыстау аймағы бүгінгі Атырау облысына бағынып тұрды. Оны аталмыш партия органы Жаңаөзен қаласында жаңадан ашылған «Жаңаөзен» газетінің бас редакторлығына жұмсады. Сол лауазымда отырғанда басылымның таралымын бірден 6 мыңға жеткізуді қамтамасыз етті. Оны қаланың нағыз  айнасына айналдырды. Бұл арада әріптес ағасы әрі тәлімгері Жоламан Айдарбаевтың лебізін кірістіре кеткен келісетін тәрізді. Ол былай жазады: «Газетімізге басшылық жасаған азғантай мерзімде қадірлі інім жақсы да ұтымды ұйымдастырушылықтың үлгісін көрсетті. Жазуға тек біздерді жұмылдырып қана қоймай, өзі де қолынан қалам-қағазын тастамады. Жиналыстарға, өндіріс, мәдениет орындарына барды. Қаланың қайнаған қым-қуат тіршілігінің қызған ортасынан табылды. Қамқор жетекші ретінде қызметкерлерін көмек көрсетті. Кейбіреулеріне пәтер алып берді. Бірақ өзі алған жоқ. Өзгенің қамын ойлады. («Жаңа өзеннің алғашқы редакторы» мақаласынан). Қаламгердің өмірлік тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін, журналистік қарымын аңғарған жергілікті билік органдары оны 1994 жылдың 1 шілдесінде облыстық «Маңғыстау» облысының бас редакторлығына  тағайындады. Бұл лауазымда да Мейрамбай аға қайраткерлігінен айныған жоқ. Газеттің көркемдік, сапалық деңгейін арттыруға бірден ат салысып кетті. Газет тиражын көбейтуді мақсат етіп қойды. Халықты жұмылдырды, жиналыс-кеңестерге қатысып, мекеме, кәсіпорындар басшыларымен жолықты. Қысылтаяң кезеңде газет тиражын 10 мыңға жеткізді. Жаңа қызғылықты айдарлар ашып, әріптестерін сол айдардан алшақ кетпей үндесетін мақалалар жазуға жұмылдырды.

1994 жылдың 1 тамызынан бастап халық ҚР-ның жаңа Конституциясының жобасын талқылауға көшкен болатын. Мейрамбек аға да бас редактор есебінде жатпай-тұрмай еңбек етеді. Бір айы бойы журналистік түрлі әдіс-тәсілдер арқылы басылым бетінде Конституция жобасын  талқылауға жұмыстанды. Соның нәтижесінде 1995 жылы 30 тамыз күні референдум өтіп, Маңғыстау облысы сол кездегі 19 облыстың ішінен  халықтың референдумға қатысуы жөнінен 5-орынға шықты.

Журналист қай жанрға кең бойлай қалам тартса да, бұра тартпай, азаматтық берік ұстанымын сақтап, өзіндік көзқарасын білдіріп отырды. Еңбек ерлерінің кәсіби бет-бейнесін боямасыз бейнелеп, қоғамдағы  қадір-қасиеті мен көрген сый-құрметін көркем ой мен көсем сөзбен қаз қалпында кестелей білді. Туындыларында кейіпкерлерінің қабілеті, ой-сана кемелдігі, әлеуметтік белсенділігі мен қайраткерлігі үнемі көрініс тапты. Ұзақ жылдардағы шығармашылық жетістіктері алты кітапқа арқау болды. Атап айтсақ, «Аман бол атажұртым», «Өмір өрнектері», «Ар –екі, ұят-үш  әріп», «Маңғыстау, сенің жеріңде», «Өнегелі ұл-қыздары өлкемнің»  кітаптары. Ақтау қаласының 50 жылдығына орай  өлеңдер жинағы бірлескен авторлықпен жарық көрді.

Ақын асқаралы алпыс  жастың асуын бағындырған шағында «Асылы табиғат пен адам арасында ұқсастық бар. Оны өзіңе қарап ұғасың. Кейбір түсінбейтіндерге немесе түсінгісі келмейтіндерге салқындау көрінгеніммен жаратылысым шуақпен, жылылықпен, мейіріммен егіз. Мамырда бәрі таза, жайдары, жақсы: ауа да, аспан да, жер де, шөп те, шөңге де. Мен де бүкіл ғұмырымда рухани әлеміме кір жұқтырмауға тырыстым» деген еді. Бұдан біз көркем де көрікті дүниеге ұмтылған жанның ішкі әлемі де сұлу болатындығына көз жеткіземіз.

Сыншыл, сыршыл қаламгердің асқақ, арналы, өр рухани өмірінің айнасы іспетті шығармашылық мұрасы, қоғамдық қызметі түлеген түбек тарихында алтын әріптермен таңбаланғандығы айқын. Өнегесі мол, тағылымды туындылары мен рухани құндылықтары  бүгінгі қоғамдық ой-сана үшін аса зор маңызға ие екендігінде сөз жоқ.                                                                                    Биыл жетпіс жастың белесіне көтерілген, шығармашылық жолы жемісті жалғасын тауып келе жатқан Мейрамбай Қибасовтың әлі де жазар дүниесі жетерлік. Ал ойы зерделі, тілі шұрайлы, білімі терең, бесаспап журналист, қаламгер жайлы жазылар естелік, айтылар дүние аз емес. Текті талант, дара дарын, тұғырлы тұлғаны жетпіс жас мерейтойымен  құттықтай отырып, тағылымды, өнегелі ғұмыры ұрпақтарға жұғысты болсын деген тілек айтқым келеді.

Голрох Жеменей