Жерлесіміз, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, философия ғылымының докторы, ҚР Минералдық ресурстар Академиясының корреспондент-мүшесі Құбайдолла Махутовтың  тың көзқарастағы ғылыми негіздерге жүгінетін орыс тілінде жазылған «Перевернутая картина мира» атты кітабы жарыққа шықты. Автор шығармасының мазмұнын «Трактат к общей теории земли и мироздания» деп атапты. Біз оны «Жер және әлем құрылуының жалпы теориялық трактаты» деп аудардық.

Кітап ойлы оқырманын бейжай қалдырмайды. Бірден келісе қоюың да қиын. Өйткені жаратылыстану ғылымында қалыптасып, білім мектептерінде оқытылып жатқан жүйеге сыни тұрғыдан келіп, батыл болжамдары арқылы геологиялық тұрғыдан өзге пайымдаулар айту кез келген ғалымның қолынан келе қоймас. Дегенмен, дәлелдеріне иланбасқа амалың қалмайды. Ғылым дегеніңіздің өзі сол иландыра білетін гипотеза емес пе?!  Автор сөзін үшінші мыңжылдықтың геологтары мен жаратылыстанушыларының жаңа ұрпақтарына арнайды. Біздің жаратылыстанудағы теріс ұғымдарымыз жетерлік, соны алдағы мезгілде қайта қаралық, түзетулер енгізелік дегенге саяды. Жә, тісіміз батпайтын нәрсені білімпаздардың өз араларына қалдыралық.

Қарапайым оқырмандарды қызықтыратыны кітаптағы Күн жүйесінде Жермен егіз жаратылған тағы бір планета бар, ол Күннің Жерге қарама қарсы арғы бетінде, сондықтан бізге көрінбейді. Дамыған сол планетадан Адамзат өркениеті Жерге көшіп келген, олар біздің дамуымызды НЛО арқылы роботтар жіберіп бақылап отырады деген концепция ұсынады. Автор адамзаттың алғашқы тұрағын Ана – планета деп атайтын  бұл ғылыми гипотезасын алғаш рет 1996 жылдың жазында Ақтау қаласында өткен ғылыми-практикалық конференцияда айтыпты. Осыдан кейін бұл ой, яғни, 1997 жылдан бастап баспасөз беттерінде жарық көре бастайды. «НЛО» газеті 1998 жылғы №1 санында «Горячие новости» бөлімінде Қ.Махутовтың гипотезасы жайлы мақаланы «Труд» газетінен көшіріп басып, бұл жаңалықты Ресей, АҚШ, өзге де дамыған елдерге таратпақ ниетте екендерін жазады.     Автор өз тарапынан Республиканың жоғарғы органдарына Қазақстан халықаралық космостық жобада оныншы планетаны іздеуге бастамашы болса, өз тарапынан ғылыми негіздемелер ұсына алатынын айтады. Бірақ бұл идея Ұлттық ғылым Академиясы тарапынан қолдау таппайды. Автордың оныншы планета жайлы ұстанымдары 1998-99 жылдары республикалық «Зерде» журналында үнемі  жарияланып, оқырмандардың қызығушылығын тудырған. Сол кезде мен «Оныншы планета бармысың?» деген өлең жазып, БАҚ беттеріне жариялаған едім.

Онда:
Жұмыр Жерім сыр-сымбаты тал мүсін,
Күн-Атамыз төгіп жатқан бар күшін.
Шыныменен «тарелкалар» ұшырған,
О, оныншы планета бармысың?

— Оған бару және келу қас-қағым,
Кілтін тапсаң сыр ашады аспаның.
Көрінбейді ол, Күннің арғы бетінде, —
Дейді бізге Құбай атты жас ғалым.- деппін.

Геолог-ғалым өз жорамалын үнемі жетілдіре отырып, жүйелеп, арнайы кітап етіп шығарған. Адамзаттың алғашқы тал бесігі – Ана планетаны ашып, қалай болғанда да байланыс орнатуымыз керек және бұндай игі істің бастамашысы Қазақ Елі болса ғой, шіркін! Өйткені, біздің космосты игеру бағдарламамыз, Байқоңырдай ғарыш айлағымыз бар ғой, деген қорытындыға саяды кітап.

Айтуар ӨТЕГЕНОВ
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі