Менің сексеннен секіріп, тоқсанға жақындаған әжем бар. Ол кісі әр-кез өзінің өмірден көрген-білгенімен, түйгенімен бөлісіп отырады. Үнемі тазалық, тәрбие жайында айтып біздерге бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін аямайды. Соның бірі орамалдың әйел адамды жамандықтан сақтайтын ерекшеліктерін үнемі келіндеріне де, қыздарына да айтудан еш жалыққан емес. Қазіргі кезде келін болып түсіп ертеңіне орамалын лақтыра салатын келіндерге сабақ болсын не болмаса, біліп жүрсін деген мақсатта білгенімді сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Ол кісінің айтуынша орамал тағу біріншіден сенің Алла алдындағы құрметің деп білу керек. Орамал таққан әйел адамды ешкір адам кемсіте алмайды екен. Орамал оның қорғаны, ары деседі. Ал тазалық жағына келер болсақ, көшеде не болмаса асханада орамал тағып жүрсең, тамаққа не болмаса үй ішінде, жүрген жеріңде шаштарың түспейді. Сонымен қатар сенің артыңнан сын сөз де ермейді екен. Бұрын әжелерімізге аналары орамал таққан адам ауырмайды деп те түсіндірген екен. Себебі жалаң бас жүргенде шаш түсіп, оны адамдар басып, не лас жерге түссе сол адам ауруға шалдығады екен. Сол себепті қыз-балалар көбіне шаштарын өріп, жинап жүрген. Не болмаса бастарынан орамалын тастамаған. Қыздар келісті етіп қызғылт орамал тақса, ақ орамалды тұрмыстағы адамдар таққан.

«Ол кезде қыз-келіншектер жүздерін ашық ұстайтын. Артынан бір байлап, маңдайымызды жауып қана тағатынбыз. Ал, қазір орамал тағу керек екен деп беттеріне дейін тұмшалап алуды әдетке айналдырған. Оның үстіне қара орамал тағу өте жаман. Әдемілік жағынан қарасаңда  қорқынышты емес пе?»- дейді 86-ға келген Кідір әже.

Оның айтуынша тұрмыстағы әйел бұрын орамалды тастамайды екен. Өйткені ол жолдасының амандығының белгісі екен. Күйеуінің амандығын тілеген әйел үнемі орамал тағып, оның абыройын үнемі үстемдеткен. Жолдасы алысқа жолға шыққанда немесе іссапарға кеткенде басынан түнде де орамалды тастамайды екен. Себебі, күйеуінің бәле-жаладан аман оралуына себепші болады деген сенім қалыптасқан екен. Үйде жолдасы болсын, болмасын ол кісіге арнап төсек салып қоятын болған. Олда жолдасының амандығын білдіреді екен. Орамалды басып, не болмаса аттап кетер болса ол адамның жолы болмайды деген де пікірлер де қалыптасқан. Орамалды аяқ астына тастамай, орамалды кірлетпей ұстау керек деген қағиданың бәрі осыдан қалса керек. Бір орамалдың астарында үлкен мағына жатыр. Орамалдарың секілді ниеттеріңіз ақ болсын.

Гүлнара ТАСБОЛАТОВА