Шаштараз — ең ежелгі мамандық. Әу баста бұл кәсіппен тек ерлер ғана айналысқан. Кейін қанатын кеңге жайып, қазір жер-жерлерде әсемдік салоны, шаштараздар көбейе бастады. Бір қызығы ол жерде еңбек етіп, нәпаха тауып жүрген жандардың басым көпшілігі нәзік жандылар. Солардың бірі-Көпшіліктің сұранысына ие болатын тағы бірі — шаштаразшы  Күләш Мадинаева.

Күләш кішкентайынан әсемдікке, көркемдікке жаны құмар болып өсті. Мүмкін біреулерге біртүрлі естілер, ол шаштаразшы болуды армандады. Айна алдында өзінің шашын әр түрлі етіп әсемдеп жүріп, осы мамандықа оқуды жөн санады. Шаштараздың қысқаша курсын оқып, аудан орталығындағы «Қуат» шаштаразына жұмысқа тұрады. Осы салада аянбай еңбек ете жүріп, аз уақыттың ішінде өзіне тұрақты келушілер жинап алды.

«Бұл мамандық маған жаныма жақын. Келген жандармен араласып, оның шашын әсемдеп әрлеу, көркем қию мен үшін үлкен құрмет, әрі сенім. Меніңше, әрбір адам өзі ұнатқан мамандықпен жұмыс жасауы керек. Сонда ғана ол өз жұмысының нәтиже, қуат алады. Мен барлығының көңілінен шығуға тырысам. Оларға ұнаса менің де көңілім марқайып қалады. Бұл жұмыс оңай көрінгенімен, жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сол үшін туылып, сол мамандықтың шебері бола білуің керек»- дейді Күләш.

«Күләш жұмысына мығым жан. Әрбір келушінің көңілінен шығуға тырысады. Осы шаштаразда жұмыс жасағанына 14 жыл болып қалды. Осы уақыт аралығында Күләштің жұмысына наразылық білдірген адамды байқамадым. Кез-келген адамға  қолынан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңесін беріп отырады. Бірнеше шәкірттер дайындап шығарды. Олардың көпшілігі сол саланың білікті маманы болып отыр. Өзі дайындап, шаштараз етіп шығарған қыздардың ата-аналары келіп, Күләшқа алғыстарын білдіріп, рахметтерін айтып жатады. Осындай  білікті маманмен бірге жұмыс жасау біз үшін үлкен мәртебе»- дейді «Қуат» шаштаразының қожайыны Күміс Пельванова.

Гүлнара ТАСБОЛАТОВА