«Ұлым, саған айтам» қойылымы Маңғыстауға келді. «Ұлым, саған айтам» деген сөздің астарында «Ұлтым, сен тыңда» деген астарлы ой, мән мағына жатыр.  «Әке – балаға сыншыл», бауыр еті баласының қурай басын сындырмас қуыс кеуде болып өспей, экран ішінде есіргендерге еліктемей, ұяда сіңірген ұятын сақтап, әулет абыройын асқақтатып, әлеуметтің жайын ойлар азамат болып өскенін қалайды. Ал, бала қашан да жаңаға ұмтылады. Мұндағы әр диологтың өз салмағы бар. Ұмыт боп бара жатқан қазақтың салты, отбасыдағы әке мен баланың рөлі, ұрпақтар сабақтастығы шынайы бейнеленеді. Талантты актер, сахна сайыпқыраны Бекжан Тұрыс ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде, ұлы Мағжан екеуі шымылдықсыз шындықты айтып салғандай әсер қалдырады.

15

Көктемнің алғашқы күнінде көрерменге жол тартқан бұл шығарма талай жүректі тебірентіп, көкірегінде оты бар талай жанға ой салды. Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында  көрсетілген бұл қойылым әйгілі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыстың өз идеясымен дүниеге келген. Спектакль авторы – Бақыт Беделхан, ал режиссері – Асхат Маемиров. Жасаған дүниеге қанат бітіріп, оны түрлентуге күш салған Асхат Мае­мировтың еңбегі зор. Салмақты да салиқалы әңгіме айтылатын бұл қойылымның премьерасы тұңғыш рет Алматыда былтыр Бекжан Тұрыстың 50 жас мерейтойына қарсы қойылды. Ал екінші мәрте өзіміздің Маңғыстауда көрсетілуі біз үшін мәртебе болды.  Қойылым соңында  ұлына ақыл айтып, ұлтына үндеу тастаған Бекжан ағамызды әңгімеге тартқан едік.

— Бұл қойылым ұзақ жылғы шығармашылықтың, ой-толғаудың нәтижесі сияқты… Көп басылымда жазылып жүрсе де, «Ұлым, саған айтам» моноспектаклі қалай дүниеге келгенін өз аузыңыздан ести кетсек…

— Рас, бұл шығармашылық табыстың толғағы десек болады.  Ұлттың болмысын, қадір-қасиетін, салауатын арттыру үшін өз жазғандарымды, ішкі толғанысымды ортаға салдым. Қазір шыны керек, елді ойландыратын, ұлтты рухтандыратын  туындылар азайып кетті. Бәріміз көштен қалмай, жаһандану деп, даңғырлаған музыка, атыс-шабыс кинолардан бас алмай жүрміз. Жаһандану бүгінгі адамдардың бет-бейнесін өзгертіп жіберді. Жастар дәстүрлі тағылым мен тәрбиесі мол құндылықтарымызды ұмытып бара жатыр..  Қойылымды жазған белгілі ақын Бақыт Беделханмен кейде ішкі жан дүниеміз бірігіп кетеді. Сондай-ақ бұл қойылымның сәтті шығуына режиссер Асхаттың да қосқан үлесі зор. Қазір ғана қойылым бітті… Бар ойымды, қойылым идеясын жетеріне жеткізіп  айттық деп ойлаймын.  Маңғыстау жеріндегі көрерменнің ықыласы тіпті ерекше екен. Спектакльге арасында кіріп кетіп, мен айтқан әрбір сөзге «Туһ! Айта түс! Әп, бәрекелді! Азамат!»  деп отырған ақсақалдарды көзім шалды.  

13

— Спектакльдегі  диалог шынайы өмірде отбасы – ошақ қасында болатын диалог секілді…

— Әке мен баланың түсінігі ащы мен тұщыдай қиыспай кеткені шындық. Бүгінгі өмірде ата, бала, немере үшеуі заманның үш кезеңіне тап келді, бірін-бірі түсінісуден қалды.  Ашты тоқ қылған, кедейді бай қылған қазақ едік. Бұрынғы ата-бабамыз жазылмаған дала заңына бағынды, сол үрдіспен өмір сүрді. Бір ауылды уыздай ұйытып  отыратын ақсақалдарымыз бар-тын, бір сөзге тоқтаған халық едік. Неге біздің өмір сүру салтымыз өзгеріп бара жатыр? Атаның балаға берген тәрибиесі мен салт-дәстүрден ажырап жаңа дәуірдің жантағына айналған  жастар көбейіп барады. Неге олай?
Бұл менің ғана емес, бүкіл қазақтың қояр сұрағы деп ойлаймын. Іштен шыққан шынайы шер жүректен жүрекке жетіп, иісі қазаққа ой салып жатса, арманымның орындалғаны.

— Ұлыңыз Мағжан да өз рөлін сәтті ойнап шыққан сияқты. Қойылымдағы көргеніміздей, қазіргі заманда балаларымызға жаһандану дәуірі әсер етпей қоймайды. Сіз ұлыңызды қалай тәрбиелеп отырсыз?

— Әлбетте, қорқыныш бар. Әке болғасын, ұлға алаңдайсың. Ұл – отбасының емес, тұтас әулеттің, елдің болашағы, тірегі. Дегенмен, мен ұлыма сенемін. Мағжан  қолы босай қалса, ауылға баруды аңсайтын бозбала. Ол қалада асфальтта емес, ауылда, өз шешемнің ертегісіне елітіп өсті.

14

— Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда «Ұлымды актерлікке жібермеймін, қарсымын» деген пікірлеріңізді оқитынбыз. Ал бүгін сол ойға керісінше, яғни актер ұлыңызды сахнадан көрдік.

— Мен актер болған соң білемін: өнердің жолы ел ойлайтындай оңай емес. Кейде кей талантқа көрсеткен құрмет шын таланттың сағын сындырады, мәсін басады. Талантты да, танымалдылықты да ажырата алмай қалдық. Ән айтып жүрген кез келген әншіні тұлға деп жүрміз. Кейде мені де тұлғаға теңеп жатады. Олай айтса, ұяламын. Тұлға – ұлттың сөзін сөйлейтін адам, халықтың мұңын жоғарыға жеткізетін азамат. Ақиқатты ашып, кемшілікті бетке айтатын адам. Актер болудың жүгі ауыр. Мұны көзбен көріп, көңілге түйгесін ұлымның актер болуына қарсы болғаным рас. Сол себепті Мағжан Алматыда энергетикалық институтты бітірді. Жаман оқыған жоқ, жақсы оқыды. Тіпті, Мәскеу институтынан грант алды. Кейін ұлым «Мен театрға барғым келеді, ары қарай қинамаңыздаршы» деген соң, анасы екеуіміз не болса да, көрерсің деп, қарсы болмадық.

Қазір қазақ кино-сериалдар  көбейді. Бұған, әрине, қуанамыз. Дегенмен, театр актерлері мен кино актерлерін салыстыруға келмейді. Сіз қазақ тілінде кино, сериал қарайсыз ба? Қазақ киноөндірісіне қандай баға бересіз?

Теледидарда тек жаңалықтарды қарап тұратыным бар.  Қалай десем екен? Рас, қазір елімізде отандық кинотуындылар көбейді, бірақ… Олардың көбінде қазақтың өмірі көрсетілмейді. Неге біз «Атаманның ақыры», «Аманай мен Заманай», «Менің атым Қожаны» көрсек елітіп тұрамыз?  Неге «Қыз Жібекті» көргенде, әлі күнге дейін тамсанып жатамыз? Әлдеқалай үзіндісін ести қалсақ, жүрекке жылы тиіп, көңіл серпіліп қалады. Өйткені, бұрынғы киноларымызда қазақ деген ұлттың шынайы тыныс-тіршілігі, боямасыз өмірі көрінетін. Ал қазіргілердің идеясы шикі, мақсаты жоқ. Бұл жаңаны қабылдай алмай, ескіде қалып қойдым деген сөз емес. Жаңа дүние жасарда, өткеннің өнегесінен сабақ алу керек. Көп сериалға түспейтінім сондықтан. Моноспектакль  қойылып жатқанда киноға еңбегі сіңген ардагер актерлердің суреттері экран бетінде бекерден-бекер көрсетілген жоқ.  Ондай тұлғалардың қазақ киносы  қалыптасуына еңбегі сіңгені айдан-анық.

— Спектакль арқылы көп нәрсе айтқыңыз келді. Халыққа ой салғыңыз келді. Бұл жерде шарасыздық көп пе, әлде үміт басым ба?

— Екеуі де бар. Кейде сенесің, сенгің де келеді. Қазақ жастары өз тарихынан, тамырынан аттап кетпейтін сияқты үміт күтесің. Ауылда тасаттық жасауға дүйім жұрт жиналады. Сөйтсе, 6 жасар бала қолшатыр ұстап келіпті. Бұл – сенім. Тасаттықтан кейін жаңбыр жауады деген кішкене баланың сенімі. Менде де сондай үлкен сенім бар. Қазақтардың ішінен қазақ іздеп жүрмін мен… Қазіргі қаупіңіз, қорқынышыңыз не десеңіз, бүгінгі ұрпақтың ұлт мінезінен ай­нып бара жатқандығы. Үнемі ұл-қыздарыма айтып отыратыным да осы – «ұлт бойындағы тектілікті тірілтейік» деймін. Қазір мойын­дауымыз керек, бұрынғыдай емес, ұрпақ ұсақталып барады. Тарихын, тегін білмейтін жастар жетіліп шықты. Сондықтан сахнада жастарға айтарымыз көп. Ұстыны бөлек, қазақ дейтін елдің, ешбір ұлтқа ұқсамайтын ерекше халықтың, есігіне ала жіп байлап, алты айшылық жолға алаңсыз шығып кететін қазақтың адалдығын айтқым келеді.

P.S. Көктемнің алғашқы күнінде бұл қойылым Ақтаудағы театрға жетті. Адамзатқа ой салар әке мен бала арасындағы тартысты диалог Маңғыстау көрермендерін тәнті етті.  «Ұлым, саған айтам» қойылымында Н.Жантөрин атындағы драма театр актерлері де ойнады. 27 ақпан түнделетіп келген Алматы делегаттары жергілікті ұжыммен тек 1 күн дайындалады. «Бекжан Тұрыстай талантты актермен бір сахнада қойылымда ойнау – біз үшін мәртебе», дейді театр актерлері. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Қойылым соңында қалың көрермен көзіне жас алып, ұзақ шапалақтап тұрды. Жергілікті театр ұжымы Бекжан Тұрыстай талантты актерге ат мінгізді.

Сұхбатты жазып алған Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

12

11

10

9

8

7

6

5

4

3

2