Жуырда облыстық әкімшілікте көктемгі тасқын кезеңіне дайындық жөнінде брифинг өтті. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Рамиль Камалов пен сол департаменттің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Ерлан Мәуленов қатысып, БАҚ өкілдерінің толғандырған сауалдарына жауап берді.

Өткен жылдың көктемі Маңғыстау үшін жаңбырлы болып, кейбір аудандардың көшелерін су басып, тұрғындарды біраз әбігерге салған еді. Бұл келеңсіз жағдайды қайталамас үшін облыстың құтқарушылары ерте қамданып, қажетті техникаларын сақадай сай әзірлеп қойған.

-Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы уақытта қатты жаңбыр жаумайды, ауа-райы жайлы болайын деп тұр. Өткен жылғы қатты жауын салдарынан туындаған түйткілді мәселені шешуде көп тер төгіліп, көп жұмыс жасалынды. Жұмыс нәтижесін көріп, тұжырымға келдік. Жайсыз жағдайды облыс әкімшілігі жіті назарына алып, Мұнайлы ауданының Атамекен мен Басқұдық селоларында дренаждық жүйесін жобалауға және су айдағыш пен инженерлік техникалар алуға қосымша қаражат бөлді. Облыс пен Мұнайлы аудан әкімшілігінің қолдауымен уақытша сызба бойынша арықтар қазылып, ұзындығы 3 шақырым болар құбыр жүргізіліп, яки уақытша дренаждық жүйесі жасалды,-деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Рамиль Камалов

ханым 2Оның сөзінше, төтенше жағдай кезінде облыс пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау мақсатында облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 6 төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырыстары өткізілді. Онда 2017 жылғы көктемгі су басу кезеңіне дайындық және қауіпсіз өткізу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген.

Облыстық әкімшіліктің 2017 жылдық төтенше жағдайға бағытталған қоры 120 млн. теңге құраса, қала мен аудандық әкімшіліктердің қоры 10 млн.-ға дейін жетеді. Бүкіл облыс бойынша 127 бірлік техника, 10 жүзу құралы, 31 мотопомпа бар. Онымен қоса қажеттілікке қарай адам саны 575 жеке құрам мен 112 бірлік техникасы бар 7 шұғыл әрекет ету жасағының күш пен құралдары дайын тұр. Өңірде су басу кезеңі жағдайына 1145 тонна инертті материал, 1252 тонна ЖЖМ, 1050 дана қаптан құралған қор және азық-түлікпен қамтуға әкімшіліктер мен мекемелермен 87 келісімшарт жасақталған.

-Өткен жылдағыдай қатты жауын болмайды. Алайда ауа-райы құбылып, өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болмасын облыстың құтқарушылары мен техникалары даяр болғаны жөн. Қорыта айтсам, Маңғыстау облысы су басу кезеңіне дайын,-деп түйіндеді сөзін Р.Камалов.

Ханым ҚУАТ

Суреттерді түсірген автор