Еңбегімен елге танылып, қайырымдылығынан халқының қалаулысы атанған Сәуле Бердіханқызын өңірімізде танымайтындар кемде кем болар. Күндіз демей, түн демей, ерінбестен жұмыс істеп, екі күннің бірінде жаңа идеялар ойлап тауып жүретін оның жұмысы жеміссіз емес. Әйел-қыздар мерекесі қарсаңында Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Сәуле ЖАҚАЕВАМЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

Сәуле Бердіханқызынан осыдан жиырма жыл бұрын құрылған «Іскер әйелдер қауымдастығының» облыстық филиалы жұмысының бағытын сұрағанбыз.

— Біздің назарымызда ең алдымен ана мен бала мәселесі тұр. Бұл қашан да күн тәртібінен түспейтін проблема ғой. Ата-анасын ерекше қадірлеп, жетімін жылатпаған халқымыздың табиғи болмысы өзгеріп бара жатқаны жанға батады. Төсек тартып қалған қарт әке-шешесін баққысы келмейтіндер, керісінше, ауру баласынан тезірек құтылғысы келетіндер көбейіп барады өкінішке орай. Мұндайларды да көзіміз көріп отыр. Ал сәби шағынан төсекке таңылып немесе қатарластары құсап жүріп-тұра алмайтын мүгедек балалар қаншама. Жарымжан болған балапанына көз жасын жасыра қарайтын шарасыз ата-аналар қаншама… Міне, осындай жандарға мүмкіндігімізше қол ұшын бергіміз келеді.

 — Осынау жылдар ішінде қауымдастықтың ауқымы кеңіп, бірқатар қайырымдылық шараларын ұйымдастырғанын білеміз…

 — Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланған өткен жыл біз үшін қос мерекелі болды. 2016 жылы «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығына» 20 жыл толды. Ал біздің филиалымыз бүгінде үлкейіп, мүмкіндігі артты. Қазір бізде 200-ге жуық мүше бар, секцияларымыз да көбейді. Өткен жылға дейін тек Ақтау қаласын қамтысақ, қазір Бейнеу ауданынан басқа барлық аудан, селолардан филиалдар ашып, төрайымдарын сайладық. Облыс әкімі жанындағы  әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Бану Ғаниқызымен, комиссия хатшысы Сара Төлегенқызымен және аудан, қалалардағы осы комиссиялар төрағаларымен бірлесе отырып, әр ауданда барынша жұмыстар жүргізудеміз. Аудандардағы филиалдарымыз да жұмыстарын тез бастап кетті. Мысалы, кешегі жаңа жыл қарсаңында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық аясында Жаңаөзен қаласынан қайырымдылық шараларымызды бастап, мүжәлсіз отбасылардан 200 балаға үлкен шара өткізіп, сыйлықтар тараттық. Бұл шара барлық аудандарды қамтып, өңіріміздің іскер әйелдері барлығы 1000 балаға сыйлықтар тарту етіп, қуантты. Ал баланы қуантсаң, оның ата-анасы да қоса қуанбай ма? Жалпы, үйде қамалып отыруға мәжбүр болған балалар мен жағдайы төмен отбасыларға көмектесу—күнделікті атқарып жүрген ісіміз десем де болады, бірақ сол аз ғана жақсылықтарымызды тізбелеп, жарнамалап айта берудің жөні жоқ шығар. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыс көлемінде өтіп жатқан «Үміт бер!» акциясы туралы қысқаша айта кетейін. Қазақстан Тәуелсіздінің 25 жылдығы аясында өткен «25 мейірімді іс» республикалық акциясына үн қосу үшін басталған бұл шараға жергілікті әкімдер мен мәлихаттар депутаттары, кәсіпкерлер тартылды. Мұны ұйымдастырғандағы мақсат—мүгедек балалар арасынан өнерлі, таланттыларын тауып, оларға қолдау көрсету еді. Шүкір, ойымыз жүзеге асып келеді. Тәні жарымжан болғанымен, жаны нәзік, ойы дұрыс балалардың өнерлілері аз емес екен. Олар әдемі дауыстарымен тебіреніп тұрып ән салғанда, залдағылар көздеріне жас алмай тыңдай алмады. «Үміт бер!» фестивалі де Жаңаөзен қаласында бастау алды. Барлық аудандарда дерлік өткен бұл үлкен шарамызды биыл қорытындыламақпыз.

— Сәуле Бердіханқызы, сізді жерлестеріңіз Жаңаөзендегі сүт зауытының басшысы ретінде де жақсы таниды. Зауыт өнімі мақтануға тұрарлық, сапалы екендігі белгілі. Алда бүкіл еліміздің мерейін арттыратын шара—ЭКСПО-17 көрмесі келіп қалды. Оған қатысатын боларсыз?  Биылғы жоспарларыңызға тоқталып өтсеңіз.

— Әйел-аналар мейрамы қарсаңында өзімнің сайлаушыларым тұратын Жаңаөзенге қарасты Теңге ауылында арнайы шара өткізбекпіз. Сосынғы қолға алатынымыз, Құдай қаласа, наурыз мейрамында облыс орталығында «Үміт бер!» акциясының қорытынды фестивалін өткізу. Басқа да ірілі-ұсақты жоспарлар бар. Бұлардың орындалысын уақытында көрерміз. Ал еліміздің танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған ЭКСПО-2017 көрмесіне Маңғыстаудың сүт өнімдерін өндіріп отырған мен қалай қатыспаймын? Аманшылық болса, мамыр айының 15-кетеміз Астанаға. ЭКСПО-да  төрт орыным бар. Маңғыстаудың шұбатын, құрты мен балқаймағын, сүттен жасалған басқа да ұлттық тағам түрлерін апарамыз, маңғыстаулық ою-өрнектерімізді көрсетеміз. Бір сөзбен айтқанда, көрмеге қатысуға сақадай саймыз.   

— Мереке қарсаңында кездесіп қалған соң оқырмандарымызға бір ауыз тілек сұрайтын әдет бар ғой.

— Тілек демекші, менің өмір бойғы ең ізгі тілегім сол, аналарды ардақтау. Жылына бір келетін мереке тұсында емес, бүкіл адамзат ғұмырының ақырына дейін әйел-аналарды құрметтеуден жалықпауы тиіс. «Жәннат аналардың аяғының астында» деген хадистің өзі көп нәрсені аңғартпай ма? Ананың өмір жолы жеңіл емес. Баланы дүниеге әкелгеннен бастап көретін мехнаты көп. Өзімізді ешкімнен кем қылмауға тырысып, барын аузымызға тосып, аялап өсірген аналарымызды алақанымызға салуымыз керек. Әсіресе, олар қартайған шағында біздің көмегіміз қажеттірек болады. «Анаңды арқалап, Меккені жеті айналсаң да оның алдындағы қарызың өтелмейді» дегенді барлығымыз да білеміз және оны бір сәт естен шығаруға хақымыз жоқ. Ал, өзімнен кейінгі сіңлілеріме уақытты босқа өткізбеңдер дер едім. Елбасымыз дамыған 30 елдің қатарына ену міндетін қойып отыр. Бұл міндет орындалып жатса, баршамызға да жаман болмас. Ол үшін қыз-келіншектер үйіне де, өз басына да пайдасыз бос әңгімемен алтын уақыттарын өлтіріп алмай, кәсіпкерлікпен айналыссын, отбасына кіріс келтіретін шаруалар атқарсын. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін әйелдердің қолынан бәрі келеді. Тек ниет болса, болды. Және әйел ешқашан өзінің үйіндегі рөлін ұмытпауы керек. Оттың басында әйел әрдайым әйел, ана. Оны қастерлі ететін де осы екі ұғым. Қыздарымызды тәрбиелегенде де оның ертеңгі әйел, ана, әже екендігін санасына сіңіріп өсіру керек. Аналардың балаларының қызығын көруі үшін, балаларымыздың жарқын болашағы үшін еліміздің тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Жер бетінде болып жатқан қантөгістер мен жаһандық  дағдарыстардан аман болайық.    

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА