Аймақта алғаш рет Маңғыстау облыстық жергілікті медицина қызметкерлері кәсіподағының ұйытқы болуымен ақ халатты арулар арасында «Этно-медицина-2017 ханымы» байқауы өтті. Шара алғыс айту күніне және халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылды. Байқауға қатысушылар әр ұлттың салт-дәстүрін көрініс арқылы көрерменге таныстырып, өнері мен аспаздық шеберліктерін паш етті.

2-4

— Бұл-жәй ғана сұлулық байқауы ғана емес, елімізде өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлттардың салт-дәстүрін, ауызбіршілігін дәріптейтін шара. Өйткені Елбасымыз біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеткенімізді, ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келетінімізді жиі айтып отырады. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз да ел бірлігі болуы керектігін, осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге жұмыстануымыз қажеттігін әрбір Жолдауында шегелеп айтады. Сондықтан да бұл байқау-ел арасындағы бірлікті насихаттайтын шара. Байқаудың өтетіні жайында бір ай бұрын хабарладық. Байқау шарты бойынша 35 жасқа дейінгі жергілікті медицина қызметкерлері кәсіподағының белсенді мүшесі қатыса алады. Қатысуға 8 үміткер өтініш білдірді. Облыс орталығындағы медицина орталықтарынан бөлек Бейнеу және Жаңаөзен қаласынан келген қонақтарымыз да бар. Олар қазақ, өзбек, түркімен, үнді, корей, әзірбайжан, ұйғыр және сыған ұлттарының атынан қатысып, сол ұлттардың салт-дәстүрлерін көрсететін болады. Үміткерлердің өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалайды. Үздіктерге арнайы тағайындалған ақшалай сыйлықтарымыз да табысталатын болады. Мұндай форматтағы байқау өте қажет деп есептеймін. Көпшіліктің көңілінен шығып жатса, алдағы жылы да дәстүрлі түрде өткізіп тұратын боламыз,-дейді Маңғыстау облыстық жергілікті медицина қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлжиян Саимова.

Байқауға қатысып, бағын сынағандардың арасында Маңғыстау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының дәрігер-эпидемиологы Динара Нұрғалина да бар. Өнерлі ару байқауда сыған қызының образын сомдайды. Байқауға жауапкершілікпен қарап, ұзақ дайындалғанын, арнайы киім тіктіріп, сыған ұлтының тарихын да зерттегенін айтады. «Өнер көрсету» кезеңінде махаббатта жолы болмаған сыған аруының тағдырын әсем ән арқылы жеткізбек.

8-1

— Сыған ұлты кез-келген елде өмір сүре жүріп, сол мемлекеттің дінін, әдеп-ғұрыптарын тез қабылдай алатын, өз сырларын ешбір ұлт өкіліне айтпайтын жұмбақ халық. Сыған ұлты дегенде көз алдымызға пал ашып, болашағымызды болжап беретін көріпкелдігі келеді. Сонымен қатар әдемі әуендері мен билері де өзіндік ерекшелігімен санамызда жатталып қалған. Бүгінгі байқауда мен махабатта жолы болмаған, өз ғашығына қосыла алмаған сыған қызының тағдырын ән арқылы жеткіземін. Жалпы бұған дейін де бірнеше байқауларға қатысып жүрмін. Бұл жолы да жүлделі орыннан көрінемін деген сенімдемін,-дейді Динара Нұрғалина.

Қызықты өткен байқаудың нәтижесінде «Этно-медицина-2017 ханымы» аталымына түркімен ұлтын дәріптеген Зина Матжанова лайық деп танылса, «Вице Этно-медицина ханымы» аталымы әзірбайжан ұлтының атынан қатысқан Орынгүл Карібаеваға бұйырды. Сондай-ақ, «Көктем аруы» аталымын үнді қызы Жансая Гайнулинна, «Бәйшешек ару» аталымын өзбек қызы Кәмшат Марысова, «Күн аруы» аталымын қазақ қызы Перизат Капарова, «Әсемдік аруы» аталымын сыған қызы Динара Нұрғалина, «Ерекше ару» аталымын ұйғыр қызы Нәзира Шоңайбаева, «Стильді ару» аталымын корей қызы Меруерт Джакиева иеленді.

Венера МИРЛАН

4-2

3-4

9-1

5

6

7