Қай салада да өзіне тапсырылған міндетті тыңғылықты орындап, тіпті артығымен атқарып жатса да еңбегі көзге түсе бермейтін, яғни сахна артындағы мамандық иелері болады. Соның бірі — аудандағы мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып жүрген аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің нұсқаушысы Маржан Абдырахманова.

Маржанның бөлімде жұмыс жасағанына 4 жылға қарапты. Содан бері аудандағы мәдени бағыттағы әрбір басқосулардың өз деңгейінде өтуіне, көптің көңлінен шығуына күш-жігерін жұмсап жүр. Оған қоса  ол бір отбасының түтінін түтетіп отырған кенже келін, аяулы жар, ардақты ана. 2008-2012 жылдары  Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқыған. Негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Десе де бүгінде әдебиет әлемінен алған білімді мәдениет әлемінде сынап, саламен бірге жетілдіріп келеді.

— Анам мен 14 жасымда ерте өмірден озды. Бізді әкеміз жеткізіп, қатарға қосқандықтан менің болмысыма қарап, жоғары оқу орнына түсерде ұстаздық жолға бағыттаған еді. Әйткенмен оқуды бітіріп алған білімім бойынша жұмыс таба алмай бір жылдай үйде болдым. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Соңында жұмыспен қамту орталығы арқылы осы бөлімге жастар тәжірибесіне келдім. ҚР Мәдениет қайраткері, бөлімнің сол кездегі басшысы Балсұлу апамызға жұмысым ұнаған болуы керек, көп өтпей тұрақты жұмысқа қалдырды. Сол кезде өзіме тапсырылған міндеттерді орындауға қызығып кеткенім соншалық, әліге дейін басқа жұмыстарға ауысуға қимаймын. Болмаса мемлекеттік тестілеуден өтіп, бас маман болуым, өзге бөлімдерге ауысуым да мүмкін еді,-дейді М.Абдырахманова.

Айтуынша оның жұмыс жүктемесіне тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын қарау, бұзылуын болдырмау бойынша жасалатын жұмыстар да жатады. Бұлардың барлығы мен үшін қызықты, сондықтан қиын емес, деп өз ісіне берілгендігін сөз арасында аңғартып қалған Маржан осы жылдар ішінде аудан басшылығының екі рет Алғыс хатына ие болыпты.

Шахида ЖҰМАН