Димаш

Қытайдың Чанша қаласында өтіп жатқан атақты I am a Singer – 2017 байқауына өзіміздің Димаш Құдайберген де қатысып жатыр.
Қытайлар өзге ұлт есімдерін дыбыс­талуына байланысты, буын-буынға бөліп атайды. Сондықтан қытайлық көрер­мендер біздің ұлды Димаши (Di Ma Xi) атап кетті.
Өздеріңіз білетіндей, Димаш байқаудың бірінші кезеңінде әлемдегі ең қиын орындалатын француздың бес әнінің бірі SOS d’un terrien en detresse әнін орындап, сол кезеңнің жеңімпазы атанды. Ал екінші кезеңде Витастың әйгілі
«Опера – 2» әнін Витастан 4 модуляция, 2 тон жоғары орындап, тағы да жеңіске жетті. Бүгінше Димаштың жанкүйерлері екіге бөлініп алды. Біреулері оның сирек кездесетін вокалдық талантына таңдай қақса, енді бір тобы Димаштың түр-әлпетіне өлердей ғашық. Қазақстандық әншінің стилі көрші мемлекетте бірден танымал болып кетті. Тіпті Димаштың екі кезеңде кигеніне ұқсас киімдерді жастар таласып сатып алып жатыр.

I am a Singer қандай байқау?

Негізінде, Қытайда өтіп жатқан I am a Singer байқауы – Кореяның дәл осылай аталатын реалити-шоуының көшірмесі. Хунан телеарнасының арнайы бағдар­ламасы. 2013 жылдан бері жылына бір рет ұйымдастырылады. Ән байқауының биыл бесінші маусымы өтіп жатыр. Алғашқы үшеуінде бірінші орынды қытайдың атақты әншілері алса, 2016 жылы америкалық Коко Лии жеңімпаз атанды.
Байқау ережесі бойынша 7 қатысу­шының қатарына бір ғана шетелдік әнші қосылады, биыл ол мүмкіндік біздің Димашқа бұйырды.
Байқау кезеңдері бір жылда бірнеше жерде өткізіле береді. Осы уақытқа дейін Қытайдың өз ішінде және Тайвань, Гонконг, Малайзияда шоу кезеңдері өткізіліп отырған. Ылғи да қаңтар айында басталып, сәуір айында аяқталады.
Екі миллиардтан астам көрермені бар атақты азиялық байқаудың талабы қиын. Себебі, бұл байқауда өз елінде өте танымал және халықаралық атақты ән байқау­ларының жеңімпаздары ғана бақ сынай алады.

Байқау шарттары қандай?

димаш9

Байқаудың шарты бойынша алдын ала сайдың тасындай іріктелген 7 талантты әнші арнайы аудитория үшін ән шырқайды. Журналист Ертай Нүсіпжанов бір сұхбатында:«Бұл конкурстың
мақсаты – таланттарды таныту емес, керісінше, халық алдында талай жылдан бері өнерін көрсетіп жүрген ең танымал жұлдыздар арасындағы бәсеке» деді. Ерекше атап өту керек, Димаштың осы тележобаға қатысуына себепкер болған осы Ертай Нүсіпжанов.
Байқау шарты бойынша, қатысушы әр әншінің Хунан телеарнасы тағайындаған жеке агенті бар. Қытайда танылған әнші Арай Айдархан екі тілде еркін сөй­легендіктен, ол Димашқа агент болып жатыр. Қатысушыларға ұйымдастырушы тарап өздері шақырту жібереді. Жоба шарты жылда өзгеріп отырады.Оны әр кезең басталарда ғана ресми хабарлайды. Әр айналымның жеңімпазын залға жиналған 20-60 жас аралығындағы 500 көрермен анықтайды. Олар келесі айналымға қатыспайды. Бір адамның үш әншіге дауыс беруге құқы бар. Әр айналымдағы ұпай саны ең аз қатысушы жобамен қоштасып, орнына жаңа бір әнші келеді. Оған алдыңғы үштіктен көріну сияқты үлкен талап қойылады. Ол үдеден шықпаса, оның орнын тағы бір әнші толықтырады. Әр маусымның шарттарын да, жүлдесін де ұйым­дастырушы тарап құпия ұстайды. Басты талап – әнші көрерменнің жүрегін жаулауы. Әр жолы әр қырынан, жаңа стильде, басқа жанрда көрінуі керек. Сол себепті басы-аяғы 14 айналымнан тұратын жоба соңында мүлдем басқа әншілермен жаңарып, жеңімпаз атануы әбден мүмкін. I am a Singer байқауына сайыстың басынан бастап қатысып, Димаш үшін бұл ұзақ музыкалық марафон болмақ.


[quote font=»verdana» arrow=»yes»]Ние Син Юань, музыкалық сарапшы:
– Өзара пікір алмасуымызда Димаштың музыкадағы шеберлігін байқадық. Меніңше, өз кәсібін белгілі деңгейге жеткізген. Тек осындай жандар ғана жетістікке жетеді. Жас әншілердің арасында музыка жазу, музыканы осынша биік деңгейге жеткізу жиі кездесе бермейді. Сонымен қатар ол бірнеше елдерге іссапармен барып, ән байқауларында жүлделерге ие болған. Демек, Димаштың музыканы мықты меңгергені дәлелденген.[/quote]



Қытай медиасы Димаш жайында

Димаш жайында Қытай сайттары жарыса жазып жатыр екен. Ресми мәлімет бойынша, 5 маусым басталған күні көрші елдің weibo желісіндегі іздеу функциясына ең көп терілген сөз «Димаш» болыпты. Сайыстың алғашқы күні-ақ 400 мыңнан артық адам іздеу салған. Димаштың бала кезінен бастап айтқан әндері, түрлі ән байқауларына қатысқандығы, түрлі бағдарламаларда қонақ болғаны туралы видеолар қаптап кеткен.Қазақ әншісінің қытайлық жанкүйерлері «қазір қазақ тілін үйренсем, үлгеремін бе?» деген постты жиі жазып жатыр. Өйткені олар Димаштың ана тіліндегі әндерінің мағынасын түсінгісі келеді.
Xiaoxiang Morning News газетінің тілшісі Чен Цан rednet.cn сайтында көрер­мен бірінші болып Сэнди я Тан Цзин шығатын шығар деп күткен дейді. «Бірақ ойламаған жерден қара түсті тұлпардай Димаши шықты. Ән салды. Бәрі аузын ашып тыңдады. Ән айтып болған соң залдағылар бір-бірінен «бұл кім? Бұл кім?» деп сұрады. Сонда біраз қыздар «бұл – менің күйеуім» деп айқайлап, тала­сып жатты» деп жазады Чен Цан.
Димаштың алғашқы өнер көр­сетуінен кейін Қытайдағы твиттер сияқты әлеуметтік желіде (weibo) жиі талқыланатын жаңалықтардың біріне айналды. «Бірінші кезеңнен соң Димаштың Weibo-дағы фа­наттарының саны бірден 360 мыңға жетті» дейді тілші. Оның бір фал­лоуері «Димаштың басында 3 мың ғана фанаты болған, бірақ бір кештің ішінде фанаттардың саны осыншама өсуі таңғаларлық нәрсе» деп жазады. Ал қазір олардың саны 2 млн-ға жуықтады.Дегенмен Чен Цанның айтуынша, Димаштың жанкүйерлері оның сайыстағы ары қарай қалай жалғастыратынына алаң­даулы. Әрине, қазір ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Болжау қиын. Жан­күйерлерінің ойынша, оған қытай тілін жақсылап меңгеру қажет. Өйткені олардың байқауынша, бірінші кезеңде Димаш басқа қонақтармен, қатысу­шылармен өте аз сөйлесті.
«Қытай тілін білмеуі байқауды толық­тай сезінуіне кедергі келтіреді. Қытай нарығына кірем десең, тіл білу қажет. Әйтпесе қатысушылар арасында белсен­ділік таныта алмайсың және басқаға бағынышты боласың. Димаш қазір қытай тілін үйреніп жатыр. Алдағы сайыстарда қытайша ән айтуы да мүмкін» деп жазады журналист. Газет сайтының бір оқырманы Димаш туралы былай пікір білдіріпті:
«Мен оның әртүрлі стильдегі әндерді шырқа­ғанын көргім келеді. Оның ән салғаны шынымен де керемет, дауысы таңғалар­лық. Бірақ бір стильде айта берсе көп ұзамай жалықтыруы мүмкін. Сондықтан оның орындауындағы түрлі әндерді күтемін».

«Оның көзі маралдың көзіндей…»

ba4d0f0ea235e68ac2682b0260f0b21a_L

«Димаш қай елдің баласы?» деген та­қырыпта Manmankan.com сайты Димаштың ата-анасы, өскен ортасы, ұлты мен бой-салмағына дейін тәпіштеп жазыпты. Мақала «Сен отсың, Димаш» деген тақырыпшадан басталады. Қы­тай­лар Димаштың бойын біресе 190 см-ден биік десе, енді бірде 175 см деп жазады. Дұрысы соңғысы. Сонымен қатар мұнда Дима­шымыздың бет-әлпеті қытай аудиториясы эстетикасына сай келетінін және осы байқаудан соң жанкүйер­лері өзі ойлағаннан да көбейе­тінін айтады.
«Оның көзі маралдың көзіндей үлкен, пәктіктің белгісіндей әдемі. Ал ғажайып дауысымен поп-вокалды да, опералық әнді де еркін алмастыра алады. Оған сахнада шоу жасау оп-оңай» деген жолдарды да оқыдық. Димаштың дауысын алтын дауысқа балап, «қазақ халқы дауысының ұлт­тық қазынасы» деп мойындайды. Мақаланың соңында Димаштың 5-6 жасында «Айналайынға» қатысқанынан бастап «Мен әншімін – 2017» байқауында қандай жүлдеге ие болғанын, қандай ән айтқанын тәптіштеп жазып шығыпты.

Түйін:

Байқау 14 айналымнан тұрып, әншілер түрлі жанр мен түрлі стильде ән шырқайды. Демек, жақында бүкіл Қытай халқы байқаудың ең жас қатысушысы Димаш Құдайбергеннің орындауында әуелеген қазақ әнін де тыңдайтыны анық. Біздің ұғымдағы жұлдыз қытайларша «шолпан». Ендеше, шолпаның жарқырасын, Димаш!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Aikyn.kz